МӘШҺҮР-ЖҮСІП КӨПЕЙҰЛЫ (1858-1931)
МӘШҺҮР-ЖҮСІП КӨПЕЙҰЛЫ (1858-1931)
11.01.2021 17:55
139
0

 Қазақтың бірегей тарихи ұлы тұлғасы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің (1858–1931 жж.) жеке өмірбаяны әр қилы сырларға толы.  Ақын өз ғұмырында ел аузындағы аңыз-дастандарды, ертегілерді, қиссаларды жинап, одан басқа өзінің шығармашылығынан туындаған жазбаларын жазып қалдырған. Осындай шығармашылыққа толы өмірі көзі тірісінде-ақ аңызға айналғаны белгілі.

Мәшһүр Жүсіп Орта жүз Арғыннан тарайтын Бес Мейрам әулетінен. Мәшһүр Жүсіптің шыққан руы Сүйіндік – Мейрамның бір үлкен бұтағы.

(Баянауыл ауданы, Жаңажол аулы, Ескелдідегі

Мәшһүр Жүсіп кесенесі)

Қазақ тарихында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының алар орны ерекше. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қазақ халқының ұлы ойшылы, атақты фольклортанушы, этнограф, тарихшы, философ, дінтанушы, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі көрнекті тұлғасы ретінде қалыптасты. Ақын жастайынан шығыс әлемінің білімімен сусындап, араб және парсы тілдерін жетік біліп, басқа да шет тілдерді терең меңгерген. Өзі өлең жазумен қатар, ауыз әдебиеті үлгілерін жинап бастырумен де айналысты. Шежіре мен айтыс, көптеген тарихи жырды хатқа түсіріп, кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырды.

Ғұламаның басты мақсаты әрі өмірінің негізіне айналған ой – қазақ халқын сауаттандыру болды. Кейін Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы орыс тілін меңгеру арқылы Батыс өркениетінің ғылыми жаңалықтарымен танысқан тарих, шежіре нұсқалары,  ауыз әдебиеті үлгілерін жинаған, әдебиет (ақындық), тіл тарихы, қазақ халқының салт-дәстүрі туралы шығармалар, философия, медицина (емшілік, дәрілік өсімдіктер туралы), космология ғылымы салаларына арналған ұлан-ғайыр еңбек жазып қалдырды.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы әкесі Көпжасардың 42 жасында, шешесі Ұлбаланың 18 жасында, 1858 жылы қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы Найзатас деген жерде дүниеге келген. Туғанда азан шақырып койылған есімі – Адам Жүсіп. Кейіннен 9 жасында қисса-дастандарды жатқа айтып, ел көзіне түскен кезде жиынды шақырып отырған Мұса Шорманұлы Адам Жүсіпті ұнатып, тақиясына үкі таққызып: «Өз заманында халқына Мәшһүр болатын бала екен» – деп, лепес қылуымен Мәшһүр Жүсіп атанып кетеді.

1861 жылы Адам Жүсіп 3 жасқа толғанда, әкесі Көпейдің малы жұтқа ұшырап, «ақ сирақ» болып шығады. Сонда Көпей Сермұхаммедұлы: «Адамға мал жолдас болмас, ғылым жолдас», – деп, баласы Адамжүсіпті оқуға береді. Сөйтіп5 жасынан ауыл молдасынан дәріс алып, хат танып, Баяндағы Байжан Смағұлұлының медресесінде Нәжімалдин хазіреттен, кейін 8 жасында Қамариддин хазіреттен оқи бастайды.

 1870 жылы Қамариддин хазіреттің медресесінде, одан кейін Бұхарадағы діни жоғары оқу орнында оқып білім алады. Молда бір ғана дін сабағын емес, араб, парсы, шағатай тіліндегі кітаптарды да қатты қадағалап оқытады. Кітаптың тек қарасын танытып қоймай, ішкі мазмұнын, мән-мағынасын тәптіштеп түсіндіреді. Арабтың, парсының тілін үйретеді.

 Медрессе оқып жүрген кезінде ол балалардың алды болып, 15 жасынан бастап өзі өлең жаза бастаған.

1886 жылы Бұхараға келіп, діни жоғары оқу орнында оқиды. Сосын оқуын Ташкентте жалғастырады. Мәшһүр Жүсіп 1887–1890 жылдары бірнеше рет Орта Азияны аралап, Самарқанд, Ташкент, Түркістан, Бұхара қалаларында болады. Араб, парсы, шағатай, түркі тілдерін үйренеді. Өзбек, тәжік, және т. б. тілдерді де біледі, әдет-ғұрпын түсінеді. Көптеген ғылыми кітаптарды оқып, танысады.

Шығыстың классикалық әдебиетінен сусындаған ол осы жылдары Қазанға сапарға аттанып, түрколог ғалым В. Радловпен танысып, ауыз әдебиетінің үлгілерін жинаумен айналысты. Кейін уақыт өте келе ойшыл қазақ фольклорының ең жүйелі жинақтаушысы болды. Орта Азия қалаларына шеккен сапарының тағы бір құнды нәтижесі – сол өңірлердегі тарихи әңгіме, аңыз, шежіре сөздерінің жазылып алынуы. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өзі дерек жинастыру қызметін ерте кезден бастаған. Бұған ұстазы Қамар хазіреттен қисса-дастандары қағаз бетіне көшіруі де әсер еткен. 1887 ж. Бұхар сапарының барар жолында Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауидің басындағы Әмір Темір салдырған көк күмбезін көреді, Ташкенттегі Зеңгі Ата кесенелерін көріп, қайтар жолында Шу мен Сырдария, Ұлытау, Кішітауды, Есіл мен Нұраны асықпай аралап сапар шегеді. Одан әрі Сыр өңірін аралайды. Майлы қожамен жолығады, жеті атасынан бері ақындық үзілмеген дуана қожа Көшек, Күдері қожа тұқымдарымен танысады. Ол өлең жазумен қатар, ауыз әдебиеті үлгілерін жинап бастырумен де айналысты. Шежірелер мен айтыстарды, көптеген тарихи жырды хатқа түсіріп, кейінгі ұрпаққа аманаттады.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының саналы ғұмырында бір сәт те қолынан қаламы түсіп көрмеген, бір жағынан жазып, екінші жағынан өнер-ғылым үйреніп, жатпай-тұрмай ізденіс үстінде болды. Мәшһүр Жүсіптің «Сарыарқаның кімдікі екендігі», «Халахуал», «Тіршілікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз» атты үш кітабы 1907 жылы Қазан қаласындағы Құсайыновтар баспаханасынан басылып, жарыққа шықты. Кейін ол баспаханадан шыққан 14 қалам иесінің еңбегін цензура сотқа тартады. Соның ішінде Мәшһүр Жүсіптің жоғарыда аталған үш кітабы да бар. 1906–1907 жж. М.Ж. Көпейұлы шығармашылығының идеялық жағынан тереңдей түскен дәуірі. Бұл жылдары жазған шығармалары тегісінен қазақ халқының бостандық, саяси-экономикалық құқықтарымен байланысты болып келеді. Мәшһүр Жүсіптің «Сарыарқаның кімдікі екендігі» атты кітабы тұтас халқымыздың ішкі-сыртқы жағдайын толғайтын дүние. Бұл еңбек 1907 жылы баспадан шықса да 1917 жылы cәтті бастама көтерген алаш азаматтарының ой-арманымен тоғысып, үйлесіп жатыр. Ақын діннің, жердің, малдың кеткенін, елдің азып-тозып нашарлағанын айта келіп: «Күн батысы – Сырдария, күншығысы – ұзын аққан Ертіс, оңтүстігі – Жетісу өзені, солтүстігі – Еділ, Жайық. Бұл қазақ иесіз жатқан жерге келіп ие болған жоқ, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен кеше Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек заманында жаннан кешіп, сусын орнына қызыл қан ішіп, жаудай алысып, жаттай салысып, күні-түні атысып, қара қанға батысып, шыбын жанын нысанаға байлап, не маңғаз, сарбаздары жау жолында оққа ұшырап өліп, сөйтіп алған жері еді», – десе, халқының қамын жегені белгілі.

1912 жылы патша әкімшілігінің цензурасы назарына Мәшһүрдің 1907 жылы бастырылған кітаптары алынып, татар аудармашысының тәржімалауынан кейін үш кітаптың екеуінің мазмұны Ресейдегі патша билігіне қарсы мақсатта жазылған деп танылып, 1912 жылы екінші рет басылған 3 кітап баспахананың өзінде «тұтқындалынып», 12 000 сом айып салынып, 14 кісі айыпқа тартылады. 1912 жылдан бастап қудалана бастағанда, өзінің жинаушылық жұмысын тоқтатпайды.

Мәшһүр Жүсіптің өмір сүрген тұсы-бір рудың малын екінші бір рудың елі барымталап, шетке шыққан жылқы-сиырын сіңіріп кете беретін, әлсіздің күні қараң, күштінің сөзі жүріп тұрған феодалдық қоғамның нағыз қаны тамып тұрған кезі еді. Қысыжазы ауыл маңы айғай-шу, бос дүрмек. Сол заманда қазақ ішінде оқу іздеп, өнер қуып жүрген бір де бір жасты көре алмаған ақын халыққа қарап: Қазағым, өнер ізден, ұрлық-зорлық, Қыласың бір-біріңе неге озбырлық, Болғаннан алты ауызды ынтымақсыз, Басыңа келген жоқ па талай қорлық – дейді. Ақынның бұлай айтуға тұрарлық айрықша бір ерекшелігі, өлеңдерін жазып кітап қылып баспадан шығарғандығы. Ол әрбір жырын қағаз бетіне түсіріп, рет-ретімен тәртіптеп, ықтияттап жинап отырған. Оның алғашқы өлеңдері «Дала уалаяты» газетінде 1889 жылдан бастап жарық көре бастады. Ақын 1889 және 1890 жылдар аралығында бірнеше мақаламен қоса, бес өлең жариялады. Олар мыналар: «Әңгіме», «Бәрі қысқа, еркін дүниеге келеді екен», «Кедейлікке үш қырсық оралады», «Күн шықпай ерте тұрып», «Білмейді ел өнерлісін аулақ болар». Бұл өлеңдердің бәрінің сарыны ортақ, ой арнасы біреу – ол жастарды еңбекке, өнер-білімге, егін салуға, сауда істеуге шақырады. Ал, ел ішінде бос тентіреп кәсіпсіз жүрген кейбір жастарды сынап мінейді: Әр істі ойлау керек әуел бастан, Не пайда өнер жоқ жігіт жастан.

Осылай дей отырып, еңбек етпейтін, сыбай-сылтаң жүрісті жандарды ұрыспай, сөкпей, тілдемей, жай ғана сыпайы сөзбен ұялтып, қызартады. Оларға «мынадай бол, мынадай істе» деп те ақыл айтпайды. Тек қана еңбек ет, еңбек адам баласының – анасы дегенді меңзейді. Ел үшін туған ерлер ғылым-білімге, сауаттылыққа шақырған. «Қазақта бір надандық бар. Біреу перзентсіз, баласыз болса: – «Құдай бермеген соң, қайтесің?!» – дейді. Құдай неге бермейді, ол бермейтін сараң ба, жоқ, біреуді балалы қылып, біреуді баласыз қылып, алақол етікші ме, алақол ұста ма? Ай мен Күндей, әмбеге бірдей құдайдың құдайлығы. Ол екеуінен неше мың есе артық, әмбеге бірдейлігі, құдайда алалық жоқ» – деп, Мәшһүр адамның бұл дүниедегі рөлін, оның қабілеті мен күш-жігерін былай деп түйеді: – «Осы дүниені адам көркейтпек, құдайдың құдайлығын жұрт көзіне адам түсірмек».

Тақуа Мәшһүр Жүсіп өз заманында «Алланы бір, пайғамбарды хақ», – деп ғұмыр кешкен. Исламның бес парызы, біреуі – иман, Таппайды бұл бесеуін, дүние жиған. Ықтият, шын ниетпен жұмыс қылып, Ерлерді айт Құдай үшін, жанын қиған  – деп толғап қана қоймай, өзі де шариғат жолымен жүрген адам. Мәшһүр Жүсіп шайтанды молдаларша, – «Дербес малғұн, жұрт көзіне көрінбей жүріп азғырушы», – деп қарамайды. «Ағаштың бойында гүрілдеп ағып жатқан өзен – адамның денесіндегі қан. – Әй, жігіттер, естеріңде болсын, оны «шайтан» – дейді. Ол бір кесек нәрсе емес, денеңе арам қан боп кіріп, жүрегіңе барып, жүрегіңді толқытып, өзіңді бұзады. «Шайтан» деген өзіңнің арам ойың...»

Мәшһүр Жүсіп дүниеден озғанға дейін өзінің жылын өткізеді. Ол 1932 жылдың тақсіретке, қасіретке, қырғынға толы екендігін күні бұрын білген. Мәшһүр Жүсіп көзі тірісінде, яғни 1930 жылы мәңгілік мекенін екі бөлмелі етіп салдырады. Өзі қадағалап, жөнжоба сілтеп отырады. Төрдегі бөлмесіне өзін жерлеуді және ашық қоюды өсиет етеді. Қырық жылға дейін денесі сол қалпында сақталатындығын және жыл сайын жаз айында ақ дәкемен орапотыруды ескертеді. Сонан соң, кіре беріс бөлмеге Құранын, кітаптарын, ыдыс-аяқтарын, ер-тоқым, ат әбзелдерін, басқа да өзі тұтынған заттарын сақталсын. Мұнысы олай-бұлай жүрген жолаушылар пайдалансын дегені.

1952 жылы Қазақстандағы безбүйрек, құзғын саясаттың зұлымдық әрекет – кесірінен Мәшһүр атаның қабірі, үйі қопарылып тасталған.

Ақынның 1907 жылы Қазан қаласында Құсайыновтар баспасынан үш бірдей кітабы жарық көрді. «Хал-ахуал», «Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз», «Сарыарқаның кімдікі екендігі» атты шығармаларында қазақ халқын өнер-білімге баулу, елде мектеп, медреселер ашу, жер тағдыры, т. б. өзекті мәселелерді көтерді.

 1990 жылы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының таңдамалы 2 томдығы, 1993 жылы «Қазақ шежіресі» атты еңбегі жарық көрді. Ақын мұрасы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының қолжазбалар қорында сақтаулы. Тіршілікте жолы болмаған, қиянат шеңгеліне ілінген, болашағынан үміт ететіндер, жақсылық, адамшылық, имандылық жолын ұстаушылар, Бір Алланың ақ жолын мұрат тұтқандар, ақыл-ойы кемел естілер әулие Мәшһүр Жүсіптің мавзолей-зиратына келіп, дұға оқып, құрмет етеді.

Бүгінде ғұлама әулиенің мұрасын насихаттау бағытында әртүрлі шара ұйымдастырылып келеді. Мәшһүртану мен Мәшһүр Жүсіп оқулары жыл сайынғы дәстүрге айналып, жас ұрпақ ұлы ғұламаның еңбектерін санасына терең сіңіруде. Заманында қатарынан озық туған көрнекті тұлға ақындығымен қатар тарих, әдебиеттану, өлкетану, шежіре жинақтау салалары бойынша мол мұра қалдырды. Бірақ өкінішке орай ақынның қолжазбаларының көбі түрлі себеппен сақталмаған. Әсіресе, Кеңес заманында көптеген шығармасы қасақана құртылды. Мәшһүр Жүсіптің ел ішінде көріпкел-әулиелігімен танылғаны белгілі. Оған өзінің дүниеден қайтатын ай-күніне дейін дәл біліп, бір жыл бұрын асын бергізіпкетуі дәлел. Ақынның шығармалары жиырма том болып басылып жатыр. Бірнеше диссертациялар да жызылды. Ғылыми мақалалар көптеп шығарылуда. Зерттеуші ғалымдардың пайымдауынша, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының зерттелмеген мұрасының өзі әлі талай ұрпаққа рухани азық болары сөзсіз. Соңғы уақытта Мәшһүртану ісі қолға алына бастады. Ақынның туған немерелері филология ғылымдарының докторы, профессор Қуандық Мәшһүр Жүсіптің зерттеу еңбектері және Сүйіндік Көпеевтің ғұмырнамалық естелік – деректері мерзімді баспасөз беттерінде жарық көріп отырды. 2001 жылы Павлодар қаласында қасиетті Мәшһүр Жүсіп атындағы орталық мешіт ашылды.

 С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің алдындағы алаңда  және Екібастұз қаласының орталық көшесіне Мәшһүр Жүсіптің қоладан  ескерткіші орнатылды.

2006 жылы Мәшһүр Жүсіп әулиенің басына зәулім де әсем кесене тұрғызылды. Ұлы бабамыздың жастарға тәрбиелік мәні бар: – «Жігіт күніңде жаннан кеш те іс қыл, өлсең өлерсің, өлмесең адам болып шығарсың», – деп қайсар рухын ұрандай ұсынып, қазақ халқының маңдайына қасқайып біткен азаматының ішінде Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің алар орны ерекше. Өзі өмірден озса да, артына мәңгі өшпес рухани мұра қалдырған қасиетті Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бабамыздың мұрасының бізге және бізден кейін келер талай ұрпаққа берері мол екені сөзсіз.

 

 

0 пікір