ҚҰСЫБАЙ ХАЗІРЕТ СЫЗДЫҚҰЛЫ (1888-1965)
ҚҰСЫБАЙ ХАЗІРЕТ СЫЗДЫҚҰЛЫ (1888-1965)
24.01.2021 22:07
624
0

Кеңес үкіметі замананында өмір сүрген ортасында  көңілдерге исламның қасиетті нұрын сеуіп, шама-шарқынша қыруар істер тындырған  аталарымыз көп болған. Солардың бірі- Құсыбай имам, яғни Хұснолла Сыздықұлы  болмақ.

Тәуелсіздік жылдары «Баянатау» газетінің бір санында «Әкем Құснолла хазрет туралы сыр шертемін» деген тақырыпта Файзул-Кәрім атгы дәрігер бауырымыздың және қызы Махбуба Құсыбайқызының алақандай ғана жазбасы, сонымен қатар Исабек ишан атындағы қайырымдылық қорының құрастыруымен шыққан «Исабек ишан» ( Павлодар «Сытин» баспаханасы, 201 1-3 846.) жинағындағы көнекөздердің естеліктерінде бұл кісінің Кеңес үкімет дәуірлеп тұрған замандағы  асыл дінімізді тұтынып, насихаттап өткен ересен еңбегі туралы аз да болса айтылыпты.

1888 жылдары қазіргі Баянауыл ауданы аумағындағы Шақшан болысына қарайтын Қойтас ауылында дүниеге келген Құсыбай хазірет 1965 жылы дүниеден өтіп, қазіргі Майқайыңда жерленіпті.

Құсыбай хазірет жастайынан Баян дуанында ислам дінін насихаттауға зор үлес қосқан Исахан хазіреттен білім алып, ақыры Исахан хазіретгің өз қызы Карима анамызбен косылған екен. Осыдан-ақ ұстазының ризашылығына бөленген дарынды шәкірт болғанын көреміз.

Исахан хазірет медресесінен алған білімін одан әрі патшалы Ресейдің Тройцк қаласындағы діни медреседен толықтырып, қайтып Кереку қаласына тұрақтап, өмір бойы өз ортасы мен болашақ жастарға касиетті дінімізді насихаттау, олардың бойына иман нұрын дарыту жолында жалықпай еңбектеніпті. Кеңес үкіметі тұсында дінді насихаттады деген айыппен 1929-1931 жылдары екі жыл бойы абақтыға отырып, одан босай сала Голощекиннің қолдан ұйымдастырған ашаршылығынан отбасын аман алып қалу үшін Ресейдің Новокузнецк қаласына бассауғалап жүріп, 1940 жылы елге оралған. Содан өмірінің соңына дейін қасиетгі дініміз жолында енбек етіп, 1950-1962 жылдары І-Мамыр көшесіндегі ағаш мешітте ( казіргі қалалык «Бижан» мешіті) имамдық қызмет атқарған. Тәуелсіздіктің таңы атқанша Ертістің Кереку  өңірінде үзбей қызмет атқарған жалғыз мешіт осы мешіт болатын.

 Жоғарыда аталған естеліктер мен көзі көрген адамдардың айтуынша, ол кісіден ауылдастарымен туыстарына қоса сан жүздеген шәкірттер оқып, сауатын ашқан. Көпшілігі зиялы қауымның қатарын толықтырып, ұстаз сенімін ақтап, елге қызмет атқарды. Шәкірттерінің арасында ауыл шаруашылығының мамандары, білікті дәрігерлер, білім саласында табысты еңбек еткендері көп.

Оларды ат-атымен атап, елге сіңірген еңбектерін талдап жатар болсақ біршама ұзаққа сілтеуге де болады екен. Жалпы, бүгінде «медресе» десе дініи білім беретін оқу орны деп түсінетініміз рас. Алайда бұрынғы уақыттарда медресе тек діни білім ғана емес тарих, жағрафия, әдебиет, астрономия, тілтану т.б. көптеген дүниауи ілімдерді де үйрететін ғылым-білім ошағы, яғни діни әрі дүниауи білім беретін  оқу орны болғаны анық. Медреседен алғашқы сатылы білім алған талай шәкірттер арықарай осы оқу арқылы алған имани тәрбиесі негізінде адалдықтың ақ жолынан танбай ізденіп, білім-ғылым шыңына жетіп, халқына зор қызметтер атқарған. Бүгінде өткен ғасырда өмір сүрген еліміздің ең елеулі тұлғалары түгелдей дерлік осы медреселер арқылы алғаш білім кілтін қолына ұстағандар болатын.

Сонымен қатар Құсыбай хазретгің өмір бойы иләһи-рухани ағартушылық қызмет атқарып, өз заманының зиялы дегдары болғанын ол туралы естеліктерден білеміз. Мәселен, баласы Файзул-Кәрім: «Әкемнің мен білетін бір қасиеті өте кітапқұмар болатын. Ол тек діни кітаптармен Құранды ғана емес,түрлі әдебиеттерді де жинақтайтын. Сирек кездесетеін кітаптарды көре қалса ат-түйедей қалап, ақшасына сатып алатын...Жекеленген құнды кітаптарды әкем көзі тірісінде Алматы қаласындағы бас мешітке өз қолымен тапсырды» деп жазса қызы Махбуба: «...Қай жерде жүрсе де  дін тарату, Алла хақ деп ел арасында намаз оқып, Құран оқуын жалғастырды. Орыс жерінде жүріп бізді мұсылманша оқытты, түнделетіп жасырын түрде. Павлодарда тұрып ағайындар Майқайыңға көшкенде әкеміз қыздарымды оқытам деп Павлодарда қалды. Содан біз әкеміздің арқасында педагогика, медицина институтын бітіріп, білім алып, ел қатарлы өмір сүрдік» деп еске алған екен.

Хазірет марқұмның осындай жолмен санасына білім нәрін еккен, бүгінде халыққа танымал қаншама шәкірттерін атауға болады. Қылышынан қан тамған кеңес дәуірінде де ұлтымыздың рухына зиялылық, оқымыстылық, руханилықты дарыту, оның имандылық тұрғыда көзге көрінбей іштей буырқанып, ілгері дамып отыруына дәл осы Құсыбай хазірет секілді қарапайым мүмін мұсылмандар үлкен үлес қосып отырғанын осыдан-ақ білеміз. Хазіреттің өз кіндігінен тараған төрт баласының үшеуі дәрігер, біреуі мұғалім қызметін атқарып келген болса, немерелері заңгер, мұнайшы тағы басқа аса қажетгі мамандықтармен қаруланып ел игілігіне қызмет етіп жатуы оқу мен ғылым арқылы ұлтына ізгіліктің дәнін сеуіп келген арғы тегі, ата қаны, ана кіндігімен жалғасқан зиялылылқтың  айқын белгісі болмақ.

Қорыта айтар болсақ, Құсыбай хазреггің ұрпақ санасына сепкен руханилық пен зиялылықтың өшпес дәні бүгінде Тәуелсіз еліміздің іргесін бекемдеп, уақыт алға тартқан күрделі түйіндердің күрмеуін шешу жолдарында да көзге көрінбейтін нәзік иірімдер арқылы өз жалғасын табуда. Өйткені Құран-шариғат жолын құбыжыққа айналдырғанбольшевиктіксаясатөктемдігін жүргізіп келген өткен ғасырда Алланың хақ жолын адамдарға дәріптеген Арқа төсіндегі бірді-екілі ғана мешіттің тізгінін аттай 30 жылға жуық ұстаған Құсыбай хазреттің (Хұснолла Сыздықұлы) артына қалдырған рухани мұрасы бүгінде өз жалғасын табуда.

 

 

0 пікір