СЫЗДЫҚ МОЛДА ТҰРЛЫБЕКҰЛЫ (1889-1964)
СЫЗДЫҚ МОЛДА ТҰРЛЫБЕКҰЛЫ  (1889-1964)
26.01.2021 14:16
356
0

Сыздық молда Тұрлыбекұлы Баянауыл-Далба-Семізбұғы өңірінде дүниеге келген. Руы: Айдабол-Малқозы-Толыбай-Олжабай батырдың ұрпақтарынан өрбіген.

Ол отбасында 13 баланың ең үлкені болатын. 14-15 жасынан малшы-жалшы болып  ата-анасына қолғабыс ете жүріп, зеректігінің арқасында жергілікті молдалардан дәріс алып, Құран оқып, намаз құлшылығын орындап  үйренеді.1922 жылдары Павлодар қаласына келіп өзінің пысықтығы, зейінділігі, ұйымдастырушылық қабілеті, елгезектігі арқылы оқу-білімі аз болса да Павлодар ауданы  Жертұмсық ауылдық кеңесінің төрағасы болып сайланып, адал қызмет атқарады. Халық  арасында «Ұзынмұрт Сыздық» деп аталған. 1932-1933 жылдары жазықсыз жалаға ұшырап бір жарым жыл Омбы түрмесіне отырып ақталып шығады. Одан келе ұзақ жылдар бойы ет комбинатында күзет қызметінің бастығы болып жұмыс істеді.

 Діни сауатының арқасында имандылық жолынан таймаған Сыздық Тұрлыбекұлы бес уақыт намазын қаза қылмаған, Рамазан айында ауыз бекітіп,  өмір бойы шама –шарқынша қайырымдылық жасау, көмек садақа беруден аянбаған кісі. Ол адамгершілік қасиеті, ағайын-туыс, дос-жарандарына деген қамқоршылық қасиетімен Кереку қаласындағы ең сыйлы-беделді адамдардың қатарынан табылды.

Сыздық інілері мен ағайын-туыстарының жетім қалған тоғыз баласын өз қамқорлығына алып, оқытып, тәрбиелеп,  өсіріп, адам қатарына қосқан еді. Осы тоғыз баланы асырап

жеткізу үшін жетіспеушілікке толы соғыстың ауыртпалығы мол жылдары оларды жетімдер үйіне тапсырмай,  өз қолына екі-үш сиыр, бір-екі бие, қой-ешкі ұстап, кәсіп жасап, мал өнімдерін ұқсатып балаларды ешкімнен кем етпей, мұқтаждық көрсетпей, олардың жетім екендігін сездірмей тәрбиелеп жеткізуі күллі жерлестеріне үлгі болған  адам. Осы жанкешті қажырлылығы арқылы замандастарының құрметіне бөленді.

1949-1950 жылдардан орманшы Ырысбек шайхы атамен сыйлас, дәмдес болып, ол кісіден бата алып, сол кезден бастап бірыңғай имандылық жолын қуалады. Осы кезде облыстағы жалғыз мешіт-Бижан мешітінің Рахметолла имам, Ысқақ хазірет, Қапшықбай,  Өскенбай қажылармен аралас сыйластықта болып, халыққа имандылық жолын уағыздап жүрді. Сонымен қатар мешітке қажетті әртүрлі көмек-қолғабыстардан аянған жоқ.

1950 жылдардың соңын ала Түркістанға сапар шегіп Арыстан бап, Қожа Ахмет Яссауи кесенелерінде болып Құран бағыштап сапарлап келді. Осыдан кейін жұрт ол кісіні дінге шын берілген «пірәдар Сыздық» деп атап кетіп еді.  Сол жылдары кеңес үкіметінің қырағы бақылауында болса да дүниеден өткен адамдардың жаназа-жабдығын шама-шарқынша шариғи жолмен атқарып, ақтық сапарға шығарып салу ісіне көмектесіп, ұйымдастырып, көптің алғыс-ықыласына бөленіп жүрді.

Өмірінің соңына дейін балаларына, ауыл-аймағына, жастарға тек қасиетті дінімізді, имандылық жолын уағыздап, оларға өз өмірімен өнеге бола білген Сыздық молда Тұрлыбекұлының немересі Аманжол ақсақал да  осы күні ораза тұтып, бес уақыт намазын қаза қылмай, 2012 жылы қажылық парызын орындап келді.  Аманжол ақсақал бүгінгі күні  үлгілі мұсылман, «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің тұрақты жамағаты.

 

 

0 пікір