Намаздың сүннеттері
Намаздың сүннеттері
15.10.2015 16:40
5621
0

Намаздың сүннеттерін орындау мол сауапқа кенелтеді, орындамаған жағдайда кісі айыпталады, бірақ парыз бен уәжіп секілді жазасы жоқ. Бұл сүннеттерді орындамаған жағдайда  намаз бұзылмайды, сәһу сәждесін жасамайды. Алайда әдейі орындамаса әбес қылық істеген болып саналады. Сүннеттерге немқұрайлы қарау, Құраннан кейінгі аса құнды дүниеге деген құрметсіздік болып табылады.

1. Алғашқы ифтитах (бастау) тәкбірі үшін қолдарын көтеру.

2. Тәкбір алғаннан кейін дереу қол байлап, кіндік астына қою. Ерлер оң қолының іш жағын сол қолының үстіне қойы, бас бармақ пен шынашақ арқылы білекті орап кіндік астына қояды.

3. "Субханака" дұғасын оқу. Ифтитах тәкбірінен кейін құпия түрде "Субханака" дұғасын оқу .

4. Субханакадан кейін "Әғузу биллаһ" дұғасын оқу.

5. Әғузу биллаһты айтқаннан кейін "бисмиллаһ" айту. Бисмиллаһты әр рәкаттың басында айту.

6. "Субханака", "Әғузу биллаһ", "Бисмиллаһ" дұғаларын жасырын, іштей оқу.

7. "Фатиха" сүресін оқығаннан кейін "әминді" іштей айту.

8. Рукуғ пен сәждеге барарда және тұрғанда "Аллаһу әкбар" деп тәкбір айту.

9. Рукуғтан тұрғанда "Сәми Аллаһу лимән  хамидаһ"- деп айту.

10. Рукуғте екі қолымен тізесін ұстап тұру әрі саусақтарының арасын ашық ұстау.

11. Рукуғ пен сәжде тәсбихтары - сүннет. Рукуғта  үш мәрте "субхана раббиал-азим"- деп айту сүннет.

12. Сәжде арасындағы отырыстар мен "әт-тахият" отырыстарында сол аяғын жерге жатқызып, оң аяғын тік ұстап, саусақтарын құбылаға қарату-сүннет.

13. "әт-тахият" оқығанда, кәлима шаһадатты айтқанда сұқ саусақты көтеру. "Әшһаду әл-лә иләһә иллаллаһ" деген сөздің "Ләә иләһә" деген кезде оң қолының сұқ саусағын көтеріп, "иллаллаһ" деп қайта түсірілуі - сүннет.

14. Парыз намаздардың үшінші, төртінші рәкаттарында "Фатиха" сүресін оқу - сүннет.

15. Намаздың соңғы отырысында Пайғамбарымызға (с.ғ.с) салауат айту - сүннет.

16. Салауаттан кейін Құранда және хадистерде келген дұғаларды оқу - сүннет.

17. Намаз соңында сәлем бергенде алдымен басын оңға, соын солға бұру - сүннет.

18. Сәждедегі іс-қимыл. Сәждеге барғанда алдымен екі қолымен тізесін таянып, тізесін жерге тірейді, одан кейін қолды, одан кейін маңдай мен мұрынды жерге тигізеді. Ал сәждеден тұрар кезде бұларды керісінше жасайды.

19. Сәжде жасағанда ер кісі тізесі мен қолының арасын кең ұстайды. Шынтақтарын кеңірек кереді. Бұл - сүннет.

20.Таң намазында имам үшін бірінші рәкатты екінші рәкатқа қарағанда ұзағырақ оқу - сүннет.

0 пікір