«Молдалардың молдасы», немесе Шахман молда туралы бір үзік сыр
«Молдалардың молдасы», немесе Шахман молда  туралы бір үзік сыр
17.09.2019 15:14
899
0

Ақ Ертістің бойында діни сауатты, елге деген жанашырлығы мен қайраткерлігі зор, айтқан өнегелі бір ауыз сөзі отыз рулы елдің тілі мен құлағында жүретін, шипагерлігімен елге аты мәлім болған тал бойына табиғат тұмса талант дарытқан тұлғалар шоғарының ішінде Шахман молданың, Әбушахман Нұрсейітұлының, орны орасан. Ислам дінінің қағидаттарын өміріне қанат еткен оны Ертіс бойының  халқы «Молдалардың молдасы» атаған. Кеңес үкіметінің керітартпа саясатының құрбаны болып, дін-апиын заманында бес уақыт намазын қаза қылмаған оған үш әріптің жендеттері зардаптың запыранын жұтқызбай тынбады. Бірақ ислам дініне деген адалдығынан танған жоқ.

Беделі биік өр тұлға

         Шахман Нұрсейітұлы 1891 жылы бұрынғы Қызыл ту колхозында  дүниеге келген. Ол қазіргі Павлодар ауданына қарасты Достық пен Қаракөл ауылдарының ортасындағы жер. Осы күнге дейін сол ауылдардың адамдары колхоздың орны Достық ауылының сыртындағы үлкен дөң жер екенін айтады. Негізінен азан шақырып қойған аты Әбушахман, бірақ елі Шахман атап кеткен екен.

         Шахман атамыздың әкесі Нұрсейіт төрт ағайынды. Яғни Нұрмағамбет, Нұрсейіт, Баймағамбет,Омар және бір қыз Бәди. Осы кісілердің ішінде Нұрсейіт, Нұрмағамбет және  Омарға қасиет қонған деседі. Шахман атаның немересі, қазіргі күні қара шаңырақта отырған Еділ Шахмановтың айтуынша, Омар діни білімі жоғары адам болыпты.

-Аштық жылдары азық іздеп босқан елмен бірге Ресейдің Новосібір жағына қарай ауып кеткен. Отызыншы жылдары елге оралуды көздеген. Қазіргі Тереңкөл ауданына қарасты Сұлуағаш дегенжерде егін алқабының ортасында сиырға жегілген арбаның қасында жалғыз намаз оқып отырғанын ел адамдары көріпті. Ертеңінде барса, сиыры бұзаулап тұр екен. Аштық кезінде алыстан арбалап әбден шаршаған Омар атамыз қайтыс боларын сезіп, Алла аян берді ме екен беймәлім, өзінің намазын өзі шығарып сол жерде көз жұмыпты. Елдің үлкендері Жаңақұрылыс деген жердегі қарындасы Бәдиге хабар бергенде ол кісі ағасының қайтыс болған жеріне жаяулап жеткен екен. Атамызға топырақ сол тұстан бұйырған.

Ал Омардың ағасы Нұрмағамбет үлкен молда болған. Ауыл балалары үшін медресе ұстап, шәкірт оқытқан. Қызыл ту колхозында мешіт салған. Троицкі қаласында діни сауатын кемелдендіріп, халықты имандылық жолына үндеген. Құдайдың жолы хақ екенін насихаттаған. Шахманның дін жолын мықтап ұстануына осы немере ағасы Нұрмағамбеттің ықпалы зор болғаны әмбеге аян. Өз қолымен жазған өмірбаянында жалғыз ұлы Ғабдолла  әкесі туралы: «Негізі кедей баласы. Немере ағаларының көмегімен оқу оқып, ескіше сауатын ашқан. 1923 жылдан қазақ баласын оқытқан. Сол себепті молла деп атап кеткен. Қазір совет саудасының бөлімінде. 1947 жылдан бастап санаушы болып жұмыс істейді», - дейді.

Ол Қызылжар қаласындағы (Петропавл) медресеге оқуға түсіп, сол жерде жеті жыл бойы білім нәрін сусындаған.

Шахман молда туралы жан-жақты зерттеу-жазбалар жоқтың қасы. Тек қана ардагер журналист Бақыт Баймұратовтың облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде жариялаған «Діни тұлға – Шахман молда» атты мақаласы тарихта тұлғаның есімі өшпеуіне негіз болып келеді.

-Шахман молда медреседе алған біліміне тоқмейілсіп қалған жоқ. Неғұрлым көп білген сайын білмейтіні ұшан-теңіз екенін сезінді. Сондықтан ол діни кітаптарды іздеп жүріп оқып, білімін өздігінен жетілдіре түсті. Оның үйдегі кітап сөресінде 1887-1911 жылдар аралығында Стамбулда, Орынборда, Қазанда, Санкт-Петербургте жарық көрген араб әрпімен жазылған жүзге жуық діни кітаптар қалаулы тұрды. Олардың ішінде мұхтасарлар, тәфсірлер, Мұхамедия, діни түсіндірме сөздіктер, құран түсіндірмелері, ислам заңдары, пайғамбарлар өмірі, діни күнтізбелер, жылнамалар тәрізді көптеген рухани құндылықтар, «Дін мен өмір», «Шуро исламия» журналдары бар. Сонымен бірге Жағырафия, алгебра, астраномия, жалпы әлемдік тарих, шығыс әдебиеті жөнінде мағлұмат беретін ғылыми кітаптар да аз болмаған. «Түрік идеологиясы» секілді Кемал Ататүріктің саясаты жөнінде жазылған кітаптарды да алдырып оқыған, - деп жазады журналист ағамыз.

         Шахман Нұрсейітұлын жиектегі ел тегіннен тегін «Молдалардың молдасы» деп атамаған. Қазіргі күні қайбір қариялармен әңгімелесіп, ол кісі жайлы сұрай қалсаң «білімі жағынан ауылдағы молдалардан бірнеше буын биік болатын» деп жауап береді. Шахман келе жатыр деген хабарды естігенде көптеген молдалар емтихан алуға хазірет келе жатқандай әбігер күйге түсіп, тықсырылып қалады екен. Төрден орын беріп, бала-шағаға қолына су құйығызып, батасын алып қалуға тырысқан. Немересі Еділ Шахманов:

         -Атамды ел қатты сыйлады. Бірінші ол кісі өте білімді болса, екіншіден қайраткерлігі жоғары еді. Сөзін ешкім екі етпейтін. Есімде қалған бір әңгімені айтайын. Бірде Ақтоғай ауданына қарасты Әуелбек ауылы жағында бір жабдық болып, атам соған арнайы барады. Сонда атамды жабдықтың үстіне Кавказдан ұлты  шешен бе, ингуш па бір «молда» арнайы іздеп келіпті. Екеуі бір сағаттан астам араб тілінде әңгімелескеннен кейін, әлгі іздеп келген дін өкілі: «Қазақстанда мұндай араб тілі мен шариғат заңдарын жетік білетін адам бар екендігіне көзім әбден жетті» деген баға берген екен, - дейді. Шынымен де Шахман атамыз шариғат тұңғиығына терең сүңгіп, ислам қағидаттарын жетік білген. Мәселен, ол кісі көктемде ел Тәңірден жаңбыр сұрап тасаттық бергенде құран бағыштайды екен. Сол күні міндетті түрде шелектеп жаңбыр жауатын көрінеді.

         Шахман молда тек қана дін өкілі емес, ол ұлттың азаттығын көксеген тұлғаның бірі. Кешегі кеңес үкіметінің жендеттері «ағасы Троицкіде діни білім алған, өзі молда» деген желеумен қамауға алған. Кейіннен атамыз үш әріптің құрсауынан босап шықты.   Шахман Нұрсейітұлының ізіне тек қана діни көзқарасы үшін түспеген деген пайым бар. Себебі,  ол кісі өз заманында халықты азаттыққа шақырған С.Торайғыров, М.Дулатов, М.Жұмабаев сынды ақындардың жалында өлеңдерін жатқа оқып, кітаптарын сұратып алдырған. Жазықсыз жапа шегіп, қабырғасы сұр, едені сыз абақтыда отырып Міржақыптың:

Қайғылы қара күндерде,

Жұлдызсыз, айсыз түндерде,

Жол табалмай сеңделіп,

Адасып Алаш жүргенде.

Ақыл таппай сандалып,

Жанашыр таппай дағдарып,

Барарын қайда біле алмай,

Жүрген кезде сан ғаріп,

Жанашыр қазақ қайда едің?! – деген өлеңін оқып, қайғыға батқан. Бақыт Баймұратов өз мақаласында Бұхар жырау музейінің бұрынғы қызметкері Қуаныш Шайғазинмен әңгімесін келтіреді. Содан үзінді келтірсек. «Шахман молданың кітапханасынан алынған рухани құндылықтармен таныса отырып, оның энциклопедиялық білімдарлығына қайран қалдым. Ол тек терең білімді молда ғана емес, Алаш азаматтарының ойларымен пікірі орайлас, елінің егемендігін аңсаған, ұрпағының білімді болуын армандаған, халқын насихатымен осындай ізгі мұраттарға бағыттаған биік тұлға екені байқалады». Бұл Шахман атамызға берілген үлкен марапатты баға деп білеміз. Оның  араб қарпімен жазылған 78 сирек кездесетін құнды кітаптары мен бір дұғалығы 1990 жылы Бұхар жырау атындағы әдебиет және өнер музейіне табыс етілгенін де атап өту керек.

Қуғыннан  аман-есен елге оралған Шахман Нұрсейітұлы қазақ балаларының білім алып, зиялы өкіл шоғырының қалыңдауын көкседі. Тіпті, соғыстан кейінгі тоқырау уақытында, яғни  1949 жылы Халық комиссарлары кеңесінің басшысы Нұртас Оңдасыновқа шағын қазақ ауылдарында білім алатын орындар жоқ екенін және Достық ауылында мектеп ашу қажеттігін айтып хат жазған. Табандылығының арқасында ауылда білім ордасының ашылуына қол жеткізген. Сол секілді Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі жанындағы діни басқарма басшысы Сәбитовке құрбан айт, ораза секілді діни мереке кездерінде  қазақ жұртының діни жөн-жоралғыларды жасауына мүмкіндік берілсе, олардың Аллаға деген сенім-сезімін қыспаққа алмаса екен деген тілегін білдіріп, хат жазған. Бір атап өтерлігі ораза айт мейрамдарында жергілікті халық тарауық намазын Шахман молданың үйінде оқиды екен.

         Шахман ата Кереку өңірін аралай ағып жатқан Етістің екі жағына абыройы артқан, беделі биік белгілі тұлға. Ол 1976 жылы бақиға көшті.

Шипагер

         Шахман атаны ел тек қана молда деп емес, сонымен қатар емші деп біледі. Өзі туған ауылының маңайындағы ғана емес, атын алыстан естіп арнайы ат арытып  іздеп келіп, кеселіне шипа тапқан адамдар қаншама. Шариғаттың жолымен балаларды да сүндеттеген. Көбінесе Шахман емші эпилепсия, жүйке ауруына шалдыққан науқастарды емдеген екен. Асаудай тулап, екі көзі аларып келген  қаншама науқас атаның оқыған дұғасынан кейін сабасына түскен. Еділ Шахмановтың айтуынша, науқастарды  бір үшкіргеннен емдеген.

- Оны өз көзіммен көрдім. Ол кісінің емімен сауыққан адамдар қазіргі күні де бар. Мысалы, Нәбиев Төлеу деген кісінің баласы. Кезінде эпилепсия болып ауырған. Ол кісі Чернояркада директордың орынбасары болып еңбек етті. Бір кездескенде маған өзі айтқанды. Басшылықтың тапсырмасы бойынша іс-сапарға жолдама алып Ленинград, Мәскеуге жақсы тұқым әкелуге кетеді екен. Сондай сапарлары кезінде баласын бірге ала кетіп, атақты деген профессорлардың қабылдауында болады. Бірақ ғылыми атақтары жер жарып тұрған олардың ешқайсының емі шипасын бермейді. Ол кісінің әкесі атаммен құрдас, жолдас болған екен. Бірде әкесі:«жан-жаққа шапқылай бермей, немеремді Шахаңа апар, сол кісі мына аурудың бетін қайтарар», - депті. Әке сөзін жерге тастамай атамның алдына әкеліп көрсетіпті. Жарықтық атам бір рет үшкіріп, содан тәуір болған екен. Сол баламнан міне немере сүйіп отырмын дейтін. Мұндай жағдайлар көп қой. Бірде жүйке ауруына шалдыққан бір жігітті арқандап әкелгенін өз көзіммен көрдім. Бес алты кісі арқанмен аяқ-қолын матап, орап әкелді. Босатса аузы көпіріп, маңайын қиратып, айғайлап адамға шапшиды. Әлгіні көре салысымен атам «шешіңдер» деп бұйырды.Куә болған бәріміздің шошығанымыз рас. Әкелген кісілер: Ойбай, молдеке, босатсақ бәрін қиратады, - деп азар да безер болысты.

-Ештеңе етпейді, шешіңдер мүсәпірді, бәрі жақсы болады, - деді сұстанып. Сосын атам дұға оқып еді әлгі кәдімгідей сабасына түсті. Тыжырайған беті адам қалпына келді. Біраз уақыт өткеннен кейін әлгі арқандалып жеткізілген жігіт өз аяғымен келіп, атама рахметін айтып кетті, - дейді ол.

Шахман молда сия карандашты тілімен түкіріктеп сулап отырып, ақ табағына ішірткі жазады екен. Оған су құйып араластырып, дұға оқиды. Сол ішірткісін қабылдаған талай науқас дертінен айыққан. «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилованың айтуынша, атаның алдына келген науқас емделмей кетпейді екен.

-Атаның алдына баратын адамдар өте көп болатын. Олардың бәрі кейіннен ауруынан жазылып, алғысын айтып жататын. Біз ырымдап атаның отырған жерінен жыртыс алатынбыз, - дейдіол. Шахман ата ара-тұра Ақкөл-Жайылмадағы Исабек ишанның басына барып, мал сойып түнеп, қайтарында қабірінен ақ шүберекке орап топырақ алып келеді екен. Сол топырақты даүш саусағының ұшымен ырымын жасап табағына салып, су қосып араластырады. Сосын науқас адамға ішкізіп тәуір қылады екен. Исабек ишанның берген таяғы  әлі күнге дейін әулетінде сақтаулы.

Мәриям 

         Шахман Нұрсейітұлының бірінші әйелі Үнзилә (руы Бәсениін-Ақтілес), екінші әйелі Мәриям (Құлатай-Қыпшақ). Төлқұжат бойынша ныспысы Мария. Екі әйелінен он алты ұл көрген екен. Аштық жылдары Шахман молданың әулетіне жұт болып жабысыпты.  Бір отбасындағы он алты баланың он бесін безгек жұлып кеткен. Солардың алтыншысы болып дүниеге келген Ғабдолла ғана аман қалған екен.  Ғабдолласына өзінің емі қонбайды да, сырттан бір емшіге қаратып емдетеді. Шахман молда жалғыз қалған ұлына: «Алладан бір, адамнан екі сұрап алған Ғабдоллам», - деп отырады екен. Бұл сөздің мәнісі де осы. Ғабдолла баласының бетінде тыртық қалыпты, яғни жағынан құлағына дейін инемен арнайы тесіп қойған секілді тесік болған екен. Бұл бала күнінде жасалған емнен қалған тыртық.Шахман молда ел ішіндегі көзі қарақты ағайынға қанды шеңгел болып тиген репрессия жылдары істі болып, сотталған. Аяқтан тартып, балақтан қаққан ел ішіндегі алауыздық заманда біреу сыртынан «намаз оқиды, дінді уағыздайды» деген домалақ арыз жазған. Жазықсыз жазалануына Алаш арыстарының идеясын да ұстануы мүмкін деп жоғарыда жаздық. Сол абақтыдағы азаптан құтылуына Сталинге бірнеше мәрте хат жазып, жарының жазықсыз екенін дәлелдеген Мәриям Мақашқызы. Сауаттылығының, жүректілігінің арқасында Шахман молданың жазықсыз екенін тәптіштеп жазып дәлелдеп, 1930 жылы бесінші желтоқсанда ақталып шығуына көп қызмет еткен жан.

Жұрт айтып жүргендей, оның ұлты орыс емес, қазақ. Көзі тірісінде «мен қазақпын, руым Құлатай-Қыпшақ» деп айтып отырады екен. Тіпті «бейітімнің басындағы құлпытасқа да осылай жазасыңдар» деп өсиет айтқан көрінеді.

Мәриям анамыздың  атасы Қаңтарбай, әкесі Мақаш. Екеуінің де әйелдері орыс ұлтынан болған.  Мәриямның нағашы атасы Кереку жұртшылығына жақсы таныс  көпес Маслацов. Атасы Қаңтарбай сол Маслацовта ат айдаушы болып қызмет қылады.  Оны орыстар өз арасында «Коля» деп атап кеткен екен. Қаңтарбай алып денелі, көк көзді, аққұба келген ұзын бойлысымбатты жігіт болыпты. Маслацовтың өзі де, кемпірі де қазақ жігітінің сырт сымбатына, ақылдылығы мен пысықтығына қатты қызығады. Ертең олай-бұлай болып кетсек, дүниені қойшы жалғыз қызымыздың тағдыры не болады деп алаңдайды. Ойлана келе жалғыз қыздарын Қаңтарбайға қосуды шешеді. Тек оның алдына бір шарт қояды. Яғни «меншігіміздегі жер мен шаруашылыққа бас-көз қылып сені қалдырамыз, соңымыздағы қалған ұрпағымыздай боласың, тек «Маслацов» деген фамилияны алуың қажет дейді. Осылайша Қаңтарбай мен көпестің қызы қосылып, туған баласының атын Мақаш деп қояды. Мақаш та орыс қызына үйленіп, олардан Мәриям өрбиді. Қазіргі күні Павлодар ауданына қарасты Қарақала ауылынан басталып Омбыға дейін ағып жатқан Ертіс өзенінің бөлігін ел«Қаңтарбайдың қара Ертісі» деп атайды. Сол секілді «Маслацов» деген де көлдің аты бар. Бұл жер-су атауларының тарихы осындай. 

         Шахман ата елдегі кешкі мектепке мұғалім болып келген Марияммен танысып, кейін заңды некелерін қияды. Мәриям анамыз бес уақыт намазға жығылып, діни салт-жоралғыларды ұстанып, атамызға сенімді де адал жар атанады.

         «Нұр Ана» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилова  Мәриям анамен үш мәрте ғана кездескенін айтады.

         -Ол кісі орысша да, қазақша да сауатты болатын. Әлі есімде, бір барғанда сіңілісіне ме, апасына ма хат жаздық. Әрбір жазған әрпі маржандай тізіліп көздің жауын алатын.

Мәриям апайды көргенде ақылдылығы мен ажарына қарап қатты таңқалдым. Маған «хат қысқа да нұсқа, айтқың келген ойыңның тоқетерін ғана жазу керек. Елдің таныштығын, үйдің амандығын жазып тілегіңді айт» дегені есімде.  Ол кісі музыка маманы болғаннан соң ба, музыка туралы көп айтатын. «Күйсандықтанта ойнап отырғанда Шахман атаңызбен кездестік. Ол мен ойнап отырған музыкалық туындыны жалғастырып алып кетті. Біз солай танысқанбыз» дейтін.   «Әрбір әйелге тән нәрсе музыканы тыңдай білу,  әдемі иірімді сазды ойнай да, тыңдай да білу керек. Адамның жаны музыка тыңдағанда және бес уақыт намаз оқығанда тазарады» дегені әлі күнге дейін ойымнан шықпайды, - дейді Бақытжамал апай. 

         Үнзила анамыз бен Мәриям бір үйде тату-тәтті тұрған. Үнзилә: «Мен сыртқа шығып тезек соғып келейін. Сен үйдің шаруасын істей бер. Тезек соқпай-ақ қой. Сен мектепте мұғалімсің, қолың тезек сасып кетеді. Балалардың алдына қалай барасың сосын», - десе де Мәриям көнбей барлық жұмысты бірге істейді екен.

Ақындық Алладан берілген сый

Шахман молда өткір тілді адам болған деседі. Ақындық та оған Алладан берген сый. Ең өкініштісі көптеген өлеңдері жоғалып кетті. Осы күні ол кісінің екі өлеңінің үзіндісі ғана қолымызда бар. Біріншісі соғыстағы жалғыз баласына жазған хаты да, екіншісі немересі Еділ туғанда айтқаны.

Баласы Ғабдолла Шахманов 1925 жылы Павлодар ауданы Чернорецк ауыл советінің Қызыл ту колхозында  дүниеге келіп, сол ауылда бұғанасы бекіген,  жеті кластық ауыл мектебінен білім нәрінен сусындаған. 1942 жылы Павлодар облыстық оқу бөлімінің жанынан ашылған алты айлық мұғалімдер дайындайтын курста оқып, кейін өз елінде мұғалім болып еңбек еткен. Ғабдолланың Отан алдындағы борышын азаматықпен өтеуді мақсат тұтуы оны сұрапыл соғыстың ортасынан бірақ шығарды. Ол 1943 жылы он сегіз жасында өзі сынды құрдастарымен бірге кескілескен қанды күрес даласына аттанған.  Жалғызын өлім мен өмірдің ортасына жіберген Шахман молда: 

- Айналдым аруағыңнан Мейрам бабам,

Жәрдем ет перзентіңе келсе шамаң.

Жатсам-тұрсам тілеймін бір Алладан,

Көрсем деп жалғызымды есен-аман, - деп хат жолдайды. Ал ұлы  Ғабдолла болса оқ пен оттың ортасынан:

- Әкежан, тілегің ақ, сөзің кәусар,

«Баталы құл арымас», - деген сөз бар.

Сіздің берген батаңыз қабыл болса,

Болмаспыз еш бәлеге бізде душар,  - деп жауап қайырған екен.   Бұл ажал мылтықтың ұңғысына байланған жылдары ішкі сезімнен туындаған сөздер. Ғабдолла Шахманов Ұлы Отан соғысында өз жауынгер жолдастарымен бірге  талай тауқыметті күндерді бастан өткерген. Сол үшін, нақтырақ айтсақ 1945 жылы соғыс шебінде жүргенде бас қолбасшыдан алғыс хат та алған. Аталмыш марапат арада алпыс тоғыз жыл өтсе де әулетінің жеке мұрағатында сақтаулы. Онда алғыс хат ефрейтор Шахманов Ғабдоллаға жапон агрессорларына қарсы күресте үздік әскери әрекеті, Үлкен Хинган тау жотасында шоғырланғаны және сусыз маңғол даласын жүріп өткені үшін  берілген деп жазылған.

Ғабдолла Шахманұлы 1946 жылы елге оралды. Туған елінде мұғалім болып жұмыс істеді. Бірақ тыныштық кезеңдегі өмірінің барлығы да тәтті болды деп айту қиын. Себебіжар астындағы жаулар оған «әкеңнің молдалығын жасырдың», «сотталған халық жауының баласы» дегенді желеу етіп, айып таққан. Сол үшін партия қатарынан да шығарылған. Бірақ әкесінің кінәсіздігі дәлелденіп, ол ғұмырлық кәсібін жалғастырды. Яғни ұстаздық қызметте  44 жыл 8 ай  еңбек етті. Бір атап өтерлігі, ұстаздық қызметін ақиық ақын, соғыс ардагері Мұзафар Әлімбаевпен бірге бастаған екен. Бірнеше мәрте Павлодар ауданы Чернорецк селолық округі кеңесінің депутаты болып сайланды. Жары тыл еңбеккері Әлтаева Дәметкенмен бірге түтін түтетіп, алты баласын өсіріп, білім беріп, қанат қақтырды.

Ал Еділ Шахман немересі атасының өзі туғанда айтқан өлеңнің бір шумағы есінде қалғанын айтады.

-Атам суырып салма ақын болған. Ағасы Нұрмағамбеттің жалғыз баласы Зейнолла мен туғанда Алматыдан келіпті. Шілдехананың үстінен түскен ол  інімнің атын мен қояйын деп өтініпті. Атам алыстан келген немере інісіне жол берген екен. Ағамыз менің атымды Еділ деп қойғанда  атамның табан аузында:  

Еділ, Жайық елге мәлім екі су,

Жағасында ойнайды ғой қаз бен қу.

Еділ ер боп дүниеге келген соң

Бала-шаға қуанышта у да шу, - деп табан аузында өлең шығарыпты.

Жалғыз фотоның тарихы 

Шахман Нұрсейітұлының жалғыз ғана фото-суреті сақталған. Ол суретті түсірген Ұлы отан соғысының ардагері, ақын Қимадиден Нығыманов.

Бірде Қаракөл ауылында өткен жабдыққа Шахман молда да барады. Сол жабдықтың ортасында ақын Қимадиден де болады. Бұл уақыт ол кісінің ауыл-ауылды аралап, ел ішінен шыққан атақты адамдар, ауыз әдебиеті үлгілерін, Бәсентиін-Ақтілес руының шежіресін жинақтап жүрген кезі. Оның үстіне өмірлік серігі қылған фото-өнермен де айналысып жүрген уақыты. Сол жабдықта Шахман молданы көреді. Бірақ шариғат заңы бойынша дін адамдары өздерін суретке түсіртпеген. Ал аты жиектегі жұрттың арасында абыройға ие Шахмандай молданың суретін тарихта қалдыруды өзіне мақсат тұтқан Қимадиден жасырын түсіріп алу жолдарын қарастырады. Және сол мақсатына жетеді.

Қаракөлдегі жабдық беріп жатқан үйдің қорасының ішіне кіріп, қабырғасының кірпіші түскен саңылаудан маяның қасында келе жатқан Шахман молданы білдірмей түсіріп алады. Ол сурет өзінің «Өлгендер қайтып келмейді» атты фото-альбомында сақталған. Шахман молданың жалғыз суреті осылайша тарих бетінде Қимадиден Нығымановтың арқасында қалды.

Оймақтай ой 

Қазіргі күні Павлодар ауданына қарасты Достық ауылындағы мешіт Әбушахман Нұрсейітұлының атында. Оның елге беймәлім шипагерлік, дәни қасиеттерін таразыласақ, Шахман молданың жерленген орны да сокралдық орындар тізіміне енгені жөн секілді. Елжанды азаматтар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қайраткерлігімен халқына сөзі жүрген, шипагерлігімен талай науқасты өлім аузынан аман алып қалған, Алаштың аяулы азаматының атын асқақтата білсе ұрпақ алдында жасаған сауапты іс болар еді.

 

Бейбіт БӨЖЕН,

Павлодар қаласы.

0 пікір