СӘРСЕН МОЛДА ИСАҰЛЫ (1891-1978)
СӘРСЕН МОЛДА ИСАҰЛЫ  (1891-1978)
26.01.2021 14:19
319
0

Сәрсен молда қазіргі Ақтоғай ауданы Жоламан аулында дүниеге келді. Ол жастайынан зеректігімен, ұғымталдығымен, еңбексүйгіштігімен, ізеттілігімен  көзге түскен Сәрсенді әкесі Иса оқып, білім алуына жағдай жасайды. Алдымен Сәрсенді орыс мектебіне оқуға береді. Білімге құштар Сәрсен  оқуды жақсы оқып 2 сыныпты мақтау грамотасымен бітіреді. Одан кейіне мұсылман діни оқу орнына жібереді. Онда да алғыр қабілетімен үздік шәкірт атанады.

 Ол Троицкде оқып терең білім алған аса сауатты ұстаз Сейділлә қажы Түйтебекұлынан дәріс алады. Шәкіртінің діни ілімге жан-тәнімен беріліп, ден қойғанына риза болған ұстазы Сейділлә қажы оған өзінің бар білген білімін үйретіп қасынан тастамай алып жүреді. Міне осылай Сәрсен молда Қызылжар (қазіргі Петропавл) қаласындағы діни оқу орнын  кейін есімдері елге танымал болған Шахман молда, Ғұбайдолла молдамен қатарлас бітірген.

Сәрсен молда араб тіліне жетік, діни білімі терең молда болды. Ол арабша да, парсыша да, орысша да еркін сөйлей алатын еді. Сәрсен молда білгенін ішке сақтамай, балаларды жинап, оларды имандылық жолға салуға, инабаттылық тәрбие алуға, дініміздің қасиетін танытуға бар күшін жұмылдырды. Туған жері-қазіргі Жоламан аулының тұрғындары Сәрсен молдаға «Біздің балаларымызды оқыт!»,-деп мешіт салып берді. Ол сол  мешітте молда болып, халықты Алланың ақ жолына баулиды, ауыл балаларына ұстаздық етіп, имандылық сабақтарын жүргізеді, дініміздің құдіретін түсіндіріп, Пайғамбар(с.ғс.)-ымыздың хадистерін насихаттайды. Ол Павлодар Омбы аралығында дінімізді  уағыздаушы білікті молда ретінде танылады. Алайда Сәрсен  молданың халыққа еркін діни қызмет көрсетуі, шәкірттерге білгенін үйретіп оқытуы ұзаққа бармайды. Кеңес үкімет орнасымен дінге көзқарас өзгере бастайды. «Дін-апиын» деп дін таратушыларды қудалау басталады.

Соның салқыны Сәрсен  молдаға да тимей қалған жоқ.

Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарындағы аумалы-төкпелі кезеңінде дін таратушы ретінде қуғындалған Сәрсен Исаұлы Ресейге кетіп жансауғалауға мәжбүр болды. 1937 жылы Сталиндік репрессия да Сәрсен  молданы айналып өтпеді. Мектеп оқушысының мойнынан түсіп қалған тұмарды  «Сәрсен  молда бермегенде кім берді?»,- деп оны үш жылға соттады.Сөйтіп Сәрсен  молда Қиыр Шығыстың Владивосток өңірінде жазасын өтейді. Одан аман-есен елге оралған соң ауылда бос сандалып жүрген балаларды оқытуды қолға алады. Ол колхоздың жалғыз түйесін жегіп, бір арба балаларды қазақ мектебі бар Кайманачиха аулына алып барып, алып келіп оқытады.  Колхоздың жұмысына белсене қатысады.

Сөйтіп жүріп Сәрсен  молда бес уақыт намазын қаза қылмайды, ораза ұстайды. Дүниеден өткендердің жаназасын шығаруға барады. Көпшілік жиналған жерлерде имандылықты, имандылыққа апарар дінімізді насихаттайды.

Ол кезде Сәрсен молда 5 уақыт намазын терезелерді жауып, есікті ішінен күршектеп алып оқитын еді. Өйткені «жұртшылыққа діннің еліртпесін шашып, халықтың санасын улайды»,-деп ауылдағы молдаларды партия комитеті қатаң бақылауда ұстайтын.

Бірде Краснокутск (қазіргі Ақтоғай) ауданының партия комитетінің бірінші хатшысының шешесі Сәрсен молдаға келіп, аруақтарға Құран бағыштап беруін өтінеді. Арнайы іздеп келген соң ілтипатпен тілегін орындайды. Келесі күні аудандық партия комтитетінің бірінші хатшысы  ұлы Зикенді шақырып алып: «Сенің әкең кезбе молданың қатарына неге қосылады. Оны Құран оқы деп кім шақырды? Неге тиым салмайсың?» деп дауыс көтерді.  Сол кезде молдалардың әр қадамы осылай бақыланатын еді.

 Өзінің әр қимыл, іс-әрекеті бақылауда екенін Сәрсен молда жақсы білетін. Ол қаншалықты партияның тосқауылына ұшырап қиналса да Алланың ақ жолынан таймады, жасырын діни уағыздарын тоқтатпады. Көпшілік қайтыс болған адамдардың жаназасына Сәрсен молданы шақыртатын еді. Ол шақырған жерден бас тартпады, жабдықтардан қалмады. Көпшілік жиылған жерде уағыз айтып, дінімізді насихаттаумен болды.

Ол ізбасар молда даярлауды да ұмытпады. Алғабас аулында тұратын, дінге жақын жүретін Сағындық Жүрсінұлын Сәрсен молда өз қамқорлығына алып, Құран кітаптарын беріп, имандылық жолына түсіреді. Кейін енді дінге біржола бет бұр, молда бол деп батасын береді. Сағындық ұстазының аманатын шын ниетімен орындап, дүниеден озғанша Алланың ақ жолында болады. Сондайақ осы ауылдың азаматы Тойған Мұстафинді де молдалыққа баулып, дін жолына түсіреді. Коминтерн кеңшарына барғанда Солтан деген азаматқа «мен қартайдым,енді ел арасына дінімізді тарататын, имандылық уағызын айтып, дін жолына түсіретін сендерсіңдер. Діни оқуың аз болса да молда бол» деп батасын беріп кетеді. Осылайша Солтан да Сәрсен молданың тәлім-тәрбиесімен молда болады.

Сәрсен молда-өңірімізге ислам дінінің шапағатын әкелген Исабек ишанның  ұрпағы, бойына қасиет дарыған Жандарбек қожамен өте дос болған адам. Өмірде бірін-бірі құрметтеп, сыйласып өткен.

 Сәрсен Исаұлының терең діни білімін, аса біліктілігін Жандарбек қожа ерекше бағалайтын. Сонымен бірге ол облыс өңіріне аты әйгілі діни тұлға Шахман молдмен де жақсы қарым-қатынаста болған еді. Бірі Ертіс өзенінің аржағында, бірі бер жағында тұрса да екеуі де  бір бағытта, бір мақсатта дін жолын мықты ұстанып, халыққа адал қызмет еттті. Олар бір-бірін жақсы білетін, және бір-біріне өте сенетін. Шахман молда «дүниеден озсам жаназамды Сәрсен молда шығарсын» деп баласына өсиет етіп, тапсырып кеткен екен. Баласы Қабдолда әкесінің жаназасын шығартуға Ертістің аржағынан Сәрсен молданы іздеп келеді. Ал Сәрсен молда Қызылжарда бірге оқыған әріптесі атақты Шахман молданың жаназасын өзі шығарып, ақ арулап, соңғы сапарына аттандырады. Ал Сәрсен молда ұрпақтарына менің жаназамды Жандарбек қожа шығаруы керек деп тапсырып, балалары әке өсиетін орындаған болатын.

Ол балаларына Мәшһүр Жүсіптің қасиеттерін, көптеген өлеңдерін  жатқа жиі айтатын еді. Сәрсен  молда көптеген ғибратты аңыздар, шешендік сөздер, дастандарды білетін, және көпшілік жиналған жерде айтып отыратын. Оның діни уағыздарын халық ұйып тыңдайтын. Бірақ ол бойына жинаған рухани асыл қазыналарын жариялы жағдайда халқына айта алмай кетті.

Сәрсен молда жұбайы Құтжанмен 67 жыл бірге өмір сүреді. Олар 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсіріп, бәрін оқытады.

Иә, кеңес үкіметінің «Дін-апиын» деген солақай саясаты үстемдік құрған заманда Сәрсен молда сияқты ірі діни тұлғалардың мақсаттарына жетуі мүмкін емес еді. 1919 жылдан басталған молдаларды, діни қызметкерллерді қудалау  егемен ел болғанымызша толастаған емес. Талай-талай рухани жан дүниесі бай, діни білімдері терең тұлғаларымыз саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды, азап шекті, бойындағы барын, рухани қазыналарының нәрін халқына толық бере алмай, имандылықтың шапағатын ұрпақтарымыздың жан дүниесіне жеткізе алмай кетті.

Сәрсен молда да дәл  осындай кеңес үкіметінің құрсауында тұншығып, құлашын еркін сілтей алмай өткен асылдарымыздың бірі.

 

 

 

 

0 пікір