«Саяхатқа» барар жолда
«Саяхатқа» барар жолда
07.08.2018 11:30
728
0

Алматыда оқып жүрген кезіміз еді. Талай ән-жырға арқау болған «Саяхат» автобекетіне шұғыл жетуім керек болды. Такси тоқтатайын деп қол көтеріп едім, ақ түсті «Жигули» жанымнан сырғып өте бере тоқтады.

«Амансыз ба! «Саяхатқа» барасыз ба?» дедім. Жүргізуші: «Отыр!» дегендей, иегімен алдынғы орындыққа нұсқады. Көлікке жайғаса бере: «Бісміллә!» деп қалдым. Әдетте әжелеріміз бен аталарымыз айтатын дәстүрлі сөз ғой. Біздікі де сол сияқты әдет.

Қыр мұрын, ашаң жүзді, ақ самайлы көлік иесі мұныма риза болып:

– Әп-бәрекелді! «Бісміллә» десең, жолың болады, – деді.

– Мұсылман баласы емеспіз бе, көке, – деп қойдым көңілім көтеріліп.

– Дұрыс айтасың, балам. Оныңа келі­семін. Кезінде… өзің білесің, мұндай әңгіме қозғауға болмайтын. Ал енді, такси айдап жүргенім болмаса, негізі мен физикпін. Физиканы жақсы білетіндер Құдайдың бар екеніне және өмірде ештеңенің кездейсоқ емес екендігіне сенеді.

– Оныңыз рас, көке. Атақты Эйн­штейннің: «Жаратушы, жалпы, ғаламды тас ойнап отырып жаратпаған!» деген сөзі әлі есімде, – дедім мен өзімнің оқығанымды білдір­гім келіп. – Сосын мына сөзі қандай ғажап десеңізші: «Өмір сүрудің екі жолы бар. Біріншіден, бұл дүниеде таңғалдыратын керемет күш жоқ деп ғұмыр кешу. Екіншіден, таңғажайып тылсым күш бар екеніне сеніп өмір сүру».

– Е балам, сол бір тылсым күшті өз көзі­мізбен көрдік қой, – деп, әлгі кісі бір оқиғаны есіне алып, сыр шерте бастады. – Ауыл бас­қарып отырған кезіміз. Молданың жазықсыз қамалып кеткеніне екі жыл болған. Сол кезеңдерде бір тамшы суға жарымай қалдық. Еккен егініміз шықпай қалды. Содан әлгі молда босатылды деген хабар жетті бір күні. Ауыл тұрғындары жиналып, тасаттық берейік, бір Алладан тілемеске шара жоқ десті. Келіспеске амал қайсы. Әлгі молдамыз бастап, ел жотаның төбесіне шықты. Мал сойы­лып, құран оқылды, ақсақалдар бата берді. Сол кезде мына қырсықты қараса­ңызшы, орталықтан комиссия келе жатыр деген хабар жетті. Ойбай-ау, енді қайтеміз, жотадағы жұртты көрсе басымыз кетеді ғой деп шыж-быж болдым. Аспанға қайта-қайта қараймын жалтақтап. Бұлттың қарасы көрінбейді. Рәсімді тезірек аяқтасын деп, балаларды төбеге жүгіртемін. Бірақ оған ешкім көне қоятын емес.

– Қызық екен!

– Иә-ә, қызықтың көкесі әлі алда. Сонымен, комиссия келді. Оларды бастап жүрген бір орыс келіншек екен. Кеңсеге кіріп, үстел басына жайғасты. Мен жанымды шүберекке түйіп отырмын. Комиссия құжат тексеруге кірісті.

Кенет терезеден жотадағы жұртты көрген орыс келіншек:

— Ана жақта не болып жатыр? — деп сұрады көңілі елеңдеп.

Амал жоқ шындықты айтуыма тура келді.

Әлгі келіншектің жанындағы аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, шомбал қара жігіт басын шайқап, ырқ-ырқ етіп күлді де:

— Осы жұрт не болса, соған сенеді, — деді.

Келіншек үн қатқан жоқ. Қайтадан құжаттарға үңіліп, өз ісін жалғастыра берді.

Содан бір кезде күтпеген жерден аспан тесілгендей жауын құйды да кетті. Ойпырмай, мұндай да болады-ау! Терезеге үңіліп, әлгі жұрт жиылған жотаға қарасам, ешкім жоқ. Бәрі тым-тырақай боп, пана іздеп, ауылға қарай қашыпты. Бұны енді ешқандай да физиканың заңымен түсіндіре алмайсың.

– Ғажап екен!

– Ғажап болғанда қандай! Алладан сұрасаң береді ғой. Дұға-тілек деген терең ұғым. Оны біз түсіне бермейміз. Қадіріне жетпей жүрміз. «Дұға етпесеңдер, тіршілік етудің қандай мәні бар?» деп Құранда айтылған ғой.

— Содан әлгі комиссия мүшелері не айтты?

— Иә, айтпақшы, құжат қарап отырған орыс әйел орнынан атып тұрып, терезенің алдына келді. Сөйтті де, сырттағы жаңбырға таңдана қарап тұрып, менен терезені ашуға бола ма деп сұрады. Неге болмасын?! Оның үстіне комиссия басшысы сұрап тұрса. Әп деп, терезені шалқайтып аштым да жібердім. Сол кезде талайдан бері жаңбыр күтіп жат­қан кең даланың хош иісі ішке лап қойды.

Қуанғанынан қолын шапалақтап жіберген орыс келіншек енді:

— Мұндай ғажапты кім көрген! – деп алақанын бұғаттан сорғалап жатқан суға тосты. Сөйтті де:

— Құжаттардың да дұрыс екендігіне толық сенімдімін, —  деп күлді.

Осы кезде мен:

– Көке, «Саяхаттың» алдына да кеп қалдық, — дедім қызық әңгіменің әсерімен байқамай өтіп кетпейік дегендей алаңдап.

– Жарайды, балам. Айта берсек, талай оқиғалар еске түседі. Үйдегі апайыңмен осы жерде – «Саяхатта» танысқанбыз. Е-е, ол да бір дәурен екен-ау!..

Қашанда бір қайыры бар мынау ғажап дүниеге қараңызшы, сол күннен бастап, таксиге мінген сайын әлгі оқиға есіме түсіп, Ұлы Құдіретке сыйынып отыратын болдым.

 

 Мәлік Отарбаев

0 пікір