ТЕКТІЛІК ФЕНОМЕНІ – ҚАЗАҚТЫҢ ТЕҢДЕСІ ЖОҚ ДАНАЛЫҚ МЕКТЕБІ (I бөлім)
ТЕКТІЛІК ФЕНОМЕНІ – ҚАЗАҚТЫҢ ТЕҢДЕСІ ЖОҚ ДАНАЛЫҚ МЕКТЕБІ (I бөлім)
10.06.2019 19:35
360
0

I бөлім

Құранда адамды: «Сыңғырлап тұрған кепкен балшықтан тиісті мүсінге келтіріп, адамды Біз топырақтан жараттық»1* («һижір» сүресі. 15:26), «Адамды Ол ұйыған қаннан жаратты»2* («Алақ» сүресі, 96:2), «Біз сендерді (Адам атаны) әуелі топырақтан жараттық. Оның нәсілін (рухтан) жыныстық тамшыдан, кесек еттен (құрап) жараттық. Біз мұны тектеріңді білу үшін айтып отырмыз»3* («Хаж» сүресі. 22:5).

Құранда Алла әмірі адамзат ұрпағының бір-бірінен өрбіп дүниеге келуін түгел қамтиды.  Сонымен қатар Құранда «Адамды біз сөз жоқ, әдемі мүсінде жараттық» 4*(«Тин» сүресі. 95:4)–дейді.

Алла өзінің сүйікті жаратқанын сыртынан бақылап жүріп, оның сұхбаттасатын серігі болмағандықтан көңілі жүдеп жалғызсырайтынын аңғарды. Алла Тағала оны ұйықтатып тастады да, қабырғасын шығарып алып, Хауа Ананы жаратты.

Қасиетті Құранда Алла Тағала:«Әй адам баласы! Шүбәсыз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Шәксіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы.»5* (Һужурат сүресі,13-аят)- деген еді.

Тарих ғылымында   Ұлы Жаратушы – Алла Адам Атамыз бен Хауа Анамызды жаратқалы бері 70 000 жыл болды делінеді.  Содан бері жер бетіне қаншама мыңдаған ұлт келіп, қаншама мыңдаған ұлт жойылып кетпеді. Қазақ рулық жүйесін сақтағандықтан ғана, сол жетпіс мың жылғы Адам атамыздың «қарашаңырағын» сақтап отыр.

Ежелгі Аталарымыз біздерге “Тегін білмеген тексіз, жеті атасын білмеген жетесіз”, “Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер, жеті атасын білмеген құлағы мен жағын жер” мақалдар қалдырған. Бұл мақалдардың бізге айтып тұрғаны, бірінші тегіңді біл дейді. Ал, тек дегеніміз бұдан сан мыңдаған жылдар бұрын ғұмыр кешкен арғы ата-бабаларымыз. Ал, жеті атаң өзіңнен бастап санағандағы тікелей жеті атаң. Мұны әрбір қазақ баласы жатқа біліп әрқашанда дұғасын жолдап отырулары керек.

Қазақта ру атын иемденуден артық атақ, мадақ, абырой, дәреже жоқ.  Қазақтың «Руың кім?» дегені, ол сенің «Ел танитын атаңның аты кім?» дегені. Қысқасы руыңның аты, сенің көп аталарыңның ішіндегі ең танымал атаңның аты.  Аталарымыздың теңдесі жоқ асқан білімді, асқан дарынды, асқан ақылды, асқан батыр, асқан қолбасшы болғаны үшін неге мақтанбасқа?! Осындай асыл текті ұрпақты дүниеге әкелген, асыл текті ұлтымыз, асыл текті руымыз үшін неге мақтанбасқа?! Атасымен мақтана білген жандар, соларға ұқсап бағуға тырысады.

Ру атаулары – бір кездегі әкелеріміздің аттары, есімдері. Бабаларымыз бен әкелеріміздің аттарын ұмытсақ, «рушыл болмаймыз» деген бос сөз. Біздің дүниеге келуімізге себепші болған ондаған, жүздеген, мыңдаған адамдар тағдыры бар. Олар біздің тегіміз.  «Тегіне солай жазылған» деген сөз бар.

Адам – тектің бір бөлігі. Тек деген сол адам мен оның ата-бабасы салған сара жол. Олар қанмен беріліп, мәңгілікке бір жіпке тізбектелген.  «Тек» деген ұғым қазақ үшін қандай қасиетке не болса, «тексіз» деген сөз күллі жеті атасы түгілі жетпіс жеті атасына дейін жететін ауыр сөздің бірі болып саналады.

Тектілікті тек қазақтың маңдайына жазып қойған сияқты, кей-кейде «Біз керемет текті халықпыз» деп даурығып жатамыз. Мен қазақтың тектілігі өзгеден кем демейін, бірақ артық емес дер едім. Бұлай айтуыма ең басты себеп бізде бұл ұғымның ғылыми анықтамасы да жоқ екен. Егер ғалымдарымыз тектілік формуласын таба алмай жүрсе өзгемізге не жорық ?! Қазақ жеті атаға дейін қыз алыспайды, тектілігіміздің негізі сол экзогамиялық шектеу деген пікір бар. Бұл шектеу тек бізде ғана емес, әлем халықтарының көпшілігінде бар және шектеу қан тазалығы үшін емес, көрші рулармен, елдермен араластықты, одақтастықты ұстау үшін керек болған.

 Қазақтың қыз айттыру, атастыру деген салты тектлікті жасайтын негізгі тетік. Қазақ халқы жеті атаға дейін қыз алыспайтын дәстүрді өте қатаң ұстанған экзогамистерге (грек тілінде «экзо» — бірдеңеден тыс, «гомос»- неке) жатады. Демек, экзогамия — аталас бір рудың ішінде еркек пен әйелдің некелесуіне рұқсат етпеу дәстүрі. Мұны сол заманнан қазірге жеткен «руын жасырған — құл», «тегін құл мен қу жасырады», «дөңгелектің шегі жоқ, көргенсіздің тегі жоқ», «жабыдан тұлпар шықпайды, тексізден текті тумайды», «тегін білмеген теріс бағады», «тексізді төрге шығарма» деген мақал-мәтелдер дәлелдейді.

Бабаларымыз жеті атасына қарап кімнің кім екенін анықтаумен шектелмей, «қызды жеті өзеннен өткізіп ал» деген қағидаға баса мән берген. Аса көрнекті этнограф Жағда Бабалықұлы осы орайда мынадай бір қызықты дерек келтіреді. — Қазақтар тектілік танымды тек бес-он жыл ішінде емес, ұлт болып қалыптасып, тайпалық бөлістерден бері дарытқан. Сондықтан қазақтар ішінде кем-кетік адамдар аз кезігеді.

Қазақтарда тектілікті дәріптеудегі бұлжымас қағида — некелену барысында тегіне қарау. Ежелден, мейлі — ұл, мейлі, қыз жағы болсын, балалары мақұлдасудың алдында тегін анықтайды. «Ол қандай жердің балалары, әкесі қандай, оның арғы тегі қандай» деп қудалайды. Міне, тектілікті дәріптеу.

Өр Алтайда өмір сүрген Бөстек деген сал Алтай өңіріне барып Мәмидің қызына құдаласып келгенде басқалардың: «өр Алтайда қыз құрығандай, келінді төменгі Алтайдан іздегеніңіз не» дегендеріне Бөстек: «Текті атаның баласынан текті ұрпақ көремін бе деп отырмын» 6*(Бегманов Қ. Этнографпен әңгіме (Көрнекті, ақын, қаламгер Қасымхан Бегмановтың абыз, зерттеуші-ғалым Жағда Бабалықұлымен сыр-сұхбаты). — А., 2010. 99-б.) , — деп жауап берген екен.

Белгілі ғалым А.Сейдімбектің пікір-тұжырымы назар аударарлық: «Жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрін ұстанатын қазақтан басқа этностың жер бетінде бар екенін біз біле алмадық», «Бұл үрдісті қалыптастыруда олар мейлінше мол өмірлік тәжірибе жинақтап, эмпирикалық жолмен-ақ өздерінің эвгеникалық (тектілікке ұмтылу) зердесін таңқаларлық биікке көтере алған», «Жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрінің қылдай ауытқымауын әрі қырағылықпен, әрі қаталдықпен қадағалап отырған. Еңлік пен Кебектің, Қалқаман мен Мамырдың аралары төрт-бес ата болғанына қарамастан, олардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі елдіктің шырқын бұзатын ауыр қылмысқа баланып, қатал жазаға ұшырайтыны да содан» 7*(Сейдімбек А. Қазақтың ауызша тарихы. — Астана, 2008.170,171,174-б.).

Түптеп келгенде, жетінші ұрпаққа дейін қыз берісіп, қыз алысуға үзілді-кесілді тыйым салудың арқасында қазақ тұқымның бұзылуынан, тектік-генетикалық қасиеттердің жойылуынан, ұрпақтың азғындауынан сақтандырылған. Бұл салт-дәстүрдің адам дамуының тарихындағы биологиялық және әлеуметтік мәні өте зор.

«Мұның өзі табиғат заңына сай. Өйткені, бүкіл әлемді құрайтын химиялық элементтер қасиеттері бойынша орналастырғанда жеті период, жеті негізгі топқа бөлінеді. Қасиеттерінің жақындықтары бойынша осылай орналасқан элементтер неғұрлым бір-бірімен алшақ тұрғандарымен қосылғанда ғана мызғымас берік келеді. Тіпті қасиеттері өте ұқсас элементтер бір-бірімен мүлде қосылыспайды да. Ата-бабаларымыз осындай табиғат заңдылығын білген» 8*(Жұмаханұлы Ж. Балалардың жеті атасын білуге мән берейік // Қазақ тарихы.1994.№ 2.55б.).

Қош, сонымен «Жеті атасын білмеген — жетесіз», «Жеті атасын білген ұл — жеті жұрттың қамын жер», «Жеті атасын білген жетімдік көрмейді», «Жеті атасын білмеген — жетімдіктің салдары», т.б. деген мақалдар мен қанатты сөздердің бәрі тегімізді тануға байланысты айтылған.

Ұлт денсаулығы алдымен қан тазалығынан басталатынын ескерсек, мұндай әлемді таңқалдырған өрелі салт ұстанған қазақтың төлтума мәдениетін ұлттық бренд десек артық айтқанымыз емес. Осы тұрғыда қазақ халқы классикалық ұлтқа жатады. Өйткені ұлтымыздың қаны саф алтындай таза, соған сәйкес жаны да таза.

Ж.Бабалықұлының деректеріне сенсек, Оңтүстік Кореяның ғалымдары дүниежүзіндегі халықтардың қанының құрамын тексеріпті. Сонда ең таза қан, қазақтың қаны, олар жеті атаны ұстанады деп тауыпты. 

Осында қазақтың қырық үш руының қанын тексергенде, әлгі қырық үш рудың қаны бір әкенің қанындай болып шыққан. Бұл — жеті атаның қасиеті. Жеті атаны ұстайтын қазақтан өзге ел жоқ. Мына ұйғыр халқы немересін алады. Өзбек немересін алады. Татарың мен түрікменде немересін алады. Немере дегеніміз — туыс. Немерені алғанымен адамның қаны бұзылады да, түрлі аурулар көбейеді. Нәсіл өзгереді. 9*(Бегманов Қ. Көрсетілген еңбек. 98-б.).

 Ойымызды түйіндей келе айтарымыз, тектіліктің тамырын терең түсіну үшін алдымен қазақтың жеті ата тарататын дәстүрі мен ата-тек шежіресін мұқият зерделеген жөн. Қазақ генетикасы өзге ұлттарға ұқсамайтын өзіндік ерекшелігімен дараланатын бай өрелі ілім болып қалыптасты. Ата-бабаларымыз исламның да (араб мәдениетінің де) тек өзінің табиғатына үйлесімді қағидаларын қабылдады, мәселен, шариғаттағы көп әйел алушылықты өміріне енгізгенімен, арабтар сияқты немере қарындасын әйел қылған жоқ.

Ғасырлар бойы қазақ қоғамына билік жүргізген Шыңғыс ұрпақтары, яғни төрелердің жеті атаға дейін туыс адамдар өзара қыз алыса беретін дәстүрінен-де бойын аулақ ұстады. Өзге жұртта кездеспейтін өте ерекше этникалық жүйенің тек дәстүрлі қазақ қоғамымен байланыстылығына ерекше мән берген Ә. Кекілбаев мұны «көшпелі тұрмыс пен көшпелі экономика үшін ауадай қажет туысқандық психология, соған негізделген этика мен моралъдан» 10*(Ә.Кекілбаев.Үш пайғамбар, 134-135-б.) туындаған құбылыс деп қорытты.

Тектілік феномені хақында пайымдалған асыл сөздердің астарында терең ой, ғасырлық өмір тәжірибесі, генетикалық ілімге даналық көзқарас жатыр. Бұдан қан арқылы берілетін қасиетті еш нәрсемен алмастыру мүмкін емес екені анықтала түседі. Оған дәстүрлі қазақ қоғамының қойнауында пайда болған «алма сабағынан алыс түспейді», «түбіне қарай бұтағы, тегіне қарай ұрпағы», «тектен нәр алған тозбайды», «шұғаның қиқымы да шұға»,  «тұлпардың тұяғы, сұңқардың қияғы»,  «тегінде бар тектілік», «тектілік тұқым қуады»,  «текті жердің тұлпар ұлы»,  «тегі мықты», «тегі таза», «тегіне тартқан», «асылдың қиығы», «тектінің тұяғы», «жақсының көзі», «асылдың сынығы» деген ілкіден келе жатқан нақыл сөздер-де дәлел бола алады.

Керісінше, бұған антипод мағынадағы «жетесіз», «жүгенсіз», «парықсыз», «көргенсіз», «тексіз», «тәрбиесіз», «ұятсыз», «намыссыз», «ештеңе көрмеген», «қарғыс атқан», т.б. нәлетті сөздерде жайдан-жай айтыла салмаған. Бағзы бабалардан жеткен «барымташыдан ұры, ұрыдан қары, қарыдан бәрі шығады» деген ұлттық дүниетаным кей кезде «өзі болған жігіттің — ата-тегін сұрама», «жаманнан жақсы туса — теңі болмас, жақсыдан жаман туса — емі болмас» деген пайыммен алмасқан.

Мәселен, «Аяз би» ертегісінде Хан Аяз биге : -Мені сынашы, неше атамнан бері хан екенмін? - дейді.  Аяз би: - Тақсыр ханым! Қарадан туып хан болғансыз, атаңызда хандық жоқ,- дейді.  Хан: - Жоқ, қате айтасың! Мен жеті атамнан бері ханмын. Өзімді қойғанда алты атамды қайда жібересің? – деп зекіреді. Сонда Аяз би:- Жоқ, тақсыр! Сіздің қара басыңыздан басқа тегіңізде хандық жоқ. Сіз нағыз наубайшының баласысыз, - дейді. Хан не дерін білмей, уәзірлеріне қарап, анасын алдырып, шындықты айтуын сұрайды. Анасы. амалы жоқ, өзіне дейінгі он тоғыз әйелді әкесінің қыз туғаны үшін өлтіргендігін, шыбын жанын сақтаймын деп өзімен бір мезгілде ұл көтерген сарайдағы наубайшының әйелімен жасырын келісіп, нәрестелерді алмастырып алғанын айтады. Хан:- Апырмай, менің наубайшының баласы екенімді қайдан білдіңіз? – дейді. Сонда Аяз би: - Мен жаман-жақсы болсам да үйіңізге келген қонақ едім. Хандардың ішер асы – жал мен жая аузыңызға түспей, қара көже түсіп, мені келісімен аспазға жібердіңіз. Сіздің шынжыр қатар, атаулы хан емес екеніңізді содан байқадым, - дейді.

Сөзімізді түйіндесек, тіршілікте бірде-бір өсімдіктің тамырсыз өспейтіні, өркен жаймайтыны сияқты, адам баласы да өзінің ата-бабаларымен көзге көрінбейтін тамырлар арқылы жалғасқан. Қазақ халқының өмірінде жеті атасына дейін тәуіптік, көріпкелдік, сынықшылық, күйшілік, әншілік, аңшылық, ұсталық, құсбегілік, саятшылық, т.б. өнерлерді қуып өткен әулеттер жиі кездеседі. Қазақ қоғамында айрықша құрметке бөленіп, жеті атасынан «қаракөк» үзілмей, ерекше мәртебеге ие болған сұлтандар, билер, батырлар әулеті өз алдына бөлек әңгіме.

Жалғасын оқу

 

0 пікір