САРАҢДЫҚҚА ДА, ЫСЫРАПҚА ДА ЖОЛ БЕРМЕ!...
САРАҢДЫҚҚА ДА, ЫСЫРАПҚА ДА ЖОЛ БЕРМЕ!...
09.12.2015 11:45
2405
0

Асылы, адам баласының о бастағы мақсаты құлшылық жасау болса, бұл жалғандағы талайлы міндетінің әуелгісі тіршілік кешіп, ұрпақ сүю болып табылады. Өз кезегінде ол өз қоғамына, өмір сүрген ортасына, айнала-маңайына тек жақсылық жасауға құлықтылық таныта отырып, өзіндегі барын мейлінше бөлісумен безбенделгені құба-құп. Өйткені осынау игі үлгілер мен ғадеттер Хазіреті Пайғамбарымыздан (с.а.с.) бізге, күллі үммет атаулыға мұра болғанын қалай жасырамыз?!.. Негізінде, адамдықтың құзар шыңы, мәртебелі баспалдағы – ол «ұлық болсаң кішік бол» қағидатымен астасып та, қабысып та жатыр. Сондықтан, қолымыздағы түгел барды, білімді, мал-мүлікті, тіпті күлімдеу арқылы мейірімді көрсете білуіміз керек. Осы тұстағы ең жақсы өлшем – сараң да болмау, ысырапшыл да болмау. Хақ Тағала:

- Қолыңды мойныңа байлап алма (сараң болма) және барынша ашып та жіберме (ысырап қылма!). Өйтсең, өкініште, таршылықта қаласың, - деп бұйырады (Исра сүресі, 29-аят).

Шынтуайтында, өзімізді ғана ойлауға рұқсат жоқ. Айналамыздағыларға бейқам қарауымызға тағы болмайды. Сараңдыққа да, ысырапшылдыққа да сол себепті тыйым салынған. Өйткені ысырап – өзіңе үйіп-төгу, артылғанын желге шашу, ал сараңдық өзіңе ғана жинай беру, тағы да жинай беру деген сөз. Екеуінің түбінде өзгелердің жағдайын ойлау, басқалардың қамын жеу сезімі әсте жоқ. Бұл екеуінде де тек өз қара басын ойлау ғана бар. Ал Хақ Тағала басқалармен бір-бүтін болып, айналасына қарайласатын қамқор құл болуымызды қалайды. Ысырапшыл да, сараң да болмауымыз керек. Үнемі қамқор болуымыз керек. Ал қамқорлықтың өлшемі не? Хақ Тағала бұны былай деп баяндайды:

- ... Сенен нені садақа ету туралы сұрайды. «Қажеттеріңнен артығын (беріңдер)» деп айт (Бақара сүресі, 219-аят).

 

Ғ.ҰЯСУ

0 пікір