Құрандағы насих мәселесі
Құрандағы насих мәселесі
06.06.2015 09:56
6516
0
Абдусамад Оқан, PhD докторанты, исламтанушы

 Құран аяттарының кейбірі үкiмiне қарай «Нәсих» және «Мәнсух» болып бөлiнедi. «Насх» сөздікте кетiру, жою, ауыстыру деген мағынаны бiлдiредi[1]. Шариғи мағынасы туралы имам Байдауи: «Шариғат талабына сай бiр үкiмнiң күшi жойылуы» деген[2].

Бір мәселе төңірегінде бірнеше аяттың түсуіне байланысты яһудилер: «Сендер Мұхаммедтің (с.ғ.с) ісіне таңданасыңдар ма? Ол сахабаларын бір іске біресе бұйырып, біресе тыяды. Сонда бұл Құран дегендерің Мұхаммедтің (с.а.с) сөзі емей немене?» – дейді. Сол кезде: «Бір аятты ауыстырсақ немесе ұмыттырсақ одан жақсысын, не сол сияқтысын келтіреміз. Әрине Алла тағаланың әр нәрсеге күші жетуші екенін білмедің бе?»[3] деп бір аяттың ауысуында адам баласы үшін өптеген хикмет пен жеңiлдiк бар екенін ескертеді[4].

Үкімі насих болып, оқылуы  қалған аяттар туралы мынандай мысалдар  келтіруге болады. Олар:

1.Кейде адам қайтыс болар сәтінде көңілі жақын кейбір жақындарына      дүние-мүлкін бүкілдей өсиет етіп, қалған туысқандарын құр алақан қалдыруы мүмкін. Сондықтан, өсиет қалдырғысы келген адам мұрагерлік ете алмайтын жақындарына немесе көңілі жақын бөгде адамдарға дүние-мүлкінің үштен бірін ғана өсиет ете алатынын міндеттеді.

Имам Мәлік Сағд ибн Әби Уаққастан, ол әкесінен жеткізген риуаятта: «Қоштасу қажылық жылы қатты ауырып жатыр едім, мені Алла елшісі (с.ғ.с) зиярат етіп келді. Мен: Уа, Алла елшісі! Көріп отырғаныңыздай, қатты ауырып жатырмын. Менің көп малым бар, мұрагерлік ететін бір қызым ғана. Малымның үштен екісін садақа қыла аламын ба? – дедім. Алла елшісі (с.ғ.с): жоқ (садақа ете алмайсың) – деді. Мен: жартысыншы? – дедім. Ол (с.ғ.с): жоқ – деп, содан кейін былай деді: үштен бірі, үштен біріде көп. Расында сен мұрагеріңді адамдарға қол жайғызып, кембағал етіп қалдырғаныңнан, бай қалдырғаның қайырлы.... – деді».

2.Ері қайтыс болған әйелдің ғиддәті (санайтын күні) әуелде: «Қайтыс болып, әйелдерін қалдырғандар; әйелдерінің бір жылға дейін (үйлерінен) шығарылмай қамдалуларын өсиет етсін.»[5]- аятының үкімін: «Сендерден біреу қайтыс болып, артында қалдырған әйелдері; төрт ай он күн (ғиддат) күтеді. Әрқашан олардың ғиддаты бітсе, олардың өздеріне байланысты істеген істерінің (үйлену үшін киініп, түзелуінің) сендергежауапкершілігі жоқ. Алла не істегендеріңнен толық хабардар»[6] - аяты насих етеді.

Адам кездейсоқ қайтыс болған жағдайда, әйелдерінің бір жылға дейінгі үйінен шықпай, негізгі қажеттіліктерімен қамдалуы үшін өмір бойы  алдын-ала материялдық дайындықта жүруі тиіс. Міне, бұл кейбір бала-шағасын әрең асырап жүрген отағасы үшін ауыр болары анық. Ал әйел кісі де бір жыл бойы ғиддәт күтіп, сөз салған басқа еркектерге жауап бермей отыра беруі де оңайға соқпайды. Сондықтан, Алла тағала құлдарының жауапкершілігін жеңілдетіп, ғиддәт күнін азайтып, төрт ай он күнін қалдырады. Яғни, төрт ай он күнде әйелдің бойында бұрынғы күйеуінен бала бар, жоғы анықталып, көңілдегі күдіктер сейіледі. Осы межелі уақыттан кейін, әйел кісі үйлену үшін бойын түзеп, өмір жолын таңдауға рұқсат берілген.

Алла тағала пенделеріне дүние-ақыретінің игілігін қалағандықтан бір амалдың үкімін жойып, екінші бір жеңіл амалды орындауын міндет еткен. Болмаса бір аяттың екінші бір аяттан абзалдығын білдірмейді. Себебі, Исламда «Құранның қайсы бір аяты оқылса да сауап беріледі» – деген[7].                                                                          


0 пікір