Мұсылманның Алла Елші (с.ғ.с)-сінің алдындағы үш міндеті
Мұсылманның Алла Елші (с.ғ.с)-сінің алдындағы үш міндеті
07.02.2018 13:21
777
0

1. Оған сену.

Барлық Пайғамбарларға сену, Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с) соңғы Пайғамбар екеніне сену сенім негізі болып табылады. Алла елшісіне сенбеген адамның сенімі мен мұсылмандығы шүбәлі. Құранда бұл туралы:

 «Айт: «О, адамдар! Мен – сендердің барлығың үшін Алланың елшісімін. Жер мен көктің билігі Аллаға тиесілі. Одан басқа тәңір жоқ. Ол тірілтеді және өлтіреді. Аллаға және оқу-жазу білмеген, Алла мен Оның сөздеріне сенген пайғамбар Алланың елшісіне сенім келтіріңдер. Тура жолмен жүру үшін оның соңынан еріңдер»-делінеді (әл-Араф 7/158).

«Алла мен Оның елшісіне сенім келтіргендер ғана тақуа болады» (ан-Нур 24/62).

 

2. Оған бойұсыну.

Исламды қабылдағандар үшін Мұхаммед Пайғамбар(с.ғ.с) Алланың елшісі ғана емес, тақуа мұсылманның үлгісі де. Сондай-ақ ол таңдаулы жан, оның айтқандарын тыңдап, бойұсыну қажет. Құранның көптеген аяттарында Аллаға бойұсыну, Оның елшісіне бойұсынумен бірге қатар аталады. Алла Елшісіне бойұсыну Аллаға деген сүйіспеншіліктің ажырамас бөлігі ретінде аталады.

«Аллаға және Оның елшісіне бойұсыныңдар» (әл-Әнфал 8/46).

«Айт: «Егер сендер Алланы жақсы көрсеңдер, менің соңымнан еріңдер және сонда Алла сендерді жақсы көреді және сендердің күнәларыңды кешіреді. Алла – Кешіруші, Мейірімді» (Әли Имран 3/31).

 

3. Оны жақсы көру.

Алладан кейін Оның елшісін жақсы көру парыз. Себебі Пайғамбар арқылы адам баласы қараңғылықтан жарыққа шыққан.

Құранда: «Айт: «Егер сендер үшін әкелерің, ұлдарың, бауырларың, жұбайларың, отбасыларың, өздерің жоғалтудан қорқатын мүліктерің мен саудаларың Алла мен Оның елшісінен, Оның жолында күресуден артық болса Алланың әмірін күтіңдер. Алла күнәлі адамдарды тура жолға салмайды»-делінген (әт-Тауба 9/24).

Бір хадисінде Алла Елшісі (с.ғ.с): «Мен өздеріңнің ата-аналарыңнан, балаларыңнан және басқа барлық адамдардан артық жақсы көрмейінше толық сенімге ие болмайсыңдар»-деген.

0 пікір