Қамшының қасиеті
Қамшының қасиеті
28.08.2015 16:17
6201
0

       Қамшы – ат-көлік, мал айдауға арналған жабдық. Қамшы – қорғануға, қарсыласын ұрып-жығуға арналған суық қару. Қамшыгерлік – қорғана білетін және жауын жайратып салатын мамандық. Қазақ халқының көшпелі тірлік салтына байланысты еңбектенген баладан бастап еңкейген кәріге дейін ат- көлік мінетін, түгелімен қамшы ұстайды. Әркімнің өзіне лайық, өзіне тән қамшылары болады. Атқа мінгенде қолында, қонышында, білегінде, белінде, тақымында, ерінің алды-артында, үстінде ілулі тұрады. Кейде тіпті қарбалас сәтте ауызға да көлденең тістейді. Ал үйде отырған кезде қамшы керегенің басында, көгінде,  уық қарында, сыртқы дөдеге мен белдеуде немесе ашада қыстырулы тұрады. Қарбалас кездері киіз-сырмақ астында, тіпті тізенің астында жатады. Әркімнің қамшысы өзі қойған жерінде тұруға тиісті.

       Қамшы атқа мінген әркімнің қолында жүретін жабдық және елеусіз суық қару болғанымен, оны қару ретінде пайдалану көрінгеннің қолынан келе бермейді. Қамшылы адам – сырттай қарағанда, қарулы адам. Ал қамшыгер өздерін «елеусіз қаруға иемін» деп санайды. Халықтың салт заңында қамшыгерлердің қарапайым адамды ұруына тыйым салған. Қамшыгерлер де мұндай қылықтан өзін-өзі тыяды. Ертеректе қазақ халқының салты бойынша қамшыны қолға ұстап үйге кіру бәленің басы саналатын болғандықтан, сырт адамдар қашанда қамшысын үй сыртында, ат үстінде қалдырып кететін болған. Осы салт монғол халқында әлі күнге дейін сақталған. Оларда үйге кіретін адам қамшысын сыртқа қалдырады. Байқамай қамшымен үйге кірген адам ауыр сөгіс естиді, не айыпқа тартылады. Қамшы арқылы жауынан қорғана алатын, не жайратып салатын адамдар қамшыгер атанған.

Бегманов Қ. Этнографпен әңгіме.

0 пікір