ҚАЗАҚПЫН
ҚАЗАҚПЫН
07.02.2019 21:19
390
0

Танымасаң, танып ал, мен қазақпын ,

 Жағам - жайлау, көңілім - көл кең қазақпын .

 Ұлысым бай, іргелі ел қазақпын ,

Ырысым сай, нұр жері - кең қазақпын .

 

 Мен емеспін кешегі өшкен қазақ ,

 Құба жонда тентіреп көшкен қазақ .

 Мен боламын: қойнауға қой қаптатып ,

Қала салып, білім ап өскен қазақ .

 

Мейман болсаң - жаюлы дастарханым ,

 Қымыз құям, алдыңа бас тартамын .

Атыңды ерттеп, елпектеп, есік ашып ,

Əн -күйменен өтеді асқар таңым .

 

 Қазақпын: «тегің кім» деп тектемеген ,

Ере келген итке де «кет» демеген .

Бір атын пейілі түссе, түсіп беріп ,

 Бір атым насыбайға өкпелеген .

 

Қазақпын: Түнемеген төріне түн ,

Бар сыры домбырада төгілетін .

 Аңқылдаған ақ көңіл ел боламын ,

 Аузын ашса жүрегі көрінетін .

 

 Қазақпын: қаз мойыны ойнақтаған ,

 Ой да баққан,- тек қана қой бақпаған .

 Ер, елдігім - ешкімді жатсынбаған ,

Тереңдігім - ешкімді бойлатпаған .

 

Жомарттық пен пəктіктен басталамын ,

Жаны -дана, жүрегі -жас баламын .

Керек емес əулетің дəулетіңмен ,

 Мен сенің көңіліңе -ақ мас боламын !

 

Қобыланды қазақпын - батыр елмін ,

 Қозы -Баян қазақпын - тату елмін .

Қожанасыр қазақпын - аңқау елмін ,

 Абай туған қазақпын - ақын елмін!

 

Кәкей Жаңжұңұлы

 

0 пікір