Қазақстан - дінаралық сұхбаттастық пен рухани келісім алаңы
Қазақстан - дінаралық сұхбаттастық пен рухани келісім алаңы
04.05.2018 11:25
1850
0

 Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздікке қол жеткізгенде еліміздегі ішкі тұрақтылықты сақтау үшін дінаралық һәм ұлтаралық мәселелерді оң реттеу міндеті аса  маңызға ие-тін. Сол кездегі Жоғарғы Кеңес 1992 жылы «Діни сенім бостандағы және діни бірлестіктер» туралы Заңды қабылдап, ел азаматтарының дінді ұстанып-ұстанбауына еркіндік жариялады. Сонымен бірге Қазақстанда жүзден астам ұлттардың диаспоралары өмір сүретін. Тарихи тағдыр бас қостырған осы ұлыстар бейбіт қарым-қатынаста болуы үшін ал, ұлтаралық мәселелерді реттеу үшін Елбасымыз 1995 жылы Қазақстан Халқы Ассамблеясын құрды.

Жалпы, жер бетіндегі халықтардың талас-тартысына тұздық болып келе жатқан өзекті тақырыптардың бірі – діни әралуандылық екендігі тарихтан мәлім. Әртүрлі діни ұстанымдар адамзаттың әркелкі өмір сүру формасын қалыптастыратыны ешкімге жасырын емес. Діни наным – Жаратушыны өзіндік тұрғыдан танытып қана қоймайды, қоғамдық қатынас барысындағы белгілі-бір өлшемдер мен қағидаттарды тудыратын фактор. Осының негізінде алажаңқа (плюрализм) көзқарастар мен ұстанымдардың қайшылығы орын алып жататынын жоққа шығара алмаймыз. Яғни, адамзат баласы талас-тартыспен емес татулықпен, ымырасыздықпен емес ынтымақпен күн кешуі үшін дінаралық сұхбаттастық пен діни төзімділіктің насихаты ауадай қажет-ақ.

Шынтуайтында, өткен ғасырда құрылған экуменистік қозғалыстың иелері әлемдегі христиан дінінің ықпалын арттыру үшін діндердің сұхбаттастық алаңын құруға талпынып көрді. Бірақ, бақай есепті бұл жоба өзін-өзі ақтаған жоқ. Батыс күштерінің дінаралық диалог қозғалысының ақыр-аяғы сиырқұйымшақтанып, басқа діндерді былай қойғанда, христиандық бағыттардың өкілдері ортақ байламға келе алмай, ымырасыздыққа ұрынды. Ал, үшінші мыңжылдықтың басында Астанада шымылдығын түрген Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының сьезі транспарентті ұстанымының арқасында өзінің өміршең платформа екенін әйгілей алды. Бұл платформа аясында әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының әйдік төрт басқосуы жоғары деңгейде өткізілді.

Біздің еліміз Елбасымыз Н.Назарбаевтың бастамасымен әлемдік және дәстүрлі діндердің бейбіт қарым-қатынасының алтын көпірі бола алды. Мысалы, тұңғыш рет 2003 жылы түңлігін түрген алғашқы сьезде делегаттар тарапынан дінаралық саммитті ұдайы өткізіп тұру сөз болып, оның жұмыс органы – Сьезд Хатшылығын құру туралы шешім қабылданды. Араға үш жыл салып барып өткізілген Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының II съезі «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік» атты тақырыптың қоясын көтерді. Осы жолғы сьезд Елорда төрінде бой көтерген Бейбітшілік пен келісім сарайында өтті. Форум жұмысына әлем елдерінен 43 делегация қатысып, жиын соңында «Дінаралық сұқбаттың қағидаттары» атты маңызды құжатты қабылдады. Сондай-ақ, сьезд соңында Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығын ашу туралы ұсыныс айтылды. Келесі Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің III съезі 2009 жылы «Толеранттылық, өзара құрмет және ынтымақтастыққа негізделген әлемді қалыптастырудағы діни лидерлердің рөлі» атты тақырыптың аясында өткізілді. Бұл жолы сьездің платформасы кеңейіп, басқосуға әлемнің 77 елінен делегация қатысты. Сьезді өткізу барысында өзге халықаралық ұйымдармен әріптестік орнату туралы бастама көтеріліп, Елбасымыз Н.Назарбаев Дін жетекшілерінің кеңесін құруды ұсынды. Соңғы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV съез 2012 жылы «Бейбітшілік пен келісім-адамзат таңдауы» атты тақырыптың аясында өтті. Бұл форумға әлем елдері мен халықаралық ұйымдардан 87 делегация қатысты. Президент Н.Назарбаев сьезде жасаған баяндамасында әлем елдерінің бейбіт қарым-қатынасына сына қағылмас үшін жаһандық транспаренттілікті қалыптастыру туралы ой қозғады. Осы тұрғыда Елбасымыз G-CLOBAL ресурсын құруды қолға алатынын паш етті. Сьезд делагаттары да түрлі құнды ойларын ортаға салып, қатысушылар тарапынан қызу талқыға түсті. Осылайша, Астана әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ашық пікір айтатын алтын тұғырына айналуда.

Дін - өте нәзік тақырып болғандықтан, бұдан бұрынғы өткізілген сьездерде дәстүрлі дін жетекшілерін бір үстелдің басына отырғызып, бірін-біріне ғаламда орын алып отырған ортақ түйткілді мәселелерді сезіндіру көзделді. Үмітіміз жанып, дәстүрлі дін көшбасшылары біртіндеп бір-бірін жатсынбай, толғақты тақырыптардың шешіміне қатысты ортақ ойлар айта бастады. Задында, тарихта ғасырлар бойы бірін-бірі теріске шығарып келген дін өкілдерінің тең дәрежеде сұқбаттастық жасауы, тарихта бұрын-соңды болмаған жағдай еді. Әлбетте, бұл Қазақ елінің үлкен жетістігі еді.

Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) 622 жылы Меккеден Мәдинаға қоныс аударғанда бұл қаланы мекендейтін Қайнұқа, Құрайза, Нәдир яһуди тайпаларымен ортақ тіл табыса отырып  мемлекет құрған еді. Қасиетті Құран Кәрім мен Алла Елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  сүннетінде кітап иелерімен бейбіт қарым-қатынас жасау жөнінде насихаттар айтылған. Демек, Елбасымыздың Қазақстанды дінаралық сұхбаттастық және рухани келісім алаңына айналдыруы кемеңгерліктің көрінісі. Осы жолдағы еңбегіміз жанып, әлемде бейбітшілік үстем болғай! 

 

Ермек Мұқатай

0 пікір