Оған сүйіспеншіліктің белгілері
Оған сүйіспеншіліктің белгілері
25.12.2015 10:39
1982
0

Күллі жаратылыстың ішіндегі ең сүйікті, әрі ерекше жақсы көрілгені – ол біздің Пайғамбар, ол Мұхаммед Мұстафа (с.а.с.). Оған шынайы көңілмен ғашықтық сезімнің негізінде, Құдіретті Алла Тағаланың өзін сүю бар. Оның барлық әмір-үкімдерін мүлтіксіз орындай отырып, мәңгілік жұмаққа қауышуға болады. Осы тұрғыдан келгенде, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) біз бен Жаратушы Иенің қасындағы соңғы елші, әрі екі арадағы дәнекер ретінде хақ дінге алып баратын тура жолды көрсетуші бірегей тұлға. Ең бастысы, барша үмметтің жарылқаушы шапағатшысы. Сондықтан, Оның жолын ұстану арқылы біз Ақырет азабынан, Тозақ отынан құтылудың, Алла Тағала уәде еткен мәңгілік өмірдегі табыстарға кенелудің мүмкіндігі ашылмақ. Мұның өзі Пайғамбарымызға (с.а.с.) деген зор сүйіспеншіліктен, ерекше ғашықтықтан туындамақ.Оған жеңіл-желпі жақсы көру немесе ұнату сезімдері мүлде үйлеспейді, ол - жүректің түкпірінен мәңгі орын алуы тиіс, сонда ғана шынайы мұсылманның жүрегіндегі сүю сезімі оның өмірін мағыналы етеді және тек қана жақсылық істеуге үмтылдырып, харам нәрселерден, күнә істерден сақтандырып отырады. Өз кезегінде Пайғамбарымызға (с.а.с.) деген сүйіспеншіліктің белгілері мынадай:

1. Пайғамбардың (с.а.с.) бұйрықтарына мойынсұну, дұрыс деген істерін орындау, тыйым салған істерден алыс болу.

2. Пайғамбарға (с.а.с.) көмек көрсету, оны құрмет тұту. Ол қайтыс болғаннан кейін, сахабалар қандай сүйіспеншілікпен, адал түрде оның сүннетін басшылыққа алса, қалған мұсылмандардың солай оның сүннеттерін (көп адамдарға ұнамаса да) басшылыққа алуы және оны халық арасына таратуы – сүйіспеншілік белгісі болып табылады.

3. Пайғамбарға(с.а.с.) сүйіспеншіліктің тағы бір белгісі - оның барлық ісінен үлгі-өнеге алу. Атап айтқанда: оның Аллаға жасаған ғибадатын, дәрет алуын, тамақ жеуін, ұйықтауын, сондай-ақ кішіпейілділігін, ұстамдылығын, жомарттығын, сабырлылығын, т.б. іс-әрекеттері мен көркем мінездерін өзімізге үлгі тұтып, бойымызға сіңіре алсақ, онда нағыз мұсылмандардан, әрі шынайылардан болғандығымыз.

4. Пайғамбарды(с.а.с.) әрдайым шын жүректен сағына, тебірене еске алып отыруымыз, әр уақытта салауат айтып жүруіміз - ол да оған деген сүіспеншілігіміздің бір белгісі. Пайғамбардан(с.а.с.) жеткен мына хабарды әркімнің есте ұстағаны абзал: «Кім мен үшін бір салауат айтса, Алла Тағала оған он есе алғыс айтады».

5. Пайғамбар(с.а.с.) кімді және нені жақсы көрсе - соларды жақсы көру. Мысалы, бұған Пайғамбардың(с.а.с.) сахабаларына деген сүйіспеншілігі жатады. Әнәстан жеткен бір хадисте былай делінеді: «Алланың елшісінің(с.а.с.) асқабақты сүйсіне жегенін көріп, сол мезеттен бастап мен де сол дақылды сүйіп жейтін болдым».

Соңында айтарымыз сол, Пайғамбарға(с.а.с.)деген сүйіспеншілік сезімі - өз дініне шын ықыласымен берілген, не үшін жаратылғандығын айқын ұғынып, Ұлық әрі Жоғары Алла Тағалаға құлшылық етуді өмірінің басты мәніне айналдырған, бұл дүниенің алдамшы қызығынан гөрі Ақырет дүниесінің жағдайын көбірек ойлаған адамдарға тән. Олай болса, біз шын мәніндегі Пайғамбар (с.а.с.) үмметі болып, һәм Оның сүннетімен жүретін лайықты үммет атануға Алла Тағала ниетімізді, бүкіл құлшылығымызды, бар жақсы амалымызды қабыл еткен болсын дейік!..

Ғ. ТАСҚҰЛ

0 пікір