Тарих парағынан! БІЗГЕ ҚАНДАЙ ҒЫЛЫМДАР КЕРЕК?
Тарих парағынан! БІЗГЕ ҚАНДАЙ ҒЫЛЫМДАР КЕРЕК?
15.07.2020 11:21
771
0

Пайғамбар мирасқорлары, ойшылдарымыз ілімнің артықшылығы жайлы көп мақала жазып, мұсылман балаларын мектепке беруге, ғылым талап етуге ынталандырды. Бұл туралы Құран Кәрім және Пайғамбарымыздың хадистерінен дәлелдер келтірілді. Мысалы, хадистерде мынадай сөздер айтылып, жазылды: «Ілім талап ету барлық мұсылмандарға парыз», «Бесіктен мазарға дейін ілім талап етіңіз».

Ілімнің парыз екеніне, ілім артықшылықтарына біздің алып қосарымыз жоқ. Бірақ, талап ету парыз болған ілім қайсы ілім, осы мәселеде айтар сөзіміз бар. Инженерлік, философия, хикмет немесе табиғат ілімі ме? Яки математика, медицина ілімі ме? Немесе талап ету парыз болған тек қана шариғат ілімі ме? Ғалымдардың жазғандарына көз жүгіртсек, олардың көзқарасы бойынша парыз болған ілім, гуманитарлық ілімдер саласына жатады. Осыған орай, мұсылмандар балаларын гуманитарлық салада оқытуы тиіс. Алайда, бұл оқу орындарында шариғат ілімдері атымен жоқ. Бұл жерде оқитын шәкірттер бірінші күннен бастап мұсылманшылықтан алыстай бастайды. Бұл оқу орындарында кейбір діни кітаптар оқытылса да, маңызды болмағыны үшін шариғат ілімі дұрыс оқытылмайды. Оқу орнын бітірген шәкірттердің жүрістерінен, істерінен ислам дінінен ешқандай хабары жоқ екендігі анық көрініп тұрады. Мұсылман - мешітке, орыс - шіркеуге бармайды. Бұл жағдайлардан байқағанымыздай, олардың мақсаттары - шариғи ілімдер емес, гуманитарлық ілімдер. Құран Кәрімнен бір аяттың тәпсірін білмейді, балаларын Құран үйренуге ынталандырмайды. Адам баласы білмеген нәрсеге дұшпан болады. Олардың мақсаттары діни ілімдер болды делік, онда неліктен медреселерді қалпына келтіруге ат салыспайды?

Біз анық түрде білеміз, пайғамбарымыздың мақсаты шариғат ілімі, діни ілім еді. Бұл ілімді талап ету баршаға парыз етілген. Құран Шәріпте (Тәубе 122) жиһад барлық мұсылмандарға парыз етілмей, әр тайпадан бір топқа парыз етіліп, қалғандарына діни ілімдерді, шариғи үкімдерді, фиқһты үйреніп, жиһадтан оралғандарға үйрету парыз етілген. Құран Кәрімнің басқа бір аятында (Заррият 46), Алла Тағала «Адамдарды тек қана ғибадат ету үшін жараттым» деп бұйырған. Алла Тағалаға ғибадат жасау Алланы тану арқылы жүзеге асады. Алла Тағаланы да Құран ілімі, хадис ілімі арқылы тани аламыз.

         Яғни, біздің көзқарасымыз бойынша парыз  ілім- Құран ілімі мен хадис ілімі. Ғибадат қаншалықты парыз болса, ғибадат  жасау үшін керек болған ілімде соншалықты парыз. Бүкіл өмірін математика, физика ғылымына арнап, Бірінші ұстаз Аристотельдің деңгейіне жетсе де, Алла Тағаланы таныған, ғибадат жасау жолына түскен болып есептелмейді. Діни заңдар аясында амал етпегенше, адамзат мәдениет дәрежесіне жете алмайды. Біздің оқымыстыларымыз, Еуропалықтар адамзат мәдениетінің шыңына жеткен дейді. Бірақ, Еуропалықтар діни заңдардан жұрдай болғандықтан, адамзат санатына емес, айуандар санатына жатады. Мұның дәлелдері алдағы уақытта айтылады. Адамзат мәдениетке Ислам үкімдерімен амал етумен ғана жетеді. Пайғамбарлар адамдарды адамзат мәдениетіне шақырып, адам болу үшін жіберілген еді. Ислам дінінің сенімі, амалы, ағлағы болған бүкіл заңдарын қамтитын ілім-  Құран ілімі мен хадис ілімі. Ислам үмбетіне парыз болған ілім осы екі ілім. Құран Кәрімде (Ниса 165) пайғамбарлардың қуанышты хабарын жеткізуші және ескертуші ретінде жіберілгендері айтылады. Қуанышты хабарды жеткізу және ескерту, мәдениеттің екі негізі болған соң, оларды танып-білу тек қана діни кітаптар арқылы жүзеге асады. Әр пайғамбар өз заманындағы діни  кітаппен үмбетін адамгершілікке шақырған. Біз, мұсылмандар, адамзат мәдениетіне діни ілімдерді үйреніп, амалға асырумен жетеміз. Инженерлік ілімінің шыңына жетумен адамгершілікке қол жеткізе алмаймыз. Жақсы ағлақтармен ағлақтанып, жаман ағлақтардан тиылсақ адамгершілікті кәсіп етеміз. Математика ілімінің шыңына жетумен де адамгершілікке қол жеткізе алмаймыз. Қайсыбір кісі Шариғатты үйреніп, амалын шариғат таразысымен тартып, нәпсісін тыйып, жақсылығын көбейтіп, жамандығын азайта білсе адамгершілікке қол жеткізеді. Медицинада Гален болумен физикалық ауруларды емдеуге болады, бірақ бұнымен рухани ауруларды емдей алмайды. Нәпсі ауруларының емі мен шипасы Құранда екендігі бірнеше аятта баяндалған. Кемел адам болу нәпсі ауруларынынан сауығумен жүзеге асады. Табиғат ілімдерін білумен адам кемелдікке жетпейді, діниданалық, білімалу адамды кемел етеді.

Егер кісі ақылымен назар салса, адамгершіліктің Алла Тағалаға ғибадат жасауда  және Алла Тағаланы жақсы көруде екенін көре алады. Адам Алла Тағаланы жақсы көру үшін пайғамбарымызға еруі керек. Бұл болса, Ислам жолымен амал ету. Құран Кәрімде Алла Тағала (Али Имран 32) «Ей, Мұхаммед: Егер сендер Алланы дос көрсеңдер, маған еріңдер, сонда ғана Алла сендерді сүйеді» деп айт деп бұйырған.

         Құран аяттарынан және хадистерден түсінгеніміз бойынша, кісі ең әуелі діни ілімдерді үйренуі керек, содан соң басқа да гуманитарлық ілімдермен айналысса, бұл жағдайға шариғат қайшы емес, керісінше құптайды.

 

Әбу Тураб Ахунұлы

«Шура» журналынан алынды. 1908, 7

Оқыған: Ербол Шырынхан

0 пікір