МӘШҺҮР ЖҮСІП ЖӘНЕ ҚҰДАЙ ТАНУ
МӘШҺҮР  ЖҮСІП ЖӘНЕ ҚҰДАЙ ТАНУ
09.07.2018 09:34
216
0

Мәшһүр Жүсіп діни ағартушылық бағытты ұстанған адам. Оның көркемдік ойлау жүйесі - Құран Кәрім, хадис-шәриф, шариғат және сүннетпен суғарылған білім бақшасы;  дүниетанымының негізгі қайнары – ислам пәлсафасы мен діни шығармалардан нәр алады. Мәшһүр атамыз шырқауы биік, теңіздей терең діни мәселерді қарапайым тілмен тартымды етіп баяндайды. Сол себепті ол:

«Құранның мағынасы бұйырық – заң; сүренің мағынасы – насихат; аяттың мағынасы – ақыл-кеңес; иманның мағынасы – көркем мінез» деп көкірек көзімен көрген, зейін-зердесімен білген ақиқатты жалпыға жеткізуге күш салды(«Мәшһүр Жүсіп және дін қағидаттары» 97-б.).

Әуелі Әлиф Алланың аты болар,

Би бес парыз пенденің жасы болар.

Кімде-кім Құран Кәрім сөзін білсе,

Ауызында ас, астында аты болар («Мәшһүр Жүсіп және дін қағидаттары» 75-б.). –деп құдайшылық жолын нұсқайды. Бұл жерде ғұлама құранның сөзін сатып, мал табуды айтып отырған жоқ. Әбу Үмәма (р.а.) естіп, кейінгілерге жеткізген хадисте баяндалғандай: «Алла елшісі (с.а.с.): «Құран оқыңдар, өйткені, Қиямет күні Құран оқығандарға шапағатшы болады» – деген (Муслим). Мінеки, Қиямет күні құран шапағатшы болса, шын мүмин адам Сират көпірінен алып өтер көліке де қолы жетіп, жәннаттың тағамдарынан дәм татуы бек мүмкін.

Мәшһүр Жүсіптің сөзін көкейге түйіп, санада сақтау үшін зейіннің зерделілігі, жүрек көзінің ашықтығы керек. «Адам мен жұлдыздар арақатынасы» деген еңбегінде Мәшһүр бабамыз: «Құдай қандай, өзі не нәрсе, оны білуге, оны тануға ақыл-ойым, зейін-пікірім жетпейді. Сонда танымаймын деп, тоқтап тұрып қалмаймын, жаратқан нәрселерінен, құдайылықпен қылған ісінен – барлығын, бірлігін, күштілігін танып тұрсам керек ,» - дей келе құдайдың құдайлығы адам арқылы, адамның амал-әрекеті арқылы білінеді деп ойын ашықтайды. О.Жәлелұлы өзінің «Қарекет» кітабында М.Жүсіптің философиясына қатысты мақаласында ойы былай өрбітеді. «Мәшһүр атамыз «Алла ғана мінсіз, қалған жаратылғанның бәрі мінді» деген дәстүрлі көзқарасқа қарсы шығып, мүлдем қазақ руханияты үшін соны пікір айтады,» - дейді. Ол қандай соны пайым дейсіз бе? Оны М.Көпейұлы бедерлейді: «Адам ата, Хауа ананы құдай жаратты, жұма күні жаратылған адам деген сол ғой. Ол екеуінен туған – Шешті (Шиш пайғамбар) құдай жаратты деп айта алмаймын. Неге десең Адам ата, Хауа ананы түйістіріп, сөйлестіріп, алқындырып, жұлқындырып әуре қылмай-ақ, әке-шешесінен қандай жаратқан болса, мұны сондай жаратпай ма? Пенденің есі, күші, ақыл-ойы, өнері араласқан нәрсені құдай жаратты деп айта алмаймын, ондай нәрселер жаратынды емес, жасалынды деуге лайық» (М.Ж. 11-том). Демек, ғұламаның пайымы бойынша, «Құдай – жаратушы, адам – жасаушы. Адам ата мен Хауа ана – мінсіз. Алайда, адамның ұрпақтарының кемелдікке жетілуі тек қана өзіне байланысты («Қаракет», 199-200-б.). 

Жер бетіндегі күллі мақлұқ атаулының ардақтысы болып жаратылған адамзат өзге тіршілік иелерінен ақылы мен ерік еркіндігі секілді нығметтермен ерекшеленіп, құдайдың жер бетіндегі халифасы саналады. Бұл - тақуаларға жеңіл, талапсыздарға ауыр міндет. Оны көпшілік атқара алмайды. 

Исламның бес парызы – біреуі – иман,

Таппайды бұл бесеуін дүние жиған.

Ықтият, шын ниетпен жұмыс қылып,

Ерлерді айт Құдай үшін жанын қиған (М.Ж.12-том), - деп «ынталы жүрек» болмаса пенденің орынбасарлық миссиясы оңайлықпен жүзеге аспайтынын айтады. 

Мәшһүр ақынның айтуы бойынша «адамның арманы – Хақты тану, мақсаты – Алланың дидарын көру». Біз осы ой ұштығын өзімізше сабақтап, «Мәшһүр Жүсіпті тану – өзімізді тану» дегіміз келеді. Өйткені, ғұламаның шығармаларын оқыған сайын біз құдай тану іліміне иек артамыз. Ол «Ғылым-білім» атты еңбегінде былай дейді: «Ғылым-білім немен болады? Әуелі жаратушыны Құдай Тағаланы танумен болады. Әуелі ғылым мағырфатта (мағрифатта). Ал ғылым-білімнің ең алды - Құдай Тағаланы танымақ. Ол құдай қайтсе танылады? Әркім өзін таныса, сонда Тәңірісін таниды... Қазақ қариялары да айтады жақтырмаған кісісін «Бұл шіркін өзін танымайды,» деп» (11-том. 16-б.). Өлеңдерінде өзінің ішкі болмысына, рух жаратылысына көбірек үңілуге тырысқан ақындардың бірі Мұқағали Мақатаев: «Мен өзімді зерттей алмай келемін» деп кеңестік кер заманда аһ ұрады. Хәкім Абай: "Жүректе қайрат болмаса, ұйықтаған ойды кім түртпек? Ақылға сәуле қонбаса, хайуанша жүріп күнелтпек" деп ұйқыдағы ойды ояту үшін де сананың сәулесін шырақ қып жағып, адам өз жанының қараңғы қатпарларына көз салуы қажет деп табады. Ал Мәшһүр Жүсіп: «Дене – бір қараңғы үй, жан – ол үйді жарық қылып тұрған нұр. Біреудің жаны сығырайып зорға жанып тұрған шырағдан сияқты... біреудің жаны электрлі жарық сықылды» десе тағы бір сөзінде «Жан – бір асыранды құс, дене – бір қапас. Ол құсқа от, су бермесе қапаста тұрып, аштан өліп қалады. Оған қорек керек,» - дейді. Осы мысалдан-ақ жанды асырап, аманат иесіне сол қалпында қайтару үшін  – имандылық қажеттігі туындайды. Осындайда «Иман  жалаңаш, тақуалық иманның киімі» деген пайғамбар (с.а.с.) хадисі  ойға оралады.

Бұл дүние ақыреттің егіні екен,

Уақытында жалқау болмай егу екен.

Құлшылық ғибадатпен барғандарға,

Нығметі екі дүние тегін екен (М.Ж. 3-том. 37-б ).

Ақынның осы өлең жолдарынан хадис пен сүннеттен терең білім алғаны  аңңғарылады. Атақты сахаба Абдуллаһ ибн Масғуд (р.а.) «Шын мәнінде сендер мерзімі қысқа, шектелген, күн мен түн арпалысқан өмірде жасайсыңдар. Егер сендер өмірде жақсылықты егін етіп ексеңдер, тез уақытта оның жемісі сендерді аңсаған армандарыңа жеткізетінін көрерсіңдер. Ал егер өмірде жамандықты ексеңдер тез уақытта оның жемісі орны толмас өкінішке айналғанын көрерсіңдер. Өйткені әрбір егін еккен дихан өзінің еккен егінінің жемісін жейді», - деген болатын.

Мәшһүр Жүсіп сөздің тамырын, түбірін танытуға, дүниетанымыңды тереңдетуге себепкер болуға құлшындырып отырады. «Қазақ сөзі айтады,» - деп жазады ол. «Әуелі өзіңнің үйіңе жақ, онан соң ауылыңа жақ, онан соң Отан-аймағыңа, онан соң  халқыңа жақ, сонан соң барып Құдайыңа жақ!» дейді екен. «Әне – дін, әне – өсиет,  әне – қасиет». Ойшылдың осы озық пікірі ислам қағидаларымен тығыз байланысты.  «Әне – дін, әне – өсиет,  әне – қасиет» дегенде ол таза жүрек, терең ой, әдеп-иман, ар-ождан мәселесімен қатар отбасы ауызбіршілігін қалай бекем қылу керектігін тілге тиек етеді. Әлеуметтік-қоғамдық өмірде отбасы мүшелерінің бір-біріне қатысты әуелгі міндеттері мен жауапкершілігі алдыңғы орында болуын, кейін осы қасиетті дамыта келе ауылға, аймаққа, Отанға деген махаббатқа ұласып, Құдайға деген сүйіспеншілікке жету ләзім екенін ұқтырады.

Мақаламызды Ж.Аймауытовтың сөзімен түйіндегіміз келеді. Жүсіпбек: «Мәшһүр Жүсіп жаңа заманның бұйынтақ сөзін, жыбырлақ мінезін місе тұтпаған, қазақтың қазақылығы бұзылмаған заманда дүниеге келген гауһары». Ол дін рухиятын, діл салтанатын жырлап өткен ғұлама. Мәшһүр Жүсіп – қазақ көркем ойы тарихындағы өзгеше бір құбылыс.

 

Айбек Оралханов

 

 

 

0 пікір