Сөзі өңменімнен өтті!..
Сөзі өңменімнен өтті!..
11.12.2018 09:24
1797
0

Бүгін бір ақсақал  келіп мені аз тергеп алды. Ал мен де сәл терлеп алдым. Сөзі сұңғыла, қағытып іліп-тартып мені біраз сілкілеп тастады. Бұрынырақта болса мен сауатсыздық етіп, дінді өз мүлкімдей көріп таласа жөнелетін едім. Тіпті тас талқан болар да едім. Сәті болғанда салқын қандылық бүгін мені билеп алды. Негізі мысы басты дегенім ең дұрысы болар. Ал ана кісі аттың басын жіберіп тартты. Сұрағанына қарасам ауылдың адамына ұқсамайды. Олай дейтінім үлкен қалалардағы мешіттерден сөз етті. Ал аспай-саспай біраз әңгімені қайырғанына қарап, ауыл үйдің арасындағы кісі болар деп түйген едім. Аты жөнін айтты (мен жазбай отырмын) әйтеу ерекше танымал адам емес. Үнтаспаға түсіру ойымда болмапты. Мен есімде қалғанын өз сөз қоржынымдағы бары мен ғана жазып отырмын.

«Сын түзелмей мін түзелмейді» айта беріңіз деген едім шу дегеннен:

Сырт көрініс, қырт көрініс.

Сырттары жылтыр, іштері жыртық адамдар қоғамда қаптап кетті. Тесік шелек тола ма? Құдайға құл ұнайды. Атақ абырой мәнсап құлдың құлқыны.

Астанадан келдім деймісің?

Мен: Иә, дәл солай. Одан бұрын қалада мешіт әрі медреседе болғамын.

Ол: Қаладан далаға адам келе ме, әсіресе тепсе темір үзетін жасында?

Мен: Дала емес бұл Баян ғой. Жері құт.

Ол: Жері құт рас. Бірақ жердің құтын елі мен ері қымбат кіргізеді. Бұрынғылардың буына семіріп жүрміз әлі. Кім шақырды, айлығы көп пе деп сәл езуін тартты да, ішкі есеп, есек дәмең не деп төтесінен бірақ қайырды.

Мен: Ешкім арнайы шақырған жоқ. Дәм айдап келдім. Айлық дейсіз бе, мешіттерге арнайы айлық тағайындалған жоқ. Оны сіз жақсы білетін секілдісіз дедім. Ал ішкі есеп, есек дәмем; мұнда айлықпен байлықтан қарағанда сарқылмас сауап саудасы жатыр. Сол құнсыз қазынаның шетін қазып мүжиін деп келдім. Әрине оны жетік түсініп отырмын дей алмаймын дедім.

Ол: Арманы асқақ, ісі табансыз адам нәтижеге қол жеткізе алмайды. Нәтиже уақытпен өлшенбейді. Уақыт пен өлшенген нәтиже түбі нәтижесіз. Сенбеген сендіре алмайды. Олай дейтінім елді үгіттеп, өзін ұмыту сәнге айналды.

Осы қала мешіттерінде уағыз айтылады. Бірақ кім кімге айтады. Үгіт насихат кімге арналады? Халыққа ғана айтылады деп түсінетін секілдісіңдер. Үгіт жалпыға ортақ. Имам молдаларға да тиесілі. Менің көріп байқайтыным, найыбы, ұстазы, азаншы, молдалары және басқа қызметкерлері бар мешіттерде, бір адам уағыз айтады. Қалғаны мүлде құлақ аспайды. Яғни уағызды келіп тыңдамай, бөлмелерінде көгалының үйірін қайырып отырады. Кімді алдау, неден құр қалу. Жоқ әлде ол үгіт насихаттың оларға титтей қатысы жоқ па?

Мен: Халық дұға оқытуға ағылып келіп жатады деген уәж айтып едім.

Жұма уағызы басталғанда дұға оқуды тоқтатып үгітке құлақ асып, құлаққа ұрған танадай жым жылас ұйып тыңдаса игі еді. Жаңа айтқанымдай, өздерің тыңдамайтын уағызды өзге тыңдап не тындырады деді.

Мен: Ақиқат аз тыңдалып, жалаң, бос сөз әрі құр әзіл көп тыңдалу жалпы жайлаған дерт емес пе дедім.

Ол: Мен жұма уағызы деп отырмын ғой. Оны кезегі келгенде сайрай салатын сылдыр баяндама деп түсінетіндер қарасы аз емес секілді. Бір апталық нағыз сығылған күндік емес берісін айтқанда өмірлік, әлемдік арысын айтқанда ана өмірге жол сілтер уағыз. Ал соны мешіт қызметкерлері тыңдамай отырғаны өзегіңді өртейді. Бас имамдар бастап парыздың алдында, әкімдерше сау етіп келе қалады. Ал оған дейін қайда тас көмір қазып жататынын түсіне алмайсың.

Мен: Мешіт ісі күнімізде қарбалас болып кетті.

Ол: Соны сылтауратасыңдар, сырттан басқа қызметтен алтын уақытын бөліп келіп отырған жамағаттан ұялсаңдар игі. Тіпті жамағаттың уақытын алып батадан бата беріп созып жатасыңдар. Ал өздерің соңғы сүннетті де өтеместен шыға жөнелесіңдер, бұл сонда кімді алдаусырату...  

Осы қандай да бір әкім өз креслосына отынбасарын отырғызғанын білесің бе? Жоқ ондай деген мүлде болмайды. Міне мүфти, өкіл, бас имамдардың тағы-намаздағы имамдық пен мінбері. Ол ең үлкен аманаты. Ол жерде өзі болмаса аманатқа сөзсіз қиянаты. Аманатқа қиянат еткеннің не болады қияметі...

Ас, қонағасы болса бас имамың қара құзғындай өздері жетеді. Имамдығы мен мінберін көрінгенге тастап кетеді. Бұл жұтаудың басы. «Балық басынан шіриді» деген осы деп біраз ширықты.

Қәзіргі қазақ дінін ас беру деп қана түсініп жүр. Ал оны түзетудің орнына сендер күзетіп жүрсіңдер.

Мен: Сіз секілді адамға жолықпаған екенмін.Айтқаныңыз өңменімнен өтіп кетті дедім де қалдым. Шынымен сырт көз сыншы екен.

Әй дейтін әрі қой дейтін де қарияларымыз аман болсын!

 

Баянауыл ауданы «Мұса мырза» мешітінің

Ұстазы Берікбай Германұлы

 

0 пікір