Кісі айыбын ашқаннан жапқан жақсы
Кісі айыбын ашқаннан жапқан жақсы
13.03.2019 09:11
380
0

Ақыл-ойы толысқан, парасатты адамдар елден кемшілік іздеудің орына өз мінін түзетуге көбірек күш салған. «Өз мінін білген адам – әулие» деген халық даналығы осыдан туса керек. Бұған қоса, «Батпан-батпан мінің бар» деген Үмбетей жыраудың, «Өз мінін білген жігіттің, тәлімінде мін бар ма?!» деп ой салған Ақтамберді жыраудың, «Бойдағы мінді санасам, тау тасынан аз емес, жүрегімді байқасам, инедейін таза емес» деген Абай аталарымыздың сөздерін еске алсақ, олар ел мінін сөз еткеннен гөрі бойдағы өз міндерін жетерлік деп білгенін көреміз.

Сен біреудің айыбын ашпа,
Түн сықылды перде тарт.
Күн сықылды аша берме,
Жер жүзінің әр сырын, – деген Шәкәрім бабамыз өзгенін мініне кешіріммен қарау турасында тағы да былай деген:
Біреудің мінін кешірсең,
Саған да Құдай кешеді.
Бірінде қылмай есірсең,
Төбеңді әлі-ақ теседі.
Көңілі жұмсақ адамның,
Күрмеуін Алла шешеді.
Рахымы жоқ пенденің
Орны жаман деседі...

Иә, басқалардың айыбын мүмкіндігінше жасыру, ешкімнен кемшілік іздемеу, әркімді сынап-мінеуден сақтану, одан да өз мініңді түзеуге күш салу – кемел адамдық пен нағыз мұсылмандық қасиет.

Қ. Бағашар

 

0 пікір