Табақ тарта білесіз бе?
Табақ тарта білесіз бе?
21.08.2019 11:30
6698
0

Табақ тарту – халқымыздың ертеден келе жатқан салт-дәстүрлерінің бірі. Тартылған табақ қонаққа деген сый, құрмет пен сыйластықтың белгісі болып табылады. Сондықтан кімге қандай табақ тарту керектігін біле жүргеніміз жөн:

       Жамбас, ортан жілік, асық жілік – сан жіліктер деп, жауырын, тоқпан жілік, қары жілік – қол жіліктер деп аталады.

       Қабырға үш топқа бөлінеді: бұғана қабырға, қара қабырға, сүбе қабырға.

       Омыртқа бес топқа бөлінеді: мойын омыртқа, арқа омыртқа, қанатты омыртқа, ұш және құйымшақ омыртқа.

       Тойларда, құдайыда табақ жасағанда кәделі мүшені ретіне қарай салады.

       Бас табаққа жамбас, ортан жілік, бел омыртқа, сүбе қабырға, бір білем сүбелік ет салады. Егер қой еті болса бір білем құйрық салынады. Жылқы етінен қазы, қарта, жал, жая салынады.

       Бас – сыйлы адамға тартылатын ең кәделі мүше. Ірі қараның, жылқының басын тұтастай емес, бөлінген екі шекенің бірін асады. Сан жіліктер ретіне қарай бас табаққа салынады да, қол жіліктер содан кейінгі табақтарға салынады.

       Қонақта құдаға, құдағиға, күйеуге, қызға арнайы жілік салынып, табақ тартылады.

       Құда (құдағи) табақ: бас, жамбас, ортан жілік, сүбе қабырға, қанатты омыртқа, бір білем ет, бір білем құйрық, арнайы туралып табаққа салынған құйрық-бауыр. Қосымша құдағиға арнап екінші ортан жілік салынады. Сол себепті де қос табақ аталады.

       Күйеу табаққа асық жілік, сүбе қабырға, бір білем ет, омыртқа, бір білем құйрық, бір бөлек төс сүйек салынады.

       Қызға тартатын табақ: тоқпан жілік, сүбе қабырға, бір білем ет, омыртқа, бір білем құйрық, жаясы мен ұшасы (екі жамбасты біріктіріп тұратын омыртқа ұша деп аталады).

0 пікір