Қиямет қашан болады?
Қиямет қашан болады?
03.06.2015 11:08
12671
0
Абдусамад Оқан, PhD докторанты, исламтанушы

 Ақыр заман ерте ме, кеш пе болатыны анық. Оның нақты қашан  болатыны Алла тағалаға ғана аян. Қасиетті Құранда: «Мұхаммед, олар сенен қияметтің қашан болатындығын сұрайды. «Шынында оның мәліметі Раббымның қасында. Оның уақытын өзі ғана біледі. Көктер мен жердегі ауыр жағдай сендерге кенеттен-ақ келеді» де. Сен оны зерттеп отырғандай сұрастырады. «Шынында оның білімі Алланың құзырында. Бірақ адамдардың көбі оны түсінбейді» деп айт»[1] деп ғайби (көмескі) істер жайлы нақты мәлімет бір Аллаға ғана мәлім екенін ескертеді. 

         Әбу Һурайра (р.ғ) Жебірейілдің (ғ.с) адам суретінде Пайғамбарымызға (с.ғ.с) келіп: «Қиямет қашан болады?» - деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ол жайлы сұралушы, сұраушыдан артық білмейді. Бірақ оның белгілерінен сені хабардар етейін»[2] және: «Алты нәрсе келуден бұрын ізгі амал жасауға асығыңдар. Олар: Күннің батыстан шығуы, дәжжал, дұхан (түтін), дәббатул-ард (хайуан), біреуіңнің басыңа келетін өлім және жалпыға бірдей келетін қимет»[3] деп қиямет белгілеріне мән беруге шақырады.

         Имам Матури: «Ақиқатында қиямет мерзімінің мәліметі, жаңбырдың қашан жауатыны, жатырдағы бала қандай екені, ертең кімнің не істейтіні және қай жерде өлетіні бір Аллаға анық. Күдіксіз Алла толық білуші, хабардар»[4] дейді.

Әркім өзінің қанша жасында, қай жылы, қай күні дүниеден өтетінін білгенде әлі уақытым бар деп бойды кеңге салып жүре береді немесе уақыт таяған сайын бойын қорқыныш билеп, өмірден түңіліп қоғамнан алшақтап қалар еді. Тіпті, құлшылық жасаса да Алла разылығын көздеп толық мағынада жасай алмай, өлетінін ойлап ала көңіл болып тұрады. Құлшылық Алла тағаланың шексіз нығметтеріне разылық тұрғысынан жасалуы, қорқыныш әсерінен зорлықты түрде жасалмауы керек. Әрбір адам қашан, қалай өлетінін білмеуі, өлім қорқынышын бір сәт болсын ұмытып (өлмейтіндей), үмітпен ақыреті саналатын тосын ажал арпалысына еркін дайындық жасауы Алла тағаланың әлсіз пенделеріне сыйлаған кеңшілік-рахметі деген[5].

Қиямет – сурдың (сырнайдың) қатты дауысынан кейін іле-шала бұрын-соңды болмаған жер сілкінісі, цунами, жанартаудың атқылауы сынды істермен дүние тіршілігінің аяқталуы. Құран, хадис қиямет күні төбесі көк тіреген ғимараттар, зәулім зауыттар, қымбат бағалы көліктер сияқты адам баласы жанындай жақсы көретін, ажырамас меншігі ретінде білген нәрселердің барлығы тозаңға айналып, тапжылмастай болып көрінген таулар тарыдай шашылатынын айтады. 

          Қасиетті Құранда: «Олар қиямет мезгілінің өздеріне кенеттен келуін күте ме? Расында оның белгілері келді ғой. Қиямет келіп болғанда, үгіт алулары неге жарайды?»[6] деп қияметтің белгілері келгенін айтса, Алла елшісі (с.ғ.с) екі саусағын біріктіріп тұрып: «Менің пайғамбар болып жіберілуім мен қияметтің арасы осы екеуі тәрізді»[7] деп соңғы пайғамбар болып жіберілуі қиямет күнінің жақындығының белгісі екенін ескерткен.                                                        


0 пікір