ТАҢҒАЖАЙЫП ТҮС
ТАҢҒАЖАЙЫП ТҮС
17.05.2021 10:09
1407
0

 Карантин кезінде ұлттық құндылыққа көп көз жүгірттім. Күніге бірнеше күй немесе қазақша әуендер тыңдауды әдетке айналдырдым.Қазақ халқы туралы кітаптарды қайтадан қарап шықтым. Соның әсері ме,бүгін таң алдында ерекше түс көрдім.

Қала көшесінде келе жатыр екенмін,бір кезде аяқ астынан алай-түлей құйын пайда болып, айналаны қиратып ұшыра бастады. Ағашты түбімен жұлып аспанға әкетті. Көшедегі көліктер қаңбақша домалады. Мен сасқалақтап қайда барарымды білмей тұрып қалдым.Жан-жағыма қарасам анадай жерде үйдің бұрышында әдемі оюы бар домбыра сүйеулі тұр. Жүгіріп барып домбыраны құшақтап отырып қалдым.Бір кезде құйын басылды.Көк аспан шайдай ашылды. Домбыраны ұстап орнымнан түрегелдім. Жап-жазық кең дала көрінді.

 Оянып кеттім.

Көрген түсімді шыдай алмай шешеме айттым.

 Шешем:

 -Сен соңғы кездері үйде отырып түс көргіш болып кетіпсің-деп күлді. -Бірақ,"түсі келіспей ісі келіспейді" деген қазақта сөз бар. Жақсы түс екен. Домбыра-ол қазақтың жүрегі."Нағыз қазақ "қазақ" емес, нағыз қазақ "домбыра" демей ме? Домбыра мен қазақ егіз ұғым. Бір-бірінен ажырамайды. Қазір әлемде апат,дерт көп. Біздің елге көз тігіп отырғандар қаншама? Құйын сол қиындықтар ғой.Қасиетті домбыра желге ұшпай аман қалса, қазақ ұлты жойылмайды, көркейіп,төбесі көкке жетер-деді.

Шешемнің сөзіне қуанып қалдым.Ішіме симай көпшілікке жария етіп отырмын. Бұл ешқандай қияли ойдан құрастырылған шығарма емес. Көрген түсім, Құдайдай шыным...

 

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН


 

0 пікір