Тәрбие өзегі – тарихи сана
Тәрбие өзегі – тарихи сана
22.07.2019 09:36
270
0

Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылы Астана қаласында ұйымдас­тырылған Дүниежүзі қазақтарының ІV Құрылтайында: «Халқымыздың тарихи санасын қалыптастыратын дүние тарихы мен мәдениеті» дегенді қадап айтты. Өйткені тарихи санасы жетілмеген, яки қалыптаспаған халық өзінің ұлт ретіндегі толық болмыс-бітімін сақтай алмайды. Сол себепті мемлекет ретінде жойылып кетпеу­дің, ұлт ретінде ассимиляцияға ұшырамаудың басты кепілі – бұқараның тарихи санасын ояту.

Философия ғылымдарының докторы Арғын Қасымжанов «тарихи сана» деген ұғымды былай деп түсіндіреді: әрбір жеке адам, тұтас ұрпақтың тарихты сезінуі, өзінің шыққан тегін, өлкесін, халқын, нәсілін, оның рухани түп-тамырларын, өткен тарихи жолын танып-білуге ұмтылып, сана-сезімнің оянуы. Бұл – өскендіктің, рухани мәдениеттің жоғары сатыға көтерілу белгісі. Осыған қарама-қарсы ұғым ол – мәңгүрттік. Мәңгүрттік – өз ұлтының рухани-тарихи маңызынан қашу, күнделікті құлпырмалы, конъюнктуралық мақсаттарға абсолюттік мән беру, өзгермелі күнделікті моданы бетке ұстап, оны алдыңғы қатарға қою. Өткен замандағы отаршылдық қазақ халқын ес жиюға мүмкіндік бермей, жылдар бойы «мәңгүрттікке» ұстап келді.

Жоғарыда ғалым ағамыз айтқандай, отаршылдықтың ең өзекті тұсы отарланған, яки езгіге түскен халықты қожайыны, ең алдымен өзінің тарихи санасынан айыруға күш салады. Яғни, өткен тегін білмейтін, білгісі де келмейтін мәңгүртке айналдырады. Академик Манаш Қозыбаев: «Бодан болған елдің санасын тұсап, рухани құлдыққа қарай икемдеу үшін қолданылатын ең төте тәсіл – халықты өз тарихи жадынан айыру» депті. 

Тарихи сана һәм таным-түсінікке қатысты жоғарыдағы методологиялық қайшылықтар біздің санамызға өмір шындығын көп ретте кері мағынасында орнықтырып отырды. 

Осылай сананың сан құбылуынан қазақ сияқты бодандықтың бұғауында болған ұлттар тарихи даму үрдісіндегі өзінің ақиқат болмысын парықтау қабілетінен айырылып, сапалық сұрыптау мен жетіліп отыру қабілеті жансызданды. Асылын аяқ асты етіп, жасыққа малданатын, жатқа жалтақтайтын, этностық таным мен талғамның дертті болуы, яғни тарихи сананың сапасыздануына әкеліп соқты. 

Демек әрбір нәрсенің өзегі болатыны сияқты біз сияқты жаңадан тәуелсіз болған халық үшін тәрбиенің негізгі өзегі – тарихи сана болуы тиіс. Яки, ұрпағына тарихи санасын қалыптастыра алмаған халықта болашақ жоқ. Өйткені өзінің өткенін білмеген ұрпақ, болашағына бағдар жасай алмайды. Тамырсыз ағаш сияқты, жапырақ жайып көктемейді. 

Тарихи санасы бүлінбеген адам, өзінің байырғы бастауына қайткен күнде де оралады. Ондай тұлға некен-саяқ. Қазіргі ана тілін білмейтін қазақтар осы тарихи сана болмағандықтан өз болмысына қайта бұрыла алмай жүр. Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар ағамыз алғаш ғарыштан оралғанда ана тіліне өте шорқақ болатын. Бір жылдың ішінде толық үйреніп алды. Неге? Өйткені ол адамның тарихи санасы сау болатын. Тарихи санасы сау адамда намыс болады. Ол басқа халықтың тілінде сөйлеуді ар санайды. 

Қазір қандай бір жиынға барсаңыз, басқарушы қазақ бір орысты көрсе соның тілінде жиынды бастайды. Ол адам ана тілін біледі. Енді неге жиынды қазақша жүргізбейді? Өйткені онда тарихи сана жоқ. Осы орайда тарихи сана дегеніміз тек қана тіл білумен өлшенбейді екен. Онда гендік тектіліктің нышаны жатыр. Соған қарағанда, тарихи санасы өшкен адам тексізденеді. Оның бойында иман, обал-сауап дегеннен жұрнақ қалмайды. Қазіргі ұлттық сипатқа айналған сатқындық, жемқорлық, жағымпаздықтың түп-тамыры осында жатыр.

Бұдан құтылатын жол бар ма? Бар, әрине. Ол үшін алдымен бастауыш және орта білім беру жүйесін түбегейлі өзгерту керек. Бұрынғы отарлық пиғылдың астары сіңірілген орта мектеп оқулықтарын жойып, оның орнына ұлттық танымды терең сіңірген оқу құралдарын енгізген жөн. Ол үшін алдымен осы салаға терең маманданған оқулық авторларын дайындаған дұрыс. Демек, оқулық авторларын дайындайтын арнайы институт қажет.

Одан кейін, адамның тарихи санасын қалыптастыратын дүние – иман. Адам талантты, білімді, шебер ұйымдастырушы болуы мүмкін. Бірақ бойында имани қасиет болмаса, атқарған ісінен ешкім береке таппайды. Түп нәтижесі зиянға шығады. Ендеше имандылықты отбасынан бастаған дұрыс. Балабақшалардың ересектер тобына имандылық жайлы арнайы дәрістер өткізуді Білім және ғылым министрлігі қолға алуы керек.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ

0 пікір