МҮМКІНДІК ШЫҢЫ
МҮМКІНДІК ШЫҢЫ
20.03.2020 09:26
210
0

«Демек, әрбір қиындықпен бірге, сөзсіз, жеңілдік бар. Иә, шынымен де, әрбір қиындықпен бірге жеңілдік бар».  Мінекей,бұл Ұлы Құранның 95-ші сүресі- Инширах сүресінің – 5-6 аяттары.

Ашықтап қысқа түсіндіру үшін «фәійннә мәғәл-ғусри иусра. Ійннә мәғәл-ғусри иусра»  - деп аяттың  оқылуын жазу керек болуда.

Әл-ғуср- қиындық деген сөз. Оның басында «әл» артикль келгенінен мағрифа белгілі, мағлум, анық, көрінетін, білінген дүние болғанын түсінеміз. Бұл осы сөздің басында еі аятта да келген. Сонымен қатар әл-ғуср болып келгендіктен қиыншылық атаулының түгелін қамтиды дей аламыз. Айтпағымыз қиыншылық, ауыртпашылық һәм сынақтың барлық түрін, сипатын осы сөз «әл» келу арқылы ішіне сыйғызып тұр демекпіз. Оны екі аяттың басында қуаттап күшейтуші «Ійннә» одан ары бекітуде.

Келесі бір шүйіншілеуші сөз «мәғә», ол «бірге» дегенге саяды. Әрі егіз, біте қайнасқан, бітіскен, қатар жабысқан һәм қабысқан десекте кең түсіндірген боламыз. Сондай-ақ Ұлы Раббымыздың «ерекше, арнайы қолдауы» депте «мәғә» сөзін түсіне аламыз.

Құранда «мәғә» сөзі 150 ден астам жерде кездеседі. Негізгі мағынасы «бірге» дегенге саяды деп жоғарыда атап өттік.

«Иуср» сөзі «ғуср» сөзінің антонимі. Бұл сөздің басында «әл» артикль келмегендіктен, анық, ашық, белгілі, айқын, білінетін һәм мәлім емес екендігін айтпасақта түсінген боларсыз. Әйтеу бір жолы, жеңілдігі, жемісі бар екенін аңғарамыз.   Әрі бұл өмір сынақ алаңы болғандықтан жеңілдіктердің көмескі болатындығы да бір төбе әңгіме.

Әз елші ғс-нің «Әлмәр*үу мәғә мән әхаббә» «Кісі жақсы көргенімен бірге» деген хадисі қандай қысқа-нұсқа тауып айтылған дейсіз.

Ал енді бұл мүмкіндік деп отырғанымызға қысқа тоқталсыа:

Жер бетіндегі әрбір жұмыр басты пәндеге Аллаһқа иман келтіруге

Иман келтіргендері ықыласты арттыруға

Байлар садақа жасауға,

Дәрігерлерге дұға (денелейде рухани да) етуге

Қарыздарды кешіруге

Үйлерін жалға берушілер айлық алатын ақшасын азайтуға

Ағайын туысқа хабарласып хал сұрасуға қандай ғажайып мүмкіндік деші...

 «Қамын ойлап туыстың,

жайын ойлап жұмыстың...» - деген әндегідей барлық адам қарбалыстың қамытын кигелі қай заман.   «Үйде отыр» ұраны соғылып тіпті мешіттерде азан айтылғанымен жамағат намазы, жамағат намазының шыңы «жұма» намазыда өтелмейтіндігіне пәтуа берілді.

Жоғарғы оқу орындары мен мектептерде алыстан оқыту жүйесіне ауысты. Яғни, көп адам көбірек отауында болады. Осы кезде шіркін киіз үй болса дейсің. Оның ауа ауысуы, көп адамның айқай шуын ұшырып жіберетін қасиетін сезе алмаған екенбіз. Қазір төрт бұрыш төрі жоқ үйде теріңе сыймай бара жатқанда көк пен құшақтасқан қайран қара шаңырағым-ай дейсің де қоясың.

Ал енді кім екеніміз бесенеден белгілі болатын болды. Мешітте жамағат пен намаз оқылмайтын болған соң, имамдар ажалынан бұрын өлді дей беріңіз. Мұны кекетіп айтып отырмағанымды ашып айтайын. Өйткені тырнақ астынан кір іздеп қаралайтындарға бір есік ашпау керекпіз. Имамдар ажалынан бұрын өлді деуім кейігеннен айтқан түрім ғой сол.

Тұмаудың туып тажалы

Қаралы әлем азалы

Мешіттер қалды аңырап,

Кенеуі қашып ажары.

Имамдар өтті өмірден

Келместен бұрын ажалы – деген шумақтарда оралмай жатқан жоқ.

Неге бұл сынақ (тұмау) адамзат баласына туды екен!?

Мешітте неге имамсыз намаз оқылуда?

Жұма күні шығатын мінбер, уағыз айтылатын Күрсі неге иен қалды?

Немесе иен қалғалы қашан, біз сезбеген екенбіз, әттең бір кем дүние деші.

Михраб, Мінбер Күрси және Асатаяқтың лайықты иесі қалмаған екен ғой ә.

Олар жетімсіреп қалғалы көп болған екен ғой.

Міне енді мешіт бар, жамағаты тарыдай шашылып кетті.

Бірақ Ізгі елшінің  «Барлық жер маған мешіт қылынды» - деген шүйінші хадисі жанымызды жадыратып жіберері сөзсіз. Сонымен қатар «Жәннат бақшаларына асығыңдар...» хадисі тағы бар. Ол ілім мәжілістері деген-ді.

Осы екі шүйінші «астарлы тұрғыда» осы күндерге ишара етілген екен ғой, жарықтық.

Отауымыз Мешіт, бөлмелеріміз білім мәжілістеріне ошақ болсын ағайын!

Айтпақшы,  « часпик» дегенді көп кісі маған аударып бере алмаған еді. Осы сәт нағыз мүмкіндіктің часпигі екен.

 

Берікбай ГЕРМАНҰЛЫ

19.03.20 Ж

Баянауыл

 

 

0 пікір