МҰСЫЛМАННЫҢ МАҢЫЗДЫ МІНДЕТІ – АС БЕРУ
МҰСЫЛМАННЫҢ МАҢЫЗДЫ МІНДЕТІ – АС БЕРУ
09.09.2021 11:11
547
0

Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Бір кісінің асы екі кісіге жетеді. Екі кісінің асы төрт кісіге жетеді. Төрт кісінің асы сегіз кісіге жетеді». («Сахих Мүслім»)

Мұсылмандар әруақыт қонақжай, қолы ашық және жомарт болуы керек. Шамасы келгендер пақырлар мен әлсіздерге көмектесу керек. Оларға Алла Тағаланың берген нығметінен сияпат жасауды адамдық міндет деп білу керек. Молшылықта өмір сүргендер ыңғайлы уақыттарда дастарқан жайып, ас беру керек. Өйткені бұл сүйіспеншілік пен ауызбіршілікті нығайтып, мәдениетті өмірдің өркендеуіне себеп болады. 

Құран Кәрімде мұсылмандардың мұндай әрекеттері мақталған және былай делінген (мағынасы): «Және олар (мұқтаж болса да) міскіндерге, жетімдерге және тұтқынға қуана-қуана ас береді». (Инсан сүресі, 8-аят). Яғни бұл санаттағы мұсылмандар күнкөрісі төмен пақырларға, жетімдерге, тұтқындарға тамақ береді. Бұл үшін жұмсаған шығындарына өздері мұқтаж болса да, қажетіне керек болса да малдарын мұқтаж жандарға жұмсаудан тартынбайды. Сосын ол қадірлі мұсылмандар мұқтаж жандарға берген асын, берген мүлігін тек Алла разылығы үшін береді. Мұның қайтарымы ретінде ол мұқтаж жандардан сияпат немесе рақмет күтпейді. Бұл істі діни және адамдық міндеттерді орындау, Алланың разылығын табу сияқты ұлы мақсат үшін жасайды. Инсан сүресінің: «Шәксіз біз сендерге Алланың разылығын алу үшін жегіземіз, сендерден сыйлық не рақмет күтпейміз (дейді)»  -мағынасындағы 9-аятта осы ұлы мақсатты түсіндірген. 

Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадис шәріпінде: «Ас беру және көркем сөз жұмаққа ие болуға себеп» деген. Лайықты кісілерге ас берген, сый-сияпат жасаған, қаржылай көмек берген мұсылмандардың ақыретте үлкен сауапқа кенеліп, жұмаққа кіретіндігі күмәнсіз. Ұлы дініміздің бұл мәселеде үйреткен жолын ұстану күмәнсіз жұмаққа, Алланың жәмәлін көру құрметіне жеткізеді.

 

 

0 пікір