Пайғамбар әзілдері – жаныңа азық
Пайғамбар әзілдері – жаныңа азық
19.11.2015 17:39
5565
0

Түйе аспаннан түспеген...

Бірде бір адам Пайғамбарымызға (с.а.с.) келіп:

– Уа, Алланың Елшісі (с.а.с.), мені бір түйеге мінгізіңіз, – дейді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм) да:

– Мен сені түйенің төліне мінгіземін, – дейді. Бұған әлгі кісі:

– Уа, Алланың Елшісі (с.а.с.), мен түйенің төлін не қыламын, түйенің төліне мінуші ме еді? – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (саллаллаһу әлейһи уәссәләм):

– Түйені сонда түйеден басқа бір мақұлық туған ба? – дейді (Тирмизи, Әбу Дәуіт). Яғни «қандай түйе болсын, мейлі атан, мейлі бота болсын, әйтеуір бір түйенің төлі емес пе?» дегендей, айтылуы тиіс қалжыңның да астарында тек ақиқат жатуы тиіс екеніне тамаша үлгі көрсетеді.

«Ей, екі құлақты!»

Пайғамбарымыздың сахаба Әнасты (радыйаллаһу ‘әнһу) кейде «Ей, Зүл-үзүнейн!», яғни «Ей, екі құлақты!» деп шақырып, қалжыңдасады екен. Алғашында мазақ қылып тұрғандай естілгенімен, адамда екі құлақ екені ақиқат. Бұл да орынды қалжың ақиқатқа негізделуі тиіс екеніне мысал.

Жәннатқа қарттар кірмейді

Бірде қартайып қалған бір әже Пайғамбарымызға (с.а.с.) келіп:

– Уа, Алланың Елшісі (с.а.с.), Жәннатқа кіруім үшін дұға етші!», – деп сұрайды. Пайғамбарымыз да (с.а.с.):

– Қарт әйелдер Жәннатқа кірмейді, – дейді. Пайғамбарымыздан мұны естіген қарт ана әлгі жерден көңілі құлазып, жылап кетеді. Пайғамбарымыз артынша соңынан бір сахабаны жіберіп: «Оған айт қарт әйелдер жәннатқа кәрі күйінде емес, жас болып кіреді», – деп сәлем жолдайды Имам Тирмизи).

Қарын өтірік айтады

Бір күні Пайғамбарымызға (с.а.с.) бір кісі:

Бауырымның қарны тырсылдап ауырып жатыр, – деп, не істеу керектігін сұрай келеді. Бұған Пайғамбарымыз (с.а.с.) «бал шәрбатын ішкіз» деп кеңес береді. Әлгі адам біраз уақыттан кейін қайта келіп:

Бал шәрбатын ішкіздім, бірақ ауырғаны қайтпай тұр, – дейді. Пайғамбарымыз тағы да сол бал шәрбатын ішкізуді кеңес етеді. Ана адам айтқанын орындап үшінші ретінде тағы да бауырының қарны жазылмай жатқанын айтады. Пайғамбарымыз тағы да бал шырынын ішкізсін деп қайтарып жібереді. Әлгі адам төртінші ретінде тағы да келгенінде Пайғамбарымыз (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм):

Алла тура сөйлейді! Ол Құран Кәрімде балда шипа барын айтады. Ал сенің бауырыңның қарны жалған сөйлейді. Бар да тағы да бал шәрбатын ішкіз», – деп жібереді. Осылайша төртіншісінде барып қана шипа табады. Сөйтсе, асқазандағы ауру туғызған дүние көп болғандықтан тек төртінші ішкенде ғана толықтай тазаланып, ауруы басылады.

Күйеуің көзінде ағы бар біреу ме еді?

Бірде Пайғамбарымыздың (с.а.с.) бала бағушысы, Зәйд бин Харисаның әйелі Үммү Айман Алла Елшісін (с.а.с.) қонаққа шақыра келіп:

– Уа, Алланың Елшісі (с.а.с.), отағасы сізді үйге қонаққа шақырып жатыр! – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.):

– Ол қайсы еді, әлгі көзінде ағы бар біреу ме еді?.. – дейді.

– Жоқ, Алланың Елшісі (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм), күйеуімнің көзінде ақ жоқ,– дейді Үммү Айман.

– Көздерінде ағы бар оның, – деп Пайғамбарымыз да дес бермейді. Үммү Айман да:

– Алланың атымен ант етейін, оның көзінде ақ жоқ, Уа, Алланың Елшісі! – деп қоймайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.):

– Көзінде ағы жоқ адам болмайды, – деп, көздің айналасындағы, қарашықтың маңайындағы ақты меңзегенін айтады.

Азаншы азаншыны құрбандыққа шалмайды

Бірде құрбандыққа қораз шалғысы келген Хазіреті Біләл (р.а.) бұның дінде қалай болатынын Пайғамбарымыздан (с.а.с.) сұрай келеді. Бұған Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Азаншы азаншыны құрбан ете ме екен?» – деп әзілдесе отырып қойған сұрағына қораздың құрбандыққа шалынбайтынын жеткізген.

Енді шын «кеме» болдың

Бір сапарда есімі «кеме» мағынасына келетін Сәфинә атты сахабаға көтеріп жүру үшін арқасына біраз жүк береді. Мұны көрген Пайғамбарымыз (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм): «Міне, енді шын «кеме» («сәфина») болдың», – деп әзілдеседі.

0 пікір