ҚҰТ ҰҒЫМЫ. КИЕ МЕН ҚАСИЕТ
ҚҰТ ҰҒЫМЫ. КИЕ МЕН ҚАСИЕТ
23.02.2017 13:30
4856
0

Құт – көне ұғым. Көне түркі дәуірінде құт Тәңірісінен бастау алады деген сенім жоғары болған тәрізді.  Оған дәлел ретінде Күлтегін жазуларындағы «Тәңірі жарылқағандықтан, Өзімнің құтым бар болғандықтан, Қаған отырдым» деген тасқа қашалып жазылған жазуды айтуға боларлық. Өйткені, Тәңірісінен адам баласына жарылқау бар. Адам өзінің сөзі мен ісінің бұрыстығынан Тәңірісі берген құтынан айырылып қалмауы тиіс деген сенім де жоғары болған тәрізді.  

Тәңірді ежелгі түркілер әке деп танып,  Ұмайды ана деп атаған. Осының өзі бұл сөздің аспан мен жер, әке мен ана арасындағы киелілік пен қасиеттіліктің тұнып тұрғанын баяндайтын нышан. Әке мен Ананың бастамалық гармониясы Адам ата мен Хауа ананың жаратылысына ұласып, адам идеясынан адамзат идеясына өрбитін өріс алады.

Құт – киелі де, қасиетті ұғым. Киелік пен қасиеттіліктің куәсі құттың жаратушысы Тәңірісі мен оның жаратылысы адам арасындағы ерекше бір сакралды қатынасы, әрі гармониясы. Адамдар барлық тіршілікке тірі деп қарап, әр нәрсенің иесі бар, иесіз дүние жоқ деп білді. Иесін Тәңір киесін құт деп таныды. Олар Аспан – құт, жер – құт, су – құт, төрт түлік мал – құт. т.т.  Осы киеліліктерге адам жер бетінде иелік етуі тиіс. Оларды ақылмен ізгілікпен пайдаланса, игілігін көріп, құт қонады деп сенді.

Көне  түркілік кезеңнің өзінде-ақ «құт» сөзі мынадай түсініктерді білдірген:  1) жан, өмірлік қуат, рух.  2) бақыт, дәулет, жақсылық, жолы болу, бағы ашылу. 3) сәттілік, табыс. 4) кісілік, ұлылық, дәреже. 5) ақиқатқа жету, нұрлану, шынайы бақыт пен шаттыққа кеңелу. [1,471б.]

Көне деп сипаттама берілген «құт» ұғымымыз ешқашан да ескірмек емес. Керісінше, көне замандағы адам өміріндегі сәттілік, бағы ашылу, ырысқа кеңелу, несібенің мол болуы, өмірдің берекелі болуы, нұрланып, шаттыққа шомылуы секілді түсініктер осы күнге дейін өз маңыздылығын жоғалтқан емес. Керісінше, адам өмірінің мәні болып отыр. Бұл жерде құт дүниетанымында экзистенциалдық бастау, мәнділік басым деуге болады. Мәселен, жас нәрестенің дүние есігін ашу, шілдехана, тұсаукесер, есім қою, қыз ұзату, үйлену тойы т.б сан түрлі салт-дәстүрлерімізді айтуға болады. Қазақ халқының үйлену дәстүрінде жас келін босағаға табалдырықты оң аяғымен аттау арқылы енеді. Табалдырық түсінігінің негізінде де құт дүниетанымы жатыр. Өйткені, табалдырық ақ босағаның табаны, тіреушісі, екі әлемнің шекарасы іспеттес. Табалдырық – ғарыштық түсінік. Ол әлемнің бірлігі философиясының кілті. Қазақ халқы үшін табалдырық – құттылықтың символы. Сол секілді «келіннің аяғынан» деген сөз бар. Келіннің аяғының құттылығы сол отбасыға  дүниеге нәресте, ұрпақ сыйлауында. Нәрестенің келуі – бұл құттың келуі. Бала көтермеген әйел мен үйленбеген еркек әлеуметтік тұрғыдан да құрметке лайықты емес деп танылған. Бас екеу болмай, мал екеу болмайды деген жақсы сөз содан қалуы мүмкін. Өйткені, құт-дамудың, көбеюдің, молшылықтың, өнімділіктің нышаны. Оны көбейтушісі бата-тілек деп білген қазақ халқы. Сондықтан да, ауыл ақсақалдары келінге «аяғын құтты болсын!», «Құтты қадам болсын!» -деген бата-тілек жолдайтын болған.

Өмірлік сәттілік, өмірдің берекелі болуы, бағы ашылу, бақ қону, ырыс-несібенің молаюы, дәулеттілікке кеңелу т.т. адам өміріне қатысты сұрақтар. Мәні терең осы кең түсініктерді бір өріске біріктірушісі  құт деп  тұжырымдауға боларлық. Ол жаратылыс пен  тіршіліктің реттілігі, жүйелігі. Жаратушы әлемді реттілікпен, есеп қисаппен, ең бастысы Жаратушы мен жаратылыстың, Аспан мен Жердің, жан мен тәннің диалектикалық емес, біртұтастылық гармониясымен жаратқан. Ал адамзаттың тіршіліктегі түпкі арманы, мүддесі мен мақсаты не? Ол бақытты болу, бақытты сезіну. Бақыт адам үшін жат дүние емес. Бақыт – адам тіршілігінің өрісі. Ал оның бастауы, субстанциясы – құт.

Құт – жан, өмірлік қуат, рух. Құт – Тәңірдің сыйы ретіндегі субстанция. Тәңірден адамзат баласына қандай сый берілуі мүмкін? Әрине, Тәңірден адамзат баласына ең басты сый бұл тіршілікке негіз бола алатын жан беріле алады. Осы жан арқылы адам Жаратушысымен бірлікте болады. Жанның мәңгілігі осында демекпіз. Мәселен, түркі қағандарының «Тәңірқұт», «Идіқұт» атақтарын айтуға болады. Біздің ойымызша  халқына ұлы жеңіс сыйлап, түркі елін мәңгілікке ел болуға бағыттаған қағанды құрметтеп, «Тәңірқұт», «Идіқұт» деп атап, оларға жоғары атақ берілген. Бұл  жерде  Тәңір иесіне тән ерекше қасиет – мәңгілікте өмір сүру. Ал «құт» Тәңірмен берілетін «жан» деген мағына білдіреді. Сонда, «Тәңірқұт» дегеніміз «мәңгі жан» деген мағынаға әкеледі. Ал, «иді»-қасиетті, құдіретті жан деген мағына саятын секілді.  

Жан тән үшін субстанция, бастама болса, тіршілік үшін басты субстанция құт секілді. Бұл жерде құт деп отырғанымыз жан да,  тіршілік деп отырғанымыз бақыт, несібе, ырыс, береке деп тануымыз дұрыс секілді. Құт дегеніміз не? Бұл жанның тілегі демекпіз. Жанның тілегі не десек? Ол тәнмен бір болу дер едік. Осы бірлікті біз тіршілік деп түсінеміз. Ал бақыт дегеніміз екі аяғымызбен қара жерде басып жүру деп  тіршілікті меңзер едік.

Адам үшін өмірдің бастамасы құтпен басталып, құтпен ұласқаны абзал дейміз. Осы «құт» ұғымымен қатар «құтсыздық» түсінігі бар. Ол өз алдына бір мәселе. Дегенмен де, құтсыздық деген не дегенге жауап берейік. Ол жан мен тәннің бірлігінің бұзылуы дер едік. Оны адамзат өлім деп таниды. Сондықтан да, жан тән үшін өмірлік қуат, рух,энергия десек, жан үшін тән болмыстық сипат демекпіз. Тәнсіз жанды елестету мүмкін емес. Бұл жерде басты мәселе, «құт» жан мен тәннің гармониясы ретінде түсініледі. Гармонияның бастауы Тәңір әке мен Ұмай ана, Аспан мен Жер деп жоғарыда айтқан болатынбыз. Осы екі қатынастың гармониясының бұзылмауы тіршіліктің ең басты күш-қуаты болып табылады. Ол жағдайда адам жаны жетіліп, үнемі рухани кемелділікке ұмтылуы тиіс. Адамның жаратылысына сай кемелденуі екі бағытта көрінеді. Әл-Фараби оның алғашқысын таным, екіншісін ізгілік пен қайырымдылық деп, кісілік кемелділікті жан жетілуі түрінде танытады: «...дене жан үшін  (өмір сүреді), ал жан мінсіз жетілгендік үшін, яғни қайырымдылық болып табылатын бақыт үшін өмір сүреді, демек, жан даналылық пен қайырымдылық үшін (өмір сүреді)» дегенді. [2,28 б.]. Бұдан біздің  түсінетініміз басты дүние жанның кемелденуі. Адам философиясы дегенде жан мен тәнді бірлікте игеру философиясы дер едік. Жанның тәнді тастап кетуі ол өлім. Адам үшін ол қорқыныш, үрей туғызады. Ғалым Ә.Т. Төлеубаев былай дейді: «қазақ халқының дүниетанымында адам қатты қорыққанда, не бір нәрсеге қатты абыржығанда «құты қашты», «сұры қашты», «тынымы кетті» дейді. Шындығында бұл тіркестер адамның жанының қысылғандығын, оны тіршілік күшінің тастап кеткелі тұрғанын білдіреді». [3,290б.] Әрі қарай ғалым: «Көне қазақтарда «жан» туралы түсінікпен бірге осыған жақын «ие» деген де ұғым болған. Бірақ «ие» барлық пендеде болмағанға ұқсайды. Ие тек Тәңірінің таңдаулы адамына ғана қонатын ерекше күш, ақыл беретін тылсым қасиет. Ондай адамға өлімнің келе жатқанын оның иесі білдіреді деген сенім кең тараған.[3,290б.] Мысалы, Жүсіп Баласұғынның «Құтты білік» деген шығармасында мынадай жолдар бар: 

                                «Айтты Одғұрмыш өлімнің шын келгенін,

                                  Түсіне еніп иесі аян бергенін» [4,477 б.]

деп, «ие» сөзінің маңыздылығын айтып өтеді. Әрине, «ие» деген жанның иесі, иелік етушісі Тәңірі екендігін айтады. Жанның тәнді қай уқытта тастап кететінін иесі біледі. Әр дүниенің өз иесі бар. Иесіз дүние жоқ. Бұл тұрғыда да, кеңістік пен уақыт шеңберінде адам өмірі үшін басты рухани күш – қуат, өмірлік энергия осы құт субстанциясында жатыр. Ойымызды әрі қарай толықтыра түссек, зерттеуші Ж.Т.Қошанова да өзінің «Қазақ тіліндегі «Байлық– кедейлік» концептісі: танымдық сипаты мен қызметі» атты ғылыми жұмысында:««Құтадғу білігте» адамның  дүниеге келуін құт деп түсіндірген, сонда құт сөзі ассоциативтік  қатынаста «тіршілік» мәніндегі  «барлық, молшылық» концептісімен байланысты екенін көреміз» деп атап өтеді. [5,25б.] Бұл жерде автор ассоциативтік қатынаста «тіршілік» дей отыра, «молшылық» концептісімен ұластырып отыр. Біздің пікірімізше, тіршіліктегі молшылық бұл материалдық игілік түрінде емес, ең бастысы адам өмірінің молшылығы. Оның ар жағында ұзақ өмір сүру танымы жатыр. Қарттың жасқа берген «жасың ұзақ болсын!» деген батасының мәні де сол демекпіз.

"Құт" сөзі  жан деген мағынамен қатар, «рух», «өмірлік қуат» деген түсінікте де қолданылуы мүмкін.  Бұл орайда «рух» деген сөзді екі мағынада қабылдауға болады. Біріншіден, рух деп адамның дүниеден өткеннен кейінгі жанының рухқа (аруаққа) айналуы болса, екіншіден, рухты адамның ішкі дүниесіне ерік-жігер беретін энергиялық күш-қуат ретінде қабылдауымызға болады. Мәселен, "зәре-құты қашты" деген жанның қатты қорқуы, жанның тәнді тастап кету сәтімен ұштастыруға болатын болса, "құты тасыды" дегенді адамның энергетикалық күш-қуатының артуымен түсіндіруге болады. Құты тасыды, білімі арты, дәрежесі өсті, молшылыққа кеңелді деп қабылдауға да боларлық.

Француздық ғалым Жан - Поль Ру  бойынша «Рух – көктің сыйы, несібесі ретінде құт тарапынан берілген. Құт – рух, өмірлік қуат, азық, бақыт, несібе мағыналарды білдіреді. Құт – Көктегі «сүт көлінен келгендіктен де ол сүттей таза. Әлемдегі барлық болмыста құт бар. Құт – бұл бақыт» деп тұжырымдайды.[6,128-129б.]

Ғалымның көктегі сүт көлі деп тұрғаны біздің түсінуімізше, Тәңірісінің адамға беретін жаны  таза, пәк, сүттей ақ дегенді меңзейді. Адам жаны таза періште. Онда қатегездік пен зұлымдық жоқ. Адам кесесі ақ сүтке толы. Екінші жағынан, жанға, рухқа, Тәңір тарапынан өмірлік қуатқа ие болған, дүние есігін енді ашқалы тұрған нәрестенің сүт көлінен келгенін меңзейтін тәрізді. Себебі, өмір есігін ашқан нәресте дүниеге келгеннен кейін, Аспан аясындағы сүт көлінен ана омырауына беріледі. Нәресте үшін алғашқы өмірлік қуат ана сүті болып табылады. Бұл жағынан келгенде нәрестенің дүние есігін ашуы құт – бақыттың нышаны. Сонымен қатар, сүт бұл жерде нәрестенің ырыздығы, несібесі іспеттес. Нәрестенің дүниеге келуінен асқан ата-ана үшін бақыт жоқ. Бұл тұрғыда әлем құттылықтың негізінде жаратылған. Құттылыққа ие болып барып, адам шынайы бақытқа және шаттыққа кеңеледі. «Құт – бұл бақыт» деп  Жан Поль Рудың меңзеп тұрғаны да осы болар. 

Ежелгі Қытайлықтар өздерін аспан астындағы елміз деп, осы аспан ерекшелігін жақсы танығанын және түсінгендерін бір көрсеткендей. Ежелгі Қытай дүниетанымы үшін «дао» қаншалықты маңызды болса, түрік дүниетанымы үшін «құт» соншалықты маңызды, тіпті даоға қарағанда «құт» өміршеңділігі жағынан өте күрделі де, кең дүниетаным деп айтсақ та артық болмас. Дегенмен екеуінің бастауы Көк Аспан екені белгілі Аспан мен қатар жер де мәңгілік. Аспан мен Жер бинарлық қатынаста, үйлесімділікте, бірлікте. Адам ғарышта  немесе жердің астында өмір сүре алмайды. Адам тек қана,  аспанның астында жердің үстінде өмір сүре алады. Құран Кәрімде де Жаратушы адамға аспанды төбе етіп, жерді төсек етіп жаратқаны айтылады. Аспан мен Жер аралығында ауа орналасқан. Сонда ауа деп тұрғанымыз  тіршіліктің нағыз өзі. Ауа деп тұрғанымыз жан. Неге? Ауа секілді біз жанды да көре алмаймыз. Егер біз жанды құт десек, онда ауаның өзі де құт. Тіршілік үшін  аспанда құт. Аспанмен қатар жер де құт. Мәселен, Асан Қайғының «Жер-ұйығын» айтуға болады. Құтты мекен, құтты жер деген соның бір дәлелі болмақ. Неге десек, Жаратушы Тәңір әлемді, ондағы аспан, жер, күн мен ай, сонымен қатар адамды бір әлем етіп жаратып, олардың бірлігін бірінші орынға қойған тәрізді. Бір болуда ғана құт болады.

                Біртұтастық идеясы Жүсіп Баласұғынның «Құтты білік» дастанындағы төрт дүниетанымдық ұғымның әділ билік, игілікті дәулет, білікті ақыл немесе сау ақыл (здравый ум) және соңғысы адамды Жаратушы алдында қадірін сақтайтын қанағат бірлігінде, тұтастығында. Таңқаларлығы бұл дүниетанымдық ұғымдардың орындары бір-бірімен ауыспайды. Олардың араларында реттілік принципі қатаң сақталынған. Төрт дүниетанымды жеке дара қарастыру құт туралы толық мазмұнды ашпайды. Төртеуінің бірлігінің гармониясының негізінде ғана құт танылады деп білеміз.

Құт – философиялық ұғым деп негіздеудің бір жолы бұл Жүсіп Баласұғынның «Құтты білік» дастаны. «Құтты білік» нағыз философиялық шығарма. Оның мазмұнында біздің ойымызша үш философияның бірлігі сипатталған секілді. Бірінші – Алла мен адам бірлігі философиясы, Екінші – Алла мен адам бірлігінен туындаған ізгі өмір философиясы, Үшінші – Алла мен адам бірлігінен қалыптасқан ізгілікті билік философиясы. Академик А.Н.Кононовтың: «Это философское произведение, в котором анализируется смысл и значение человеческой  жизни и определяются обязанности и нормы поведение человека в обществе» [7,507б.] деуі соның айғағы.

«Құтты біліктегі» әділет, дәулет, ақыл, қанағат түсініктері субстанциялық мәндегі ұғымдар. Дастанның мазмұнын байыптылықпен қарап отырсақ, бір қарағанда, басты мәселе Күнтуды патша жөнінде болғанымен, негізгі тұлға Айтолды деп ұйғарамыз. Өйткені, ол құт-дәулет. Жүсіп Айтолдының табиғатын Елік патша арқылы ашпақ. Елік патша  өзінің билігін осы Айтолды құт арқылы жүзеге асырып отырған тәрізді болып көрінеді. Ал Айтолды, ол уәзір қызметінде. Патшаға үнемі ақыл-кеңес беруші. Сол ақыл-кеңес арқылы патша өз бойында құттылықты кемелдендірумен болады. Бұл жерде құт идеясын жүйелі түрде ашу үшін Хас Хажыб диалог әдісін қолданған. Сол диалогтың негізінде әділет, дәулет, ақыл, қанағат арасында  тығыз қатынас орнайды.

Айтолды құт өз табиғатын: «Мен – дейді Айтолды, тұрақсызбын, үнемі өзгеріс үстіндемін. Адам талғамаймын. Мен соқырмын. Кіммен жұғыссам, соның артынан еріп жүре беремін» дей келе, Айдың табиғатымен үндестікте екенін аңғартады. Ай туғанда кіп-кішкентай болады, кейін толған Айдай толықсиды, арты жіңішкеленеді, соңында жоғалады. Енді Айтолдының өзін сөйлетейік:

Толған айым бара жатыр кетіліп,

Сара құлқым қара болды, сетіліп.

Қарсы алушы ем туатығын күнімді;

Батты күнім, түнек түннен түңілдім.

Қандай жақсы дәулет айнып кетпесе

Жүрсе бірге,әсте сыртқа теппесе.

Қандай жақсы бектік-билік өрлесе

Ажал тұтпай,кісі мәңгі өлмесе.

Қандай әсем, жігіттік шақ-аңғырт шақ

Қарттық келмей, иілмеген албырт шақ![4,266 б.]

Бұдан түсінетініміз, Ай адам өмірінің айнасы іспеттес. Ай табиғаты арқылы адам өмірін, тіршілігін суреттеп тұрғандай. Адам да, Ай секілді бірнеше фазаларды бастан кешіреді. Нәресте, балалық шақ, жігіттік шақ, ел ағасы, әрі қарай қарттыққа жолығады. Қарттықты қазақ бір аяғы көрде деп сипаттайды. М.Қашқаридің «Жасалар қыстың қамы құтты жазды, ойласаң шіркін ғұмыр тіпті аз да» деген асыл сөзі бар. Талдап көрелік.  Құтты жаз – бұл адамның жастық шағы, жігіттіктің кезеңі. Жастық шақ – бұл энергиялық күш–қуаттың кернеуінің кернеген кезеңі. Ол адамға бірақ рет беріледі. Ал қыс болса, адамның қартайған шағы. Осының ар жағында ғұмыр қысқалығы айтылады. Адам ғұмыры – осы өмір мен өлім арасын шарлау. Жай шарлау емес, құтты іздеумен кезу деп түсінер едік. Осы жерде Ғұмар Қарашты сөйлетсек:

«...Біз адамзат жынысы

Дүниеге келіппіз.

Жиһан деген қонысқа

Келіп жетіп еніппіз.

Келуіміз не үшін?

Кетуіміз не үшін?

Мұнда не сыр, не мақсұт?

                                     Білдік десек біліппіз» дейді.[8,117-118б.]

Ғұмырдың мақсаты Ғұмарды ойландырған сұрақ. Барлық адамзатты толғандырған сұрақ.  Басты сұрақ адам өмірі құтты болса деген тілек. Сонда, адам дүние есігін ашады да, жабады демекпіз. Бұл үздіксіз процесс. Бірақ адамзат тіршілігі үзілмейді.Тоқтамайды. Одан біздің алатын сабағымыз Ай процесі, оның құбылмалдылығы біздерге өмірдің құт екендігін түсіндіріп отырғандай. Яғни, Ай тіршілікті тежеуші фактор ретінде қызмет етеді.

Дастандағы диалогты байқасақ, Айтолды өлер шағында Күнтуды Елікке өзінің ізін басып келе жатқан ұлы бар екендігін айтады. Оның есімі – ақыл. Және туысы-қанағат. Ақылдың да Елік сарайында қызметі жоғары. Өйткені, ол ақыл, біледі, Айдың қайта туатынын, қайта өз орнына оралатынын. «Тумақ бар жерде, өлмек бар». Өзге бір адам баласы дүниеден озады, оның орнына өзгесі келеді. Бұл қайталана беретін процесс. Алайда адам өз өміріне қанағаттықпен қарау керек екендігін Одғұрмыш айтады. Өлімге өкінішпен қарауға болмайды екенін ескертеді. Адамзат тіршілік мөлшеріне қанағатшылық таныттуы тиіс. Себебі, өмір де, өлімде Алламен беріліп, алынады.

Сонын негізінде субстанция - акциденция арақатынасы анықталынады. Ғарифолла Есім «...Бұл ұғымдарды қарапайым мысалмен түсіндіріп кетейін, мына кісі дегенде, кісі–субстанция, ал кісінің түрі ақ па, әлде Африкадан келген қара кісі ме десек, осы ақ не қара деу–акциденцияға жатады» - дейді. [9,33б.]

Сонда құт  бастапқыда Тәңірісі, кейін Алламен берілетін тіршіліктің бастауы болатын жан. Ол өмірлік қуат арқылы тәнді рухтандырады демекпіз. Сөйтіп, жан мен тән бірлігі негізінде адам орындалмақ.

Алла өмірді, тіршілікті көптүрлілікке толтыра отыра, барлығының бір болуы идеясына жетеледі. Өмір тіршілікте адам баласына бір–ақ рет беріледі. Осы өмірде адамзат бір болуы керек. Бөлінушілік пен жікшілік адамзатқа құт әкелмейді. Діннің де, мақсаты мен мәні осында.

Сонда, субстанция құт жанның тілегі болса, оның акциденциясына тәннің тілегі тіршілік, бақыт, бақ, береке, ырыс, несібе арқылы толығады. Адам баласының тілейтіні ұзақ өмір, мәнді өмір. Тіршілік бар жерде несібе де, ырыздық та, игілік те, бақыт пен берекеде болады деп сенім білдірді.

Бір сөзбен айтқанда, құт – философиялық ұғым.

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

  1. Наделяев В.М., Насилов Д.М., Тенишев Э.Р,Щербак А.М. Древнетюрский словарь. – Ленинград.: Наука, 1969, 471 с.
  2. Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т.16. Фарабитану/Құраст.Ә.Нысанбаев.-Астана.:Аударма,2006. 28 б.
  3. Ә.Т.Төлеубаев.Қазақ халқы этнографиясының мәселелері. Т.2//Дүниеден қайтқан адамды жерлеу және артын күтуге байланысты наным сенімдер. -Алматы, 2013. 290б.
  4. Əдеби жəдігерлер. Жиырма томдық.5-т.: Жүсіп Баласағұн. Құтты білік /Көне түркі тілінен аударып, алғы сөзі мен түсініктерін жазған А.Қ.Егеубаев- Алматы: «Таймас» баспа үйi, -2007. 477 б.
  5. Ж.Т.Қошанова. Қазақ тіліндегі «Байлық – кедейлік» концептісі:танымдық сипаты мен қызметі//Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. -Алматы,  2009.  25 б.
  6. Roul J.P. Turklerin ve Mogollarin Eski Dini. -Istanbul. 1998. 128-129 P.
  7. Кононов А.И.  Баласугунский Юсуф. Благодатное знание. –Москва: Наука, 1983. 507с.
  8. Ғұмар Қараш. Замана. -Алматы: Ғылым. 1994. 117-118б.
  9. Ғарифолла Есім.Адам-зат. –Астана: Ақарман, 2008, 33 б.

Жанабаев Жылбек Маратұлы, Гуманитарлық ғылымдар магистрі

Abai.kz

0 пікір