ШЕРАҒА АЙТҚАН ШИРЫҒУ
ШЕРАҒА АЙТҚАН ШИРЫҒУ
08.09.2021 11:38
232
0

Шамамен жиырма шақты жылдың алдында теледидарды қосып қалсам, марқұм Шераға, қазақ рухының қанжары Шерхан Мұртаза сөйлеп жатыр екен. Жарықтық мұртын көкке шаншып алып, қынабынан суырылған жалаң қылыштай ызғарлы жүзбен: – «Байқаймын, қазіргі жастар ширығуды білмейді, ширыға алмайды, ондай қабілеттен айырылған, бұл қасірет», деді марқұм. Қайсар қаламгердің осы сөзі көкейімде жатталып қалыпты. Әсіресе, «ширығу» жайлы айтқаны.

Расында, бүгінгі қазақ қоғамы ширығуды ұмытқан. Жалпы, «ширығу» ұғымының үлкен әлеуметтік һәм рухани мәні бар. Батыс социологтары «психикалық ширығу» дегенді алға тартады. Оларға сенсек, бұл жағымсыз құбылыс, яғни адам бойында қорқыныш, алаңдаушылық сезімдердің пайда болуы дейді. Бірақ Шерхан ағамыздың айтып отырғаны бұл емес. Шераға айтқан ширығу мүлде басқа.

Өз басым қаймағы бұзылмаған, жайлаудан қыстауға, күзеуден көктемеге көшіп-қонып өмір сүрген қазақы қауымның түлегімін. Әлі есімде, жұрт қойға мінетін атты ауылдың маңына арқандап ұстайды. Әкемнің бесті шыққан құла аты бар-тын. Оны қойға мінеді. Менің міндетім – таңмен тұрып арқандаулы атты алып келу. Бірде күндегі әдетіммен арқандаулы атты әкелуге бардым. Сол күні таң атқанша сібір жауын жауған еді. Құла бесті айнала шауып маңына жолатпады. Оның сыртында ат байланған қыл арқан жауын суына ширығып, шиеленіп қалыпты, шешілмеді. Мені сырттай бақылап тұрған әкем жарықтық «Әй, балам, андағы ат ширығып тұр екен, тиіспе» деді. Біз бейбақ батырлар жырынан оқыған «Қобыланды мінген Тайбурыл, Шиыршық атып ойнайды» деген осы екен-ау дедік.

Мендегі қисынға келсек, ішкі қуаты толған отты жылқы жауын суымен ширығады екен. Артынан білдім, кәрі жылқылардың көңілі суып, қуаты қайтқандықтан олар ширықпайды. Демек, ширығу жас жылқыға тән болып шықты. Уақыт өте келе «ширығу» дегеніміз адамның ішкі қуаты мен бойдағы намыстың оянуы екенін білдім. Намыссыз адам кәрі жылқы сияқты ешқашан ширықпайды.

Кейін атақты Доспамбет жыраудың: «Күн түн қатса жібімес. Мен күлікке қосымды артқанмын, Көмбідей ару жаларға, Күректей мұзды тоңдырып, Кірмембес ауыр қолға бас болып, Күңіреніп күн түбіне жортқанмын...», дейтін бұла толғауы бойдағы алапат ширы­ғу­дың қуатынан туған дүние екенін аңғардым.

Қазіргі таңда қазақ қоғамында Шерағам айтқан ширығу жоқ. Жалпақ жұртты дендеп алған немқұрайдылық, бойкүйездік әсіресе, ұлттық тіл мен рух мәселесіндегі салғырттық, нақтырақ айтқанда, жаппай қанат жайған намыссыздық осы ширығу жоғалғандығының кесірі-ау деймін. Бойында рухы жоқ адам қалай ширығады. Өйткені, онда мұндай қасиет жоқ.

Жеке адамдармен қатар «қауымдық ши­ры­ғу» деген болады екен. Ертеде жауға аттан­ғанда немесе үлкен жорық, алапат шай­қас алдында сөзі оқты, рухы мықты жыраулар жасақты ширықтыратын үрдіс болған. Айталық, қазақ қолы қан майданға түскелі сайланып тұрған сәтте Абылай ханның үзеңгілес серігі Тәтіқара жырау биік төбенің басына шығып алып: «Қамыстың басы майда, түбі сайда, Жәнібек Шақшақұлы – болат найза! Алдыңнан су, артыңнан жау қысқанда, Ер жігіттің ерлігі осындайда. Бөкейді айт сағыр менен дулаттағы, Деріпсәлі, Маңдайды айт қыпшақтағы! Өзге батыр қайтса да, бір қайтпайтын, Сары менен Баянды айт уақтағы! Ағашта, биікті айтсаң, қарағайды айт, Жігітте, ерлікті айтсаң, Бөгембайды айт! Найзасының ұшына жау мінгізген, Еменәлі керейде ер Жабайды айт...» деп, қазақ батырларының рухын шыңдап, күллі қосынды ширықтырады.

Дәл осы сияқты, ертеде жекпе-жекке шығатын батырды таңдағанда көреген қол­бас­­шылар мен көсем билер көптің ішінен ширығып, шиыршық атып тұрған жігітті құп көретін болған. Мысалы, «Жәнібек батыр» жырында қолбасшы Қабанбай кәпір-қырғыз батыры Сәдірмен айқасуға: «Шиыршық атып шоқтаған, Қолына найза оқты алған, Түгі шығып сыртына, Қаһарланып топтанған...» жас жігіт Жәнібекті таңдағаны сияқты.

Демек ширығу дегеніміз – намыстың от алуы екен. Бұрынырақта, дағыстандық даң­ға­йыр тұлға Расул Гамзатовтың «Тәңір тау­лық­­тарды отпен ширықтырған, сол себепті олар өжет» дегенін оқыған едім. Сол сияқты, Абай ата­мыз да бойда күш, жүректе намысы бар жігіт жайлы:

«Қыранша қарап қырымға,

Мұң мен зарды қолға алар.

Кектеніп надан, зұлымға,

Шиыршық атар, толғанар», – деді емес пе?!.



Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ

© egemen.kz

0 пікір