ТЕКТІЛІК ФЕНОМЕНІ – ҚАЗАҚТЫҢ ТЕҢДЕСІ ЖОҚ ДАНАЛЫҚ МЕКТЕБІ (II бөлім)
ТЕКТІЛІК ФЕНОМЕНІ – ҚАЗАҚТЫҢ ТЕҢДЕСІ ЖОҚ ДАНАЛЫҚ МЕКТЕБІ (II бөлім)
10.06.2019 19:40
418
0

II бөлім

Кезінде қазақ еріккеннен құда түспеген. Тіпті балалар дүниеге келмей жатып-ақ атастыру рәсімі болатын. Тектілік феноменін терең түсіну үшін құдалық институтының әлеуметтік мәніне зор көңіл бөлу керек. Қазақ қалыңдық таңдағанда бойжеткеннің ажары мен шырайына қарап шешім қабылдамаған, ұрпақ жалғастырушы әйелдің көргенді, өнегелі, биязы, тәрбиелі болуын қалаған. Тарихи айғақ-деректерге ден қойғанда, тегі асылдың тұқымына таласатын жағдайлардың болғаны байқалады. Бұдан, дәстүрлі қазақ қоғамында қалыптасқан қалың мал институтының сыры ашыла түседі.

Бұрындары ұлына қызды үлкендер жағы өздері таңдаған. Алты қырдың астындағы ауылда «Бәленбай деген кісінің үйінде қыз өсіп келеді. Елден бұрын құда түсіп, сырға салып еншіліп қояйық» деп бекерге қам-қарекет етпесе керек. «Қымызды кім ішпейді, қызды кім айттырмайды» деген қызыл көрсе қызыққан көңілмен емес, тегі жақсы елден қыз алып, тамырын тереңге салып, өмірінің жалғасы өзінің арнасы болатын ұрпағын ойлағандықтан осындай қадам жасаған. Екіншіден, «Бай – байға, сай сайға құядының» керін келтіріп, малының көптігі мен тасыған байлығына емес, бабасының бабасынан жалғасып келе жатқае тегінің тазалығына көңіл бөлген.

Әлбетте, ондай ауылдың қызына сөз салу үшін өзінің де ата-тегінің осал болмағаны ескеріліп жататыны айтпаса да түсінікті. Сондай тегі таза, тамыры мықты елден тараған небір баһадүр батырлар, адуын ақындар осынау ұшы-қиыры шексіз ұлан - ғайыр даланы жаудан қорғап, дауға бермей біздерге аманат етті. Осыдан-ақ құдалықтың қадір қасиетін арттыруда тектің алар орын қандай дәрежеде екенін аңғаруға болады.

Бұл игі дәстүр қазір де жалғасуда. Бірақ баяғы бабалардан қалған сара жолдың сарқыншағы ғана іспетті. Бүгінгі таңда баланы ата-анасы емес, екі жастың ортасындағы махаббат қосады.«Үйленгенше жаным дейтін, үйленге соң жанын жейтін» көріністер де қазіргі жалаң махаббат, жалған сөзімнің нәтижесіде орын алуда. Әрине өздері қосылған екі жастың барлығы да баянсыз ғұмыр кешіп жатыр деуден аулақпыз. Дегенмен дәл қазіргі таңда басқа-басқа қазақ жастарының ішінде бүгін сүйіп қосылып, ажырасып жатқандардың саны күннен-күнге артып келеді. Жоғардыға мысалға алғандай аталарымыздың тегін сақтап, теңін табу жолымен жүрсек, әлдеқайда жақсы болар ма еді?

Егер жігіт текті тұқымның тұяғы болып, оның болашақ жары да аталы жерден болса, онда мұны «інжуге орнатылған лағыл» деп бағамдаған. Ал, ат байлайтын жері көңілдегідей болмаса, келіннің құрсағында өсетін ұрпақты «құмға сіңген су», «сорға сепкен дән» деп түсіну тек қазаққа ғана тән түсінік. Сондай-ақ, қазақ тіліндегі «көріп алған көріктіден, көрмей алған текті артық», «қатын алма қайын ал», «алып анадан туады», «нағашысы жаманның жиені оңбас», «анасын көріп, қызын ал», «анасын сүйгеннің баласын сүй», «шешеге қарап қыз өсер», «ана көрген тон пішер», т.б. деп келетін тұрақты тіркестерде терең мағына жатыр.

Ақтамберді жырау айтқандайЕлден елді аралап, Тектіден текті саралап, Беглердің қызын айттырсам, Нұсқасын байқап шамалап. Сынға толса сияғы, Әлбеті шамның шырағы, Мұхиттан сүзіп шығарған Қымбатты гауһар бағасы. Жүз нарға кілем жаптырып, Қазақтан сәнін арттырып, Ұзатып алсам сәнменен Көңілімді хош таптырып. Бала берсе тезінен, Пірлердің бітсе демінен, Шілтеннің тиіп шылауы Артылып туса өзімнен!  Ақтамберді тек «Мұхиттан сүзіп шығарған қымбатты гауһардай» қызды айттыруды ғана емес, оның болашақ нәтижесін де тамаша жеткізіп отыр. «Бала берсе тезінен,  Пірлердің бітсе демінен» дейді. Бұдан артық не деуге болады ?!

 Осындай ниет, есептің арқасында ғана өзіңнен артылып текті азамат дүниеге келеді. Тектіні біз асыл тұқымды десек те болады. Қазақта текті ұрпақ өсіру тәжірибесі ХХ ғасырдың басына дейін сақталды. Өкінішке орай, тектілерді баудай түсірген алапат азапты жылдардан кейін кейін бұл мәселені өз бетімен жібердік, мұхиттағы ескексіз қайықтай қай жағалауға тоқтайтынымызды, кімнің қолына түсетінімізді білмейміз. Беті жылтыры текті болады ма ? «Болғанда ақыл бөлек, ажар бөлек, не пайда тым әдемі болғаныңмен» демеуші ме еді ?! Небір қабылетті балалар тіс қаққан жеңілтек қыздардың қолына түсіп, тектің көзі бар қыздар жүргіш жігіттерге жем болып жатады. 

Тектілікті Ақтамбердідей «мұхиттың түбінен шыққан гәухар» деп бағалайтын уақытымыз келді. «Көріп алған сұлудан, көрмей алған текті артық» дейтін қазақ түсінігі қайта жаңғыруы керек. Сөздің қысқасы, мыңның біріне ұя салатын тектілік құбылыстың тәрбиеге көнбейтінін, ол атаның қаны, ананың сүтімен дарып, сүйекке бітетін асыл қасиет екенін қазақ халқы алыстан, аңғарды.

Текті-де терең тамырлы бай тарихы бар қазақ халқы қашанда асылы мен жасығын, жаманы мен жақсысын парықтауға айрықша мән беріп, тектілік қасиетті ерекше классикалық биік-деңгейге көтерді. Тектің һәм ұрпақтың тағдыры — ұлттың тағдыры. Ата қазақ келешек ұрпағының кемел болуы үшін өзіне талапты биік қойған. Зерделі, тапқыр, жігерлі, қайратты, ақылды, білімді, т.б. болып өсуді ер жігіттің басындағы асыл қасиеттерге теңеген. Қазақта біреудің баласы жақсы өнегелі азамат болып өссе: «Оның әкесі жақсы кісі еді, өнегелі жерден шыққан ғой», — дейді.

Сондықтан табиғи дарынды әлеуетті күш қашанда мемлекет үшін баға жетпес ұлттық құндылық. Халықтың көшін бастайтын ел ұстарлары мен игі-жақсылары жоғалса, ұлт та ұнжырғасы түсіп, тұлғасыз-тұлдыр ұлтқа айналады. Тамырынан айырылған теректей текті ұлдарынан айырылған ұлттың ұшпаққа шыға алмасы, ақиқат. Қалың тобыр арасынан дара көрінетін текті тұлға — бір қап арпа ішіндегі жалғыз бидай секілді айшықталып тұрады.  «Көп қарға тең келмейді бір сұңқарға,  Көп жылқы тең келмейді бір тұлпарға. Жақсының әрқашанда жөні бөлек, Жаман адам жарамас бір қымтарға» немесе «Жабы жүйрік болмайды байлағанмен,  Жасық болат болмайды қайрағанмен» деп Ж.Жабаев шалқыса, ұлы ойшыл Абай Құнанбаев жеке тұлғаның қалыптасуы барысында оның өскен ортасы мен алған тәрбиесіненде бұрын, оның қанындағы, тегіндегі қасиеттердің басымдыққа ие болатынына ерекше тоқталған. Абай сынды алып ой иесінің тамыры тобықтының ішіндегі шынжыр балақ, шұбар төс тұқым екеніне-де кезінде көп көңіл бөлінбегені рас. Әкесінің: «Әй, Абай! Мақтағыш болсаң, алдымен мені — Құнанбайды мақта! Өзімнен асырып мен сені тудырдым. Ал, сен мықты болсаң, өзіңнен асырып ұл тудыр. Содан кейін мақтанарсың, шырағым», — деп ширыға тіл қатуында ұлт танымындағы тек туралы түсініктің терең мағынасы жатыр.

 Сайып келгенде, ұлттың тектік қорын (генофондын) күшейту мақсатында жеті атаны сақтау, құдандалы болу, атастыру, қалың мал, полигамия (көп әйел алу), әмеңгерлік, т.с.с. ата дәстүрлерді сары майдай сақтап, шынжырлы-текті тұқымдардың тамырын үзіп алмай, ұрпақтарға сабақтастыруда бай тәжірибе жинақтады. Дәстүрлі қазақ қоғамында қалыптасқан некелік-отбасылық қатынастың негізгі өзегі бозбала мен бойжеткеннің арасындағы тамыры жоқ арзан сезім емес, жарық дүниеге, ақыл-ойы зерек, дені сау, аяқ-қолы балғадай текті ұрпақ әкелу философиясымен байланысып жатыр. Өйткені қай кезде-де ұрпақтың денсаулығы мен зердесі мемлекеттің ең үлкен қазынасы екені сөзсіз.

Қазақ әйелдері туралы сөз болғанда, ең алдымен лиро-эпостық жырлардағы аруларымыз ойға оралады. Құртқа мен Жібек, Айман мен Шолпан, Ақжүніс пен Назым, Баршын мен Баян образдары — қазақ әйеліне тән, ақыл-парасат пен көргенділіктің, сұлулық пен нәзіктіктің, тапқырлық пен айлакерліктің, адалдық пен тұрақтылықтың символы. Қазақ аруларының галереясы мұнымен шектелмейді. Сақ көсемдері Тұмар мен Зарина ханшалар, Домалақ ана, Айша-бибі, Әбілқайырдың бара бәйбішесі Бопай ханша мен Кенесарының қарындасы Бопай ханша, Нұралы ханның қызы Тойғара сұлу, Кенесарының бәйбішесі Күнімжан ханша, Абайдың әжесі Зере мен анасы Ұлжан, Шоқанның әжесі Айғаным, Арынғазы ханның жары Жақсы ханым, т.б. жалғаса береді. Зерттеуші Р.Әлмұханова былай дейді: «Ел қорғайтын үлкен мақсаттың адамы қатардағы жай қызды алмайды, оған о баста текті қыз бұйырылған. Шындығында, фолъклорлық шығармаларда бас кейіпкерлердің жары не ханның қызы, не байдың қызы болуы ойландыруы керек. Таптық сананың өзіндік ықпалы болғанымен, мұндай сарынның сақталуы текті жерден қыз алуды білдіреді. Жырлардағы: „Қаныкейдей көріктіні, Тінікейдей тектіні ал“ деген фолъклорлық қаңқаның тым терең тарих қойнауынан тамыр тартатыны осылайша белгілі болады» 11*(Әлмұханова Р. «Алпамыс батыр» жырындағы тектілік мәселесі //Ана тілі.2010,21-тамыз).

  • Жал, құйрығы қаба деп, Жабыдан айғыр салмаңыз! Қалың малы арзан деп, Жаман қатын алмаңыз! Жабыдан айғыр салсаңыз, Жауға мінер ат тумас. Жаман қатын алсаңыз, Топқа кірер ұл тумас…немесе Ай, Абылай, Абылай, Қатын алма қарадан, Қара тумас сарадан. Қатын алсаң қарадан, Алды кетпес баладан, Арты кетпес жаладан(Бұқар жырау).
  • Атайы жұртқа қол артып, Асылдан ару таңдап алмаған. Атасы мұның малды деп, Қызының беті қанды деп, Қарадан сұлу таңдаған. Күндердің күні болғанда, Олардан асыл болмаған(Байтоқ жырау).12*(Ай, заман-ай, заман-ай… (Бес ғасыр жырлайды). 2 томдық (Құрастырушы М.Мағауин, М.Байділдаев). — Алматы, 1991. — Т. 1.44,91,24,63–64,90, 100-б.,Тәжімұратов М. Шәңгерей. А., 1998.83-б.).

Ата-бабаларымыз дәл қазіргідей ДНК-ны толық зерттемесе-де, жақын адамдардың отбасылы болуынан сан алуан дерттің етек алатынын жетік білген. Тұқымқуалаушылықтың заңдары тұрғысынан алғанда туыс адамдардың некелесуі дұрыс емес. Бүгінде сирек кездесетін сырқаттар негізінен генетикалық аурулар екендігі анықталып, медициналық тілмен айтқанда орфандық аурулар проблемасын дәрігерлер соңғы жылдары дабыл қағып көтере бастады. Әсіресе, мутацияға ұшыраған нәрестелер санының көбеюі қоғамды алаңдатып отыр. Дамыған елдерде адамның тұқым қуалайтын 50–55 түрлі ауруларына тест жасайтын генетикалық консультациялардың жұмыс істеуінің өзі көп нәрсені, аңғартады.

«Балама әйелді өзім таңдап алып беремін. Байдың байлығына қызықпаймын, бидің билігіне қызықпаймын, асыл пышақ қап түбінде жатпайды, деген. Келінім ақылды болса, ұлымның елге даңқы кетеді. Би түскендей үй болу әйелден. Әйелі жақсы болмай ер оңбайды. Ердің бақытын кетіретін де әйел, ерге бақыт әперетін де әйел». Осындай ой құшағында жүрген Төле биді Түркімен еліне билік айтуға шақырады. Аттары болдырып, шөлдеп-шөліркеп келе жатқан жолаушылардың алдынан бір топ атты қыз-келіншек көрінеді. Ол топтың ішінде Данагүл дейтін кедейдің қызы да бар еді. ─ Әй, қыздар, тоқтаңыздар, аттарыңыздың басын тартыңыздар. Жоғарыдан бір қатар аттылар келе жатыр, алдынан кесе-көлденең өтпейік, арасында ер бастаған батыр бар шығар, сол ерге ақыл айтқан ақсақалы бар шығар, батасын алып, алғысына бөленейік. Атты кісілер алдымыздан кесіп өтсін. Сонан соң жүрсек те ауылымызға жетерміз, – дейді Данагүл. Төле би мұны алыстан көріп, қыздарды шақыртады. Данагүлдің бұйрығымен қыздар аттан түсіп, жаяу келіп сәлем береді. Данагүлді сөзге тартып, даналығын байқаған Төле би құда түсіп, өзіне келін еткен екен.

Осы тектес оқиға Омардың (оған Алла разы болсын) мұсылмандарға әмірші болып тұрған шағында да орын алған. Ол түн ішінде серігімен бірге Медине көшелерін аралауға шығады. Бір үйдің қабырғасына сүйеніп тұрғанда ар жақтағы анасы мен қызының әңгімесі естіледі. Анасы: «Қызым, анау тұрған сүтке су қосып, таңертең сатуға шықсаңшы» деді. Сонда қыз: «Омар бізге сүтке су қосуға тыйым салды емес пе?» дегенде анасы: «Сені Омар көріп тұр деймісің?» деп жекиді. Қыз: «Омар көрмесе де, Алла көріп тұр ғой» деп жауап береді. Мұны естіген Омар үйіне қайтып, ертесіне ұлы Асимге айттырып келеді. Әлгі иманды әйел дүниеге қыз баласын әкеледі. Ол қыз бойжетіп заманында халифа болған Абдул Мәлик ибн Мәруанға тұрмысқа шығып, олардан Абдулазиз деген салихалы кісі дүниеге келді. Ал Абдулазиздың баласы Омар бесінші ізгі халифа атанған салихалы тұлғаға айналды.

 Абай атамыздың мына бір өлең жолдары жар таңдаудың тамаша формуласы бола алады:«Жасаулы деп, малды деп байдан алма,  Кедей қызы арзан деп құмарланба.  Ары бар, ақылы бар, ұяты бар Ата-ананың қызынан ғапыл қалма».

Алайда, бізден бұрын өмір сүрген және ең жақсы жар бола білген ізгілер жар таңдаудың әдістерін, қағидаларын, маңызын жан-жақты айтып кеткен. Жаңалық ашудың қажеті жоқ. Әсіресе, күллі тіршіліктің Иесі болған Алланың көкейіне құйғанын ғана сөйлейтін Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өсиеттері әр адамға дұрыс бағдаршам болмақ. Егер адам баласы сол салихалы салтымызға сіңген, имандылыққа құрылған қайталанбас қағидалар бойынша жүрсе, онда үйлену аса түсіністікпен, сүйіспеншілікпен орындалар еді. Нәтижесінде, олардан дүниеге келетін ұл-қыздар иманды, көркем мінезді, ибалы болмақ.

Ердің әйел таңдауына қатысты, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)«Әйелге төрт нәрсесі үшін үйленеді: байлығы үшін, тегі үшін, сұлулығы үшін және діні үшін. Сен діндарды (иманына қарап) ұнат. Алла қолыңды кеңітеді. (Яғни, әйел иманды болса үйге берекет кіреді»,- деп өсиет етеді (Бұхари, Муслим, Насаи, Ибн Мәжәһ). Иманды жар – тәрбиелі ұрпақ мәйегі, еркектің иманының жартысы, жанының тыныштығы мен тынымы, көзінің қуанышы.

Осылайша жар таңдау кезінде дініміз әйел затына ердің иманының беріктігіне және мінезінің көркемдігіне назар аударуды өсиет етеді. Өйткені, Алладан қорыққан ер әйелді Алланың аманаты деп біліп, қиянат жасаудан сақтанады. Сондай жігіт қана отбасын асырау, ерлі-зайыптылық хақтарын орындау, балаларын тәрбиелеу, намысты қорғау, үйді қажетті нәрселермен қамтамасыз етудегі міндеттерін толық орындайды, құлшылығына көмектеседі. Алладан жақсы жар кездестіруді сұраған жігіт (қыз) өзін (мінезін, түсінігін, ниетін, білімін т.б) жақсартуы қажет. Себебі, Алла –Әділ. «Сұм әйелдер сұм ерлерге, сұм ерлер сұм әйелдерге, ізгі әйелдер ізгі ерлерге, ізгі ерлер ізгі әйелдерге лайық». 13* («Нұр» сүресі, 26-аят).

Мәселен, бүгінгі таңда ерекше назар аударарлық нәрсе, АҚШ және Батыс Еуропаның онға жуық мемлекеті заңдастырып үлгерген бір жыныстылардың некесі, киеңкілер мен қызтекелер деген сорақылықты және өзге-де ұлттық ділімізге жат көріністерді мамандар түптеп келгенде қан тазалығын сақтамаудың салдарымен байланыстырып жүр.

Мысалы, көне заман өркениетінің ошағы әйгілі Мысыр елінде б.д.д. 59 жылы ХІ Птолемей перғауын бақилық болғаннан кейін тақ мұрагерлігіне 16 жасар қызы Клеопатра мен 13 жасар ұлы Птолемей қалған еді. Осы елдің Птолемей перғауындар әулетінің соңғы патшайымы, әлем тарихындағы белгілі тұлғалардың бірі Клеопатра сол замандағы Мысыр ғұрпына орай, өзінің туған інісіне тұрмысқа шыққаны белгілі. Жалпы бұл әулеттің жер бетінен жоқ болып кетуіне ғалымдардың айтуынша, туыс адамдардың қан араласуы бірден-бір себеп болған. Осыған ұқсас тағы бір мысал. 1917 жылы тақтан құлатылған Ресей патшасы ІІ Николайдың баласы гемофилия (қан тоқтамайтын ауру) сырқатымен ауырып, соны гипноз арқылы емдеп жазған Григорий Распутин патша сарайында үлкен беделге ие болған. Тарихшылар баланың мұндай ауруға душар болу себебін, ақсүйек әулет Романовтардың өзара қыз алыса бергендігімен байланыстырады. Адам түгілі текті жануарлар өз қанына ешқашан шаппайтынын білген дана халқымыз мұндайға барғандарды «жатынына шапқан жаман айғырға» теңеген. Генофондтағы тағы бір түйткілге мамандар алаңдауда. Еуропа елдерінде тұқымның тексізденіп бара жатқанын байқаған генетик ғалымдар үш атадан үзілмей аралас некеден туған ұрпақтың белсіздікке ұшырайтынын анықтауда. Мұның сырын зерттеушілер — белсіз еркектер өздерінің қай ұлтқа жататындығын білмегендігімен байланыстырады.

 Бұл биология ғылымындағы жылқы мен есектің буданынан қашырдың дүниеге келетінін, қашырдан кейін еш ұрпақ болмайтынын еске түсіреді.

Түйіп айтқанда, қандас жақын адамдардың қойындасуы мен аралас неке еуропалықтарды тұйыққа тіреуде. Соңғысы қазіргі қазақ қоғамы үшін-де өте өзекті мәселеге айнала бастады. Өйткені жатжұрттықтардың етегінен ұстаған кәсіби білікті, көп тілді, көрікті қаракөздеріміздің саны жылдан-жылға өсуде. Сайып келгенде, әлемдік жаһандану бізге-де ауыз салып, аралас неке қоғамға сыналай енуде. Мұндайда «жақсыны жатқа жібермеген» бабалар ұстанымын еске түседі. Сөзімізді тұжырсақ, қазақтың бекерден-бекерге жеті атаны сұрамайтындығы, мұның шын мәнінде генетикалық қорғаныс екендігі тиянақталады.

Өмірлік жолдасын жақсылығы, көркем мінезділігі, тегі мәртебелі болған, абыройлы, тамырын терең жайған отбасынан таңдау. Өйткені, адамдардың да кен қазбалары сияқты ұлықтығы мен төмендігі, жақсылығы мен жамандығы әр түрлі болады. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір сөзінде: «Сіздер көңдегі жасыл шөптен сақ болыңыздар» деді. Адамдар одан: «Я, Алланың Елшісі, көңдегі жасыл шөп не?» деп сұрады. Сонда ол: «Жаман жерде (отбасында) өскен сұлу қыз (әйел)» деп жауап берген. Басқа хадистерде:  «Ұрықтарыңызға орынды таңдаңыздар. Себебі, әйелдер аға-інісіне, әпке-сіңлісіне ұқсайтындарды туады»), «Тегі жақсы әйелге үйленіңіздер. Өйткені, тектігі текке өтеді» делінген. Осы негізге сүйене отырып, Осман ибн Әби әл-Ас әс-Сақафи өз балаларына текті жерден таңдауға, жаманынан сақтануға кеңес бере отырып: «Ей, балаларым! Үйленіп жатқан адам, бейне бір ағаш отырғызып жатқан адам тәрізді. Сондықтан әркім ағашын қайда отырғызатынына мән берсін. Нашар тұқымның жақсыны дүниеге келтіруі сирек кездеседі. Олай болса, біраз уақыт өтсе де, таңдаңдар» деген.

 Адамдардың ең абзалы болған Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланның игілігі мен сәлемі болсын) үндеген бұл таңдау ғылыми шындықтан, тәрбиелік мәні бар теориялардан тұрады. Өйткені, қазіргі тұқым қуалау ілімі жас сәбидің туылғанынан бастап әке-шешесінің мінез-құлқындағы, дене-бітіміндегі, ақыл-ойындағы сипаттарды алатынын анықтады. Сондықтан әйел немесе еркек тегіне, құрмет-беделіне, жақсылығына қарай таңдалса, балалардың түзу, жақсы күйде өсетіні даусыз. Сондай-ақ бала өмірінде жақсы тұқым қуалау мен лайықты тәрбие астасып жатса, ол көркем мінез-құлықты, тақуалы, үлгі-өнеге боларлықтай биязы мінезді, діндар болып жетіледі.

Тектінің қарамен некелесуінен сақтанған қазақ мырзаның күңіне абайсызда аяқ салуынан өсетін ұрпақтың қасиетті болатынына күмәнмен қарап, тұқым тексізденеді деп санаған. Пайғамбарымыз (Оған алланың игілігі мен сәлемі болсын) Жебірейілден (Оған Алла разы болсын) қиямет сағаты жөнінде сұрағанында ол: «Күң өз қожайынын туады, бұл қияметтің белгісі» деген. Бұл хадисті тәпсірлеушілер, «қияметке жақындағанда ертеде күңнен туғандардың ұрпағы ел басқарар патша дәрежесіне дейін көтеріледі, ал аналары сол патшалардың қол астында болады», -дейді. Бұл хадистен біз «тәніне емес, тегіне қарап, денесіне емес дініне қарап үйлен!»-деген өсиетті ұғамыз.

 Адалдық пен тазалыққа қылау түсірмеген саф алтындай мөлдірліктің астарында тектілік жатыр. Ит тиген арам аста еш қадір болмайтындығын саралаған қазақ халқы «ұлтыңды сақтаймын десең — қызыңды тәрбиеле, руыңды сақтаймын десең — ұлыңды тәрбиеле» деген сөзді бекер айтпаған. Мұның бәрі жарық дүниеге жақұт қасиетті жоғалтпаған асылдың сынығындай текті ұрпақ әкелу мақсатымен байланысып жатыр. Жоғарыда келтірілген деректер мен дәйектерден ата-бабаларымыздың өз ұрпағының текті-де мықты болуын, аңсағандығын ұға түскендейміз. Шынында да ұлан-ғайыр даланы ұстап қалатын кейінгі толқын осал болмауға тиісті. Қай кезде-де тектілік қазақ үшін аяулы, қастерлі ұғым және осы бір ұлы қасиеттің табиғатын терең танып-білу тынымсыз, ұзақ ізденістерді қажет етеді.

Түйіп айтсақ, жеті ата, құда түсу, қалың мал, әмеңгерлік, полигамия институтының астарында тектілік феномені жатыр. Тектілік ғасырлар бойы жинақталған халықтық тәжірибенің сұрыпталған тұжырымы мен негізгі нәрі. Қорыта айтқанда, тектілік феномені — қазақтың теңдесі жоқ даналық мектебі. Тектілік қасиет — қазақтың қасиеті. Тектінің тұяғы — қазақтың тұяғы. Тектілік тарихы — қазақтың тарихы. Ақын Сабыр Адайды сәл өзгертіп айтылған «Әр қазақ — менің асылым» деген ұлағатты сөз, «Мәңгілік ел» болуға ұмтылған ұлтымыздың ұстанымы мен ұранына айналып, тектілік феномені тәуелсіздік тұсында кекілі мен тұлымшағы желбіреген жас өскіннің жаңа ұлттық тарихи санасын қалыптастыру мақсатында мемлекеттік-деңгейде үздіксіз насихатталуы керек.

Жеті Атаға дейін үйленбеу дәстүрі түркі тектес халықтардың ішінде тек қазақтарда ғана бар дейміз. Неге екенін білеміз бе? Осы жайында бір аңыз әңгімеде: 15-ғасырда Қазақ Хандығы орнап, оны Керей мен Жәнібек хандар басқарғаны белгілі. Бірде Жәнібек ханның ақылшысы, кеңесшісі Жиренше шешен қатты ауырып, төсек тартып жатып қалыпты. Жақын жерлердегі талай белгілі емші, бақсыларды шақыртып қаратса да, еш ем қонбапты. Соңында атақты Өтебойдақ деген емші барын біліп, соны шақырады. Өтебойдақтың емінен кейін Жиренше жазылып, дертінен айығыпты. Жәнібек хан емшіге риза болып, бірнеше сұрақ қойыпты. Көп сұрақтарына қонымды жауаптар алып, соңғы сұрағын қойыпты: «Қандай ауруды емдеу қиын?», «Тұқым қуалайтын ауруды емдеу қиын», «Ал, оның алдын алуға бола ма?», « Болады. Жеті Атаға дейін туыс адамдар қыз алыспау керек»,-депті.  Жеті қазақ үшін қасиетті сан. Өтебойдақ емшінің айтқанын Жәнібек хан жадына тоқып, халыққа жеті атаға дейін үйленуге тиым салыпты. «Кімде кім жеті атаға толмай үйленсе, өлім жазасына кесілсін!» деген жарлық шығыпты. Содан бергі қазақ хандары да осы жарлықты бұлжытпай орындап отырыпты.

Жеті Атаны көбіне былай бөліп келеді: 1. Әке 2. Бала 3. Немере 4. Шөбере 5. Шөпшек 6. Немене 7. Туажат 8. Жүрежат 9. Жекжат 10. Жұрағат 11. Қаймана.

Атам Қазақ: «Атаға қарап ұл, Анаға қарап қыз өсер» деген. 

«Кімнен кім туады?»-деген сұраққа  Майқы би былай деп жауап берген екен: «Тұлпардан тұлпар туады, Сұңқардан сұңқар туады, Асылдан асыл туады, Жалқаудан масыл туады, Масылдан мал бақпас туады, Тілазардан қылжақпас туады, Таздан жарғақбас туады, Сараңнан бермес туады, Соқырдан көрмес туады, Мылжыңнан езбе туады, Қыдырмадан кезбе туады».

Ал Сыпыра жырау бұл сұраққа: «Сұңқардан сұңқар туар саңқылдаған, Қарғадан қарға туар қарқылдаған, Бай баласы байға ұқсар, Байлаулы тұрған тайға ұқсар. Би баласы биге ұқсар, Алты қанат үйге ұқсар. Хан баласы ханға ұқсар, Биік-биік шыңға ұқсар. Құл баласы құлға ұқсар, Мал таптаған гүлге ұқсар»,-депті.

Осы сарын Шалкиіз жырында тереңдей түседі:  «Айырдан туған жампоз бар,  Жүгін нарға салғысыз, Арғымақтан туған будан бар, Күнінде көрінім жерді алғысыз, Жаманнан туған жақсы бар, Адам айтса нанғысыз, Жақсыдан туған жаман бар, Күндердің күні болғанда, Бір аяқ асқа алғысыз».

Ал Бекасыл әулие (1822-1915):Тектіден текті туады,  Тектілік тұқым қуады.Тектілердің тұяғы,  Таңдайды құз-қияны. Шын тектілер халқы үшін,  Өлімге басын қияды. Жақсы, жаман деместен,  Жанына жұртын жияды.-депті.

Содықтан да, біріншіден әркім өзі білетін атасына дейін тізбектеп, мүмкіндігінше кімнен кімнің тарайтындығын нақтылап жазуды қолға алса. Арғы аталарың білмесе, ең болмағанда өзінің туған атасына бастасын. Оның неше ағайынды болғандығы, оның балалары, содан соң өзін, әрі қарай өзінің балаларын, және немерелерін таратып жазса деген ұсыныс айтпақпыз.

Екіншіден жеті атаға кіретін ағайындардың ішіндегі елге адал еңбек еткен, білімді, ерекше қасиеттері барлары туралы мағлұматтарды жинақтағанның қосары көп.

Үшіншіден әр әке өз жазбаларын балаларына беріп табыстап отырса. Олар өз кезегінде оны әрі қарай толықтырып, ұрпақтарына жеткізетініне сенгіміз келеді. Тек сонда ғана жетінші ұрпағыңыз сізге уақытында ризашылығын білдіретіні кәміл.

Қорыта айтқанда, ата-тегін  білудің мән-мазмұнын ұрпақтан ұрпаққа жеткізе ұғындырып, ағайын-туманы татулыққа, бауырмалдылыққа тәрбиелеу қажет. Түзу тәрбие мен тәртіп сақталса, ұрпақ текті болатыны, әрі азбайтыны анық. Бұрынғылардың «Тәні саудың жаны сау» деген нақыл сөзі мен жөн сұрасқандағы «Ата-тегің кім?» – деген бір ауыз сөзінде осындай терең мағына жатса керек.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

1. «һижір» сүресі. 15:26.

2. «Алақ» сүресі, 96:2.

3. «Хаж» сүресі. 22:5.

4.«Тин» сүресі. 95:4.

5. Һужурат сүресі,13-аят.

6. Бегманов Қ. Этнографпен әңгіме (Көрнекті, ақын, қаламгер Қасымхан Бегмановтың абыз, зерттеуші-ғалым Жағда Бабалықұлымен сыр-сұхбаты). — А., 2010. 99-б.

7. Сейдімбек А. Қазақтың ауызша тарихы. — Астана, 2008.170,171,174-б.

8. Жұмаханұлы Ж. Балалардың жеті атасын білуге мән берейік // Қазақ тарихы.1994.№ 2.55б.

9. Бегманов Қ. Көрсетілген еңбек. 98-б.

10. Ә.Кекілбаев.Үш пайғамбар, 134-135-б.

11. Әлмұханова Р. «Алпамыс батыр» жырындағы тектілік мәселесі //Ана тілі.2010,21-тамыз.

12. Ай, заман-ай, заман-ай… (Бес ғасыр жырлайды). 2 томдық (Құрастырушы М.Мағауин, М.Байділдаев). — Алматы, 1991. — Т. 1.44,91,24,63–64,90, 100-б.,Тәжімұратов М. Шәңгерей. А., 1998.83-б.

13. «Нұр» сүресі, 26-аят.

 

 

0 пікір