Пайғамбарымыз әзіл көтерген бе?
Пайғамбарымыз әзіл көтерген бе?
20.11.2015 10:56
1934
0

Сахабалардың ішінде де әзілкештері болған. Оның ішінде Нұғайман әл-Ансари есімді сахабаны атауға болады. Нұғайман Пайғамбарымызды (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм) қатты жақсы көретіндіктен, Мәдинаға жәрмеңке келетін болса, жәрмеңкеден сабағынан енді үзілді деген жеміс-жидек, бал, сүт әкеліп: «Уа, Алланың Елшісі (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм), бұларды сен үшін сатып алдым, саған сый ғып тартамын», – деп Пайғамбарымызға беретін. Бір күні Нұғайманға алған заттарының ақысын сұрап саудагер келеді. Нұғайман да әлгі саудагерді Пайғамбарымызға ертіп әкеліп: «Уа, Алланың Елшісі, мына саудагерге өткенде жеген заттарыңыздың ақшасын берсеңізші...», – дейді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм) болса түсінбей: «Уа, Нұғайман, сен оны бізге сый ретінде тарту етпеп пе едің?», – деп сұрайды. Сонда Нұғайман: «Уа, Алланың Елшісі (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм), дәл сол заттарды аларда қалтамда төлеуге ақшам болмады. Ал алмайын десем, сенің жегеніңді қалап тұрдым, сөйттім де қарызға ала салғам ғой», – дейді. Нұғайманның бұл қылығына Пайғамбарымыз күліп жіберіп, саудагердің ақшасын төлеп береді.

• Бірде Хазіреті Омар (радыйаллаһу ‘әнһу) Пайғамбарымызды (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм) немерелері Хасан мен Хүсейінді (радыйаллаһу ‘әнһума) «ат болып», арқасына отырғызып алып жүрген күйде көреді де оларға: «Астыларыңдағы аттарың қандай бағалы еді», – деп қалжыңдасады. Пайғамбарымыз да Омардың қалжыңына қалжыңмен жауап беріп: «Олар да қандай жақсы шабандоздар», – дейді.

• Мәдинада мұсылмандықты қабылдағанның алғашқыларынан болған, екінші Ақабада Пайғамбарымызға ант берген мұсылмандардың бірі Үсәйд (радыйаллаһу ‘әнһу) есімді сахаба әзілдесуді ұнататын біреу еді. Бірде айналасындағыларға бірдеңелерді айтып, күлдіртіп отырғанында Алла Елшісі (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм) қолындағы асасымен бүйрегінен түртіп қалады. Сол сәтте Үсәйд: «Уа, Алланың Елшісі, ақымды қайтар. Мен де сені ұрып, ақымды алуым керек», – дейді. Пайғамбарымыз қарсылық көрсетпестен, «Ал!» дейді. Үсәйд: «Сенің үстіңде көйлек бар, ал мен жалаңаш едім» ,– дейді. Пайғамбарымыз көйлегін көтереді, сахаба болса Пайғамбарымызды құшақтап, омыртқасынан сүйіп алады да: «Уа, Пайғамбарым, мен осыны қалап едім», – дейді.

0 пікір