ОСЫНДАЙ ЕРЛЕР ТУСАЙШЫ
ОСЫНДАЙ ЕРЛЕР ТУСАЙШЫ
10.09.2020 09:21
202
0

Қазақтың ертеңі үшін қабырғасы қайысып еңбек еткен ерлер аз болған жоқ. Қазір де құралақан емес. Бірақ, бүгінгісінің бағасын біліп, қадіріне жетер деңгейге көтеріле алмай қойдық. Сондықтан айналып үйіріліп, өткенге көз саламыз. Қалың алаш арыстарының тұнып жатқан небір ерліктері «мені айта қойшы» деп сұранып тұр. Қайсыбірін айтайық…

Мысалы, академик Әлкей Марғұлан. Қазақтың археология және этнография ғылымдарының негізін қалаған ғалым алғашқыда, 1934-1939 жылдары, екінші рет 1947-1953 жылдары ғылыммен айналысудан шеттетіледі. Қазақ эпосы мен қазақ тарихы туралы зерттеулері саяси қағажу ұшырайды. Әлкей Марғұлан амалсыз уақытша бас сауғалауға мәжбүр болады. Ұлтына қызмет етуге жаралған ғалым сол тұста да қарап жатпаған. Қазақтың тасада қалып бара жатқан өнерін зерделеп, бүркітшілік, қыран құстарды ұстау, оны баптау туралы құнды кітап жазып қалдырыпты. Сол тұста өз қолымен түзген “Аң-құстар сөздігі” тіліміздің қорын байытып, “Саят құстары” кітабы қазіргі саятшылар үшін өте бір құнды олжа болды. Ғалым тартпасының түбінде ұмыт қалған “Саят құстары” кітабы 2014 жылы ғана тұңғыш рет жарық көрді.

Әлкей Марғұланның осы еңбегі нағыз ерлік дер едік. Қалай таң қалмайсыз? Өз тағдыры айдауға түсу, атылып кетудің нысанасында тұр. Ал, сол кезеңде ғалым қаламынан төгілген жазуға қарайықшы. “Саятшылық ерте заманнан қазақ халқының сүйген бір кәсібі болғандықтан, қазақ аңшылары оны осы күнге дейін аса құмар қылып ұстайды. Саятшылық өнерін өркендету – мәдени істің бірі болуға тиісті” дейді. Не деген жанкештілік десеңізші?..

Ал, енді Бауыржан Момышұлының 1944 жылы аз күнге елге келгенінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысына жолдаған Хатынан үзінділер оқиықшы. …”Қазақ тілі еш уақытта, өзімен көршілес халықтың тілдерінен сорлы болып, қатардан қалып өмір сүрмегендігі, өз сыбағасын ешкімге жегізбегендігі мыңдаған жыл тарихында айқындалған емес пе еді. Қазақтың тілін орысшамен байытамыз деген «талабы таудай» жігіттер үшін қазақша іркілмей айтатын сөздердің орнына, жан қинамай орысшаны жаңбырдай төгіп-төгіп жіберу әдет болып кетіпті.
Олар сықылды қоян жүрек, қорқақ дегбірсіздер: “қазақшылап айтсақ толық мазмұнын бермейді” деп, болар-болмас нәрсені желеу етіп, сыныққа сылтау таба қоюға әбден дағдыланып, ұста болып алыпты.

…1935-36 жылдан бастап қазақ ана тілі, бұрмалана, бүлдіріле, бұзыла бастағанын сөзсіз, айқын дәлелдей отырып, оған айыпкер, кінәлі, басты газет, радио, жазушы, кеңсе қызметкерлеріне тарихи қарғыс айтылып, беттеріне қара күйе жағылып айыпталғаны жөн. Барлық сырттан алынған «есіктен кіріп, төр менікі» деген сөздер теріліп, жиналып, әділ билік айтылып, сол мағынадағы «даусы жойылған» қазақтың ана тіліндегі сөздерге өз еркі өзіне қайта беріліп, қазақ тілінің бұқаралық қатарына қосылып, бұдан былайда ел аузында, жазушының қалам ұшында болуы керек.
Өзіміздің тіл байлығымызда жоқ, бұрын халқымыздың өмірінде кездеспеген жаңа заттардың аты, сөздер, теріліп, жиналып, сөз азаматтығына қабылданып, заңды жүйеге салуы керек. Осы кезде үкімет қызметіндегі азаматтардың арасында ылғи орысша сөйлеп, жазып, баяндама істеу әдет болып, әуеске айналып кетуіне тиым салынып – қазақша шешендік, сұлу шебер сөйлеу салт-сана, ердің сәні болуға айналса – жұртшылығымызға үлкен абырой болар еді. Өсудің, дамудың барлық жағында бір кілтіне еге болған болар едік.

…Мен әскери адаммын – тіл мәселесі туралы араласарлық жөнім жоқ сияқты,  бірақ  та,  айтылған мәселелер халқымыздың жауынгерлік мінез-құлқын тәрбиелеу, салт-сана, ел намысы, ер намысына, адамгершілік арына, жауынгерлік   мұра-дәстүріне ерекше байланысты болғандықтан, көріп, біліп, сезіп тұра айтпағанымды  өзіме үлкен ар, кешпес күнә   деп түсінгендігімнен жазып отырмын» дейді. Бауыржан Момышұлының үш жыл толарсақтан қан кешіп, от пен оқтың ортасынан келіп отыр кезі. Соның өзінде тіл мәселесін көтерген, тілге жанашырлығын, азаматтық позициясын танытқан. Һас батыр ғана осылай сөйлесе керек-ті.

Бүгінгі жастарға осындай ерлікті, осындай батырлықты өнеге қылуды жөн көрдік. Ел болған соң ер туғызбай тұрар ма? “Шөп те шыққан жеріне шығады” деп дана бабалар тегін айтты дейсіз бе?

Төлеген ЖӘКІТАЙҰЛЫ

 

0 пікір