ТЕГІН БІЛУ – ТЕКТІЛІК
ТЕГІН БІЛУ – ТЕКТІЛІК
02.06.2020 13:35
448
0

Біз ата-бабамызға қатысты ескі тарихты немесе шежірені ақтарып жатсақ, жаңсақ түсінушелер кейде оны рушылдық шеңберінен қарайды.

«Құран Кәрім» Ниса сүресі 1 аятында: «Алладан және туыстардан безуден сақтаныңдар!» деген Аланың қасиетті сөзі бар. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінде туыстық қарым-қатынас, бауырмалдық жайында талай даналық айтылады.

«Алашорда» ұлттық территориялық үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейхан сонау 1913 жылдың өзінде «Қазақ» газеті, № 2 саныда: «Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел – қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туатындығына көзі жетпейді…

Тарих не айтады? – десеңіз, оның айтатыны мынау: біздің бұрынғы бабаларымыздың кім екендігі; олардың дүниеде не істеп, не бітіргендігі; қандай қуаты барлығы, ол қуатты не орынға жұмсағандығы; істеп жүрген ісінің қайсысынан пайда, қайсысынан зарар көргендігі; бұрынғы бабаларымыздың досы-дұспаны кім екендігі; не себеппен бағы тайғандығы және соған ұқсас істердің барлығын тарих сөйлеп түсіндіріп тұрады», – деген еді. Сөйтіп жүріп-ақ халқына, қазағына – Алашына жән-тәнімен еңбек етті.

Өз сөзін «біздер ұлтшылдармыз» деп бастайтын Мұстафа Кемал Ататүрік те: «Түрік баласы ата-бабасын танып білген сайын ұлы істер жасау жолында тек өз бойынан ғана күш-қуат табады», – деп түрік халқына жан аямай қызмет қылды. Ол халқын қалай сүйіп көтерсе, халқы да оны солай сүйіп көтерді.

Өткен күннің алыптары ғана емес, бүгінгі өз патшамыз Нұрсұлтан Назарбаевта «Тарих толқынында» («Атамұра» 1999ж) атты еңбегінде: «…Сахараның қазағы үшін шыққан тегін білу айдын төсіндегі теңізшінің қолындағы компас сияқты.

Ру шежіресін білу – сахара төсінде көшіп-қонған қазақтар үшін өмірлік қажеттілік. Қазақ халқының ру-тайпалық, жүздік-қауымдастық біртұтас ғажайып бітімі ғасырлар бойы бүкіл қазақ – бір атаның ұрпағы, бір тамырдың бұтағы деген ұстаным бойынша өсіп-өркендеп отырған.

Қазақтың өз шыққан тегін және рулық байланыстарын міндетті түрде білуі шарт. Бұл бүкіл ұлттың әрбір мүшесі үшін моралдық-этикалық қағидаға айналған. Мұның бәрі – біздің тарихымыздың ежелден бергі қасиеттері» – деген болатын.

Демек, текті ұлдардың бәрі де өз шыққан төркініне, тегіне аса құрметпен қарап келді. Отан ұығымын от басынан бастады. Сондықтан да жеті атасын білу және жеті атадан бері қыз алыспау – халқымыздың асыл дәстүрлерінің біріне айналды.

Қазақ тарихының көбінің ауыздан-ауызға, атадан балаға жалғасқанын ескерсек, алдыңғы буын соңғыларына жеті атасы мен бірге бүкіл ел-жер тарихын да ұқтырып отырған. Бұл қазақтың ауызша сақталып ауызша тараған энциклопедиялық білімі. Халқымыздың тектілігіне негіз болған қанның тазалығы да осы дәстүрлің жемісі. Олай болса ұлт, ұлыс, ру тарихын білу ешқандай рушылдық емес. Қайта оның тұтастығына, туыстығына ортақ елі-жері, тілі, діні, ділі, Отаны бар екеніне шақыратын, ұлттық сананы бекемдеуге бағытталған рухани бірлік.

Батырлар жырындағы:

Қара керей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Шапырашты Қарасай,

Керейде батыр Жәнібек…

Уақта батыр Өтеген,

Матайдан шыққан ер Шөңкей, – секілді ескі жырларды алайық, немесе Мәдидің: «сұрасаң руымды қаракесек», Әсеттің: «арғынмын, атым Әсет арындаған», Сұлубайдың: «руым жәнтекейден…» – деуінің бәрі де рушылдықпен айтылған жоқ. Сол ата-тектік анықтама бір жағынан арғы атасын – тегін танынтса, екінші жақтан мекен-жай анықтамасы, үшінші жақтан кімнен шыққан жүйрік екенін білдіру арқылы өзіне әріптес боларлық қарсы жақтарды да бәсекелестікпен таласа өсуге шақыру болып табылады. Одан қалса рухы үстем, сүйегі асыл халықтардың басқаларға ұқсай бермейтін, өзіне ғана тән жеке ен-таңбалық құндылығы болады.

Ру-тайпа болмаса ұлт қалыптаспайды, ұлт қалыптаспаған жерде халық ретінде өмір сүру мүмкін емес. Бірлікке келген тілі, діні-ділі, тектілігі, ел мен жерге деген ыстық махаббаты бар халық қана өз отанын қалыптастыра алады. Отан жасау – туған мемлекетіңнің туын тіктеу, оның асыл байлығын арттағы ұрпаққа адалдықпен аманаттау деген сөз.

Ертеден келе жатқан халықтардың бәрінде де жеке отбасының, әулеттің, халықтың, жеке тарихи тұлғалардың шежірелерін жасау, оны өткен тарихтың таңбасы ретінде кейінге қалдыру дәстүрі болған. Айталық, Тоныкөк тасы, Күлтегін ескерткіші, «Моңғолдың құпия шежіресі», қытай, корей, орыс және т.б. Еуропа елдерінің шіркеулік тіркеу кітаптары немесе ақсүйек тұқымының әулет баяны; өз тегіміз жайында Рәшид ад-дин, М.Қашқари, Ш.Уәлиханов, Ш.Құдайберді, Машһүр Жүсіп, т.б, ғұламалар шежіресі болды.

Халықтың түп төркіні жайындағы хикаяларын, таралуын баяндайтын, ерте заманнан атадан балаға мирас болып келе жатқан ауызша деректер шын мәнінде рудың, тайпаның, халық тарихының құрамдас бөлігі. Олай болса ата дәстүрінің ауызша тарихын білу бүгінгі ұрпаққа аталар аманатын жеткізіп қана қоймай, келесі ұрпағының таза қанды, тарихы терең, зерделі ұрпақ болып өсуіне де көп көмегін тигізеді. Сол үшін де бабаларымыз: «Жеті атасын білген ұл − жеті жұрттың қамын жер», «Жеті атасын білмеген – жетесіздік белгісі», «жеті атасын білмеген жетімдіктің салдары», «тегін білу тектілік», «атасында көрмегенді ботасында көрген немесе көрмеген», «балапан ұяда не көрсе ұшқанда соны алады» деген тектес асыл сөздер қалдырған. Ендеше ата-текті бөліну үшін емес, тегімізді танып бірігу үшін білуіміз қажет.

 

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ, жазушы

 

0 пікір