Кереғар теріс ағымдардың әрекетінен сақтанайық!
Кереғар теріс ағымдардың әрекетінен сақтанайық!
30.11.2015 12:46
4277
0

             Адам баласы еш уақытта дінсіз немесе сенімсіз өмір сүре алмақ емес. Алайда, бұның бәрі оның ерік-қалауында, яки өзіндік рухани ішкі қажеттілгі екендігінде дау жоқ. Әйтсе де кез келген пенде біткен діни сенімін, рухани талайын нағыз Иесіне, Ұлы Жаратушысына арнауы қажет. Сонда ғана ол адам бақытты тіршілік кешіп, көкейін тескен қайсыбір сауалға да нақтылы жауаптар тауып, рухани қанағаттанады. Мұндай сауалға жауап беретін діннің  өзі илаһи (құдайлық) болуы керек. Яғни, дін – өзі мен жалпы жаратылысты жоқтан жаратқан Ұлы Жаратушыдан келуі ләзім. Әл-Фарабидің сөзімен айтқанда, «Әлемді жоқтан бар еткен бір ықпал себеп бар. Бұл себеп, барлық әлемнен жоғары тұрған әрі ең алғашқысы». Ендеше, адамның нендей мақсатпен шақырылғанын, діттеген мұраты мен мәңгілік бақытын білетін де Сол( Ұлы Құдірет). Олай болса, Ұлы Жаратушы сүйіп жаратқан қонағын жауапсыз тастауы әсте мүмкін емес. Ол сол хабарын елшісі арқылы білдірмек. Міне, сол елшісі әкелген хабарды біз «Тәңірлік дін» дейміз. Алайда, осы тәңірлік діндер қатарына жататын жер бетінде үш дін бар. Ол жоғарыда айтылғандай, Яһудей, Христиан, Ислам діндері. Осы  діннің үшіншісі Ислам – ақырғы тәңірлік дін. Оның Құран кітабы – тарихтағы өзіне дейінгі адамдардың қолымен бұрмаланған өзге илаһи кітаптарға ұқсамаған жалғыз уахилық кітап. Осы жағынан Құран өзге кітап пен діндерді бағалауда жалғыз құқылы кітап. Оның нақты мәнісі – Тәурат, Інжіл, Зәбур және Құранның бір бастаудан келуінде. Себеп – Тәурат пен Інжіл ғасырлар бойы адамдардың бұрмалауына ұшырап, Құранның әлі күнге дейін бір әрпі де өзгертілмей сақталуында. Міне, қазақ халқының атасы түркілер осы кітапты Ислам Орта Азияға кірген кезден-ақ жылы қабылдаған. Одан әл-Фараби, Ибн Сина, әл-Хорезми және т.б даналар ілім алып, ғылымның өркендеуіне жол ашқаны белгілі. Бергі замандағы Гете, Пушкин, Толстой және т.б. адамдардың Құранды пір тұтулары тегін емес. Негізі бүгінге дейін Исламды зерттеген өз дініне берік, көкірек көзі ашық жандар арасында мұсылман болмағандар өте аз кездескен. Ал, өз дінін жақсы танып тұрып, өзге дінді зерттеген көкірек көзі ашық мұсылмандардың арасында өзге дінге өткен ешкім болмаған. Міне, біздің қазақ халқымыз да ғасырлар бойы осы дінді берік ұстанып келген. Негізінен, біз бір ұлттың қанына сіңіп, табиғатына айналған дінін білгіміз келсе, сол ұлттың мәдениетіне, салт-дәстүріне, әдебиеті мен жыр-дастандарына, мінез-құлқы мен құндылықтарына, мақал-мәтелдеріне, тіпті адам аттарына мән беріп зерттесек нақты біраз мәлімет ала аламыз. Егер, қандай да бір ұлт өзінің құндылықтарының қайнар көзінен айырылып қалса, бәрінен де мақрұм қалары сөзсіз. Жетпіс жыл бойы қазақ халқы өз дінінен көз жазып қалғандықтан, мәдениеті мен құндылықтарынан да айырылып қала жаздады. Өйткені, қазақ мәдениеті дене болса, Ислам діні – сол тәннің рухы еді. Рухсыз басы жоқ дене қайда барсын?!.. Жалпы, адамның сақталар мынадай бес нәрсесі бар: малы мен жаны, ұрпағы мен ақылы және діні. Шариғат осы бес негізді сақтау үшін қойылады. Бұл өзге діндерде де бар. Егер, адам дінінен айырылса қалған төртеуінен де айырылары сөзсіз.

            Кеңес үкіметі ыдырап, еркіндік алғалы бері қазақ халқы өз дініне бет бұра бастады. Ол атеистік тосқауылдан құтылып, енді ғана ғасырлар бой аққан өз арнасымен қайта аға бастады. Бірақ, қазақ елі түгелдей сол дәстүрлі Исламға шынымен бет алды ма? Әлбетте, жоқ. Осы кезеңде қазақ елі өз бірлігін жоғалта бастағандай. Өйткені, елді біріктіретін – санадағы идея бірлігі, яғни, жүректегі сенім бірлігі. Ал, қазіргі таңда қазақ елінің барлығы бір сенім мен идеяда ма? Мәселе осында. Атеистік сенім тарқағаннан кейін оның орнын әр түрлі діндер мен секталар басты. Шет елдерден әр түрлі дін өкілдері келіп, халықты өз діндеріне баули бастады. Осының нәтижесінде елде әр түрлі ағымдар пайда болды. «Келіннің бетін кім ашса сол ыстық көрінеді» дегендей-ақ, қандай дін өкілі келіп діннен хабарсыз қазаққа өз сенімін айтса, әлгі қазақ оған мүлтіксіз сенеді. Оның рухани аштығы көп ойлануға бой бермейді. Ақиқатты білмеген соң жалған, яғни, жалған аралас ақиқатты «толық ақиқат» деп ұғады. Сол себепті жүз мыңдаған қазақтар Иегова, христиан, кришна, буддизм және т.б. діндерге өтіп кетті.

             Қандай да бір миссионер бір елге келгенде міндетті түрде өз сенімін сол елдің құндылықтарымен сәйкестендіріп түсіндіреді. Міне, осы ұстаным бойынша, «Абай – кришнаит, Абай – буддист, Абай – нағыз Ахмеди» және т.б. деп көрсетілуде. Алайда, қазақ халқының ата-бабасынан ұстанған діні Ислам екені көпшілікке белгілі. Бірақ, халық сол діннің өзін дұрыс түсіне алмауда. Ел ішінде шииттік, ахмедилік, хизбут-тахрир, сәләфилік, тәблиғтік, т.с.с. кереғар, радикалдық ағымдар белең алды. Бұлар да қарап қалмай Абай тәрізді дара тұлғаларды өзінің ағымының мүшесі етіп сайлап алып, өзге ағымдарды жоққа шығарды. Осыдан барып ел іші жік-жікке бөлініп, бүліктің басы қылтия бастады. Бұл кереғар теріс ағымдар «Ислам жетпіс үшке бөлінеді, соның біреуі ғана дұрыс жолда» деген хадистегі дұрыс бағытты өздеріне теліп, ал, өзгелерді – бұрыс бағытқа жатқызды. Кішкене ғана айырмашылығы үшін бір-бірін ата-жаудай көріп, шайқасты да. Ел ішіндегі дінсіздік, яғни, өзге діндердің іс-әрекеттері және соларға қарай аққан бес жүз мыңға жуық қазақтардың тағдыры олардың негізгі мәселесі саналмады. Алайда, Құранда Алла тағала кітап иелерінің өзін, яғни, яһудей мен христиандарды бірлікке, татулыққа және үн қатысуға шақырады: «Ей, Кітап иелері! Біздің арамыз бен сендердің араларыңа бірдей бір сөзге келіңдер; жалғыз Аллаға құлшылық етейік, Оған еш нәрсені ортақ қоспайық. Сондай-ақ, Алладан өзгені бір-бірімізге тәңір тұтпайық деп айт» (Әли Имран, 3/64).

            Басқа бір аятта: «Кітап иелерімен ең көркем түрде, сыпайылық пен әдептілік сақтап пікір таласыңдар» дейді (Анкабут, 29/46). Құранда өзге дін өкілдерімен осылай үн қатысуға шақырса, бұлар неге Құранның рухынан алшақтап, бір-бірімен жауласуда, кейбір қазақтар қай діннің, қай ағымның етегінен ұстарын білмей дал болуда. Өзге дінге өткен қазақтардың бетін қайтарып, иман келтірулеріне себепкер болу, ағымдардың ақ-қарасын ажырату тек қана діни басқарманың ғана ісі емес. Құранда Ислам мен ақиқатты тек қана имамдар уағыздасын деген қағида жоқ. Хақ тағала мен ақиқатты тану мен таныту адамдарға түсіністікпен қарап, бейбіт ғұмыр кешуге ат салысу әрбір мұсылманның парызы. Ислам насихаты бойынша негізінде әрбір мұсылман қоғамдағы қайшылықтардың басты себебін өзінен іздеуі қажет. Мысалы, үйдегі балаңыз бір күні кришнаит немесе Иегова, не болмаса хизбут-тахрир мүшесі болып шықса оған кім кінәлі?

              Өзге дінге өткен қазақтардың мұсылман болмауында бірнеше себептер бар. Ол, әуелі оны ақиқат деп ұғып, өз дінін өзге діндермен салыстырып қарамауы. Екіншіден, өз рухына сол діннен жылылық сезінуі. Үшіншіден, сырттай қараған оларға мұсылмандардың барлығы ағымдарға бөлініп, бір-бірін алалап көрінеді. Соңғысы, жалпы Ислам дінінің қазіргі заманда экстремизм, терроризм діні саналып, оған қара күйе жағылып, қаралануы. Оған дәлел ретінде әдейі қолдан жасалған Бин Ладин тәрізді террористердің жасаған экстремистік әрекеттерін Құран аяттарымен байланыстыруы. Яғни, Исламдағы «имандылық таныту» мағынасындағы жиһад ұғымын «терор» ұғымына айналдырып көрсетуі және оған қосымша Исламның ақиқатын  һәм оның Алла тағаладан жер бетіне бейбітшілік орнату үшін түсірілген дін екендігін таныта алмаған нағыз Құран рухына сай мұсылман қоғамының болмауы. Қайта, Ирак, Ауғанстан тәрізді елдерде суннит пен шииттердің бір-бірімен қырық пышақ болулары, яғни, кейбір араб елдерінің «Мәһди жақында келіп, бізді құтқарады» деп қол қусырып қарап отырулары, жалпы, үш ғасыр бойы мұсылмандардың

«Пайғамбарымыздың: «Бір заман келеді. Ол заманда мұсылмандар басқа сайда, Құран басқа сайда жүреді» дегеніндей, Құраннан алшақ ғұмыр кешулерін айтуға болады. Бірақ, Исламның: «Сондықтан, Исрайл ұрпақтарына: Кімде-кім кісі өлтірмеген, яғни, жер бетінде содырлық жасамаған біреуді өлтірсе, ол барлық адамды өлтіргенмен және кімде-кім бір адамның өмірін құтқарса (тірілтсе), барлық адамзаттың өмірін құтқарғанмен бірдей деп жаздық» деген ұстанымды дін екендігін кейбір Елбасы тәрізді кісілердің: «Ислам – бұл адамзат тарихы мен мәдениетінің бейбітсүйгіштік, теңдік, әділдік пен төзімділік принциптерін ұстанатын ажырағысыз бөлігі» деп жеткізуге тырысқанымен, аталмыш себептерге байланысты ондай мұсылмандардың үні әзірге бәсең болып тұр. Сондықтан, қазіргі таңда қазақ елінде мынадай екі қауіп тууы мүмкін:

           1. Ел ішінде қазақтың ата-бабасының құндылықтарының қайнары – мұсылмандық дінге жат әр түрлі өзге діндердің белең алуы және атам қазақтың ұстанған мұсылмандығының сунниттік көзқарасына жат бұрыс ағымдардың қауырт өсуі нәтижесінде халықтың өзара қайшылыққа түсуін кейбір сырт мемлекеттердің өз саясатына айналдыруы. «Бөліп ал да, билей бер» принципі.

          2. Аталмыш себептерге байланысты қазақтың бүгінге дейінгі жүзге бөліну проблемасы былай қалып, өзара тіпті бір отбасының өзі жеке-жеке ағым мен дін өкілдеріне бөлініп, ел ішінде енді ғана орнаған бірліктің ыдырауы. Сондықтан үкімет басындағылар бұл мәселені дереу қолға алғаны абзал. Қазақстан мемлекеті – зайырлы мемлекет. Десек те, үкімет мұны дін проблемасы ретінде болмаса да, елдің өзіндік проблемасы деп қарауына болады. Және бұған атүстілік жасамай, тым болмаса «экономикалық мәселе» деңгейінде көңіл бөлу қажет.

1. Ата заңдағы дінге қатысты бабтарды қайта қарап, таразылау, талдау.

2. Қазақ халқының ежелден келе жатқан сунниттік көзқарасын анықтау.

3. Ол үшін Ислам дінін, яғни, жалпы діндерді зерттейтін ғылыми зерттеу орталығын ашу.

4. Халыққа Құранның рухын түсіндіру. Оны жаратылыс пәндерімен салыстырып оқуға күш салу. Құран ғаламзат кітабын адамзатқа оқу мақсатымен түскендігін, мұсылмандар оның бұл мақсатынан бірнеше ғасыр бойы бейхабар қалғандығын, мұсылмандар Құранды дұрыс оқығанда ғана бірлікке қол жеткізе алатындығын түсіндіру.

5. Сунниттік бағыттағы мамандар даярлауға көңіл бөлу.

6. Мұсылмандар Діни басқармасының құзырын күшейту. Елде қазір мемлекеттің бақылауындағы Мұсылмандар Діни басқармасы бар. Бірақ, одан басқа елде көптеген оған бағынбайтын Исламдық діни қор мен ұйымдар бар. Олар өздеріне «Қазақстан зайырлы мемлекет. Сондықтан, Діни басқарманың бізге әсері жоқ. Өйткені, біз де дәл сондай ұйымбыз» деп қарайды. Билігі болмаса, ол неге ашылды?!

7. Мектеп пен жоғары оқу орындарында дістану пәнін міндетті пән ретінде енгізу мәселесін қарау.

          Сөз соңында  айтарымыз, атеистік қапастан құтылып, дін, сенім іздеген бір елде әр түрлі дәстүрлі немесе дәстүрлі емес діндер мен ағымдардың және секталардың көбеюі – табиғи нәрсе. Әрі Ислам дініндегі әр түрлі бұрыс ағымдардың да болуы – табиғи нәрсе. Бұл адамның қателесуінен, яғни, өзге дін өкілдерінің дінге іріткі салу мақсатымен тумақ. Бұл – Ислам дінінің дұрыстығына нұқсан келтірмейді. Жалпы, ғасырлар бойы Пайғамбарымыз бен сахабалардан мирас болып келе жатқан мұсылмандарда көзқарас бар. Бұл – сунниттік көзқарас. Бұған жер бетіндегі мұсылмандардың тоқсан пайызы жатады. Қалған он пайызы ғана бұрыс ағымдарға жатады. Бұлар арам шөптей әр ғасырда бой көрсетеді де, бірі – ұзақ, енді бірі – қысқа ғұмыр кешеді. Қияметке дейін де солай бола бермек. Бірақ та солай екен деп қол құсырып, қам-харекетсіз отыра беру – кереғар ағымдар мен секталарды «ұзын арқан, кең тұсауға салумен» барабар болмақ. Сондықтан да біз өзіміздің қаламызды, яғни Шымкент қаласын Құран рухына сай емес немесе мұқым-мүлде жат кереғар теріс ағымдардың арбауы мен тура жолдан тайдырар секталардың ықпалынан сақтандыруымыз қажет. Былайша айтқанда, Шымкент қаласындағы барлық қалың жұртшылықты, әсіресе нұрлы болашағымызға алып барар жастарымызды кереғар теріс ағымдар мен секталарға қарсы тұрарлық ұлттық мәдени, рухани құндылықтарымызбен қаруландыруымыз ләзім. Қала берді, Шымкент қаласының күллі ұлт пен ұлыс өкілдерін ұйыстырудағы игі шаралардың баршасында дінаралық қоғамдық келісім мен татулықтың, тұрақтылық пен тұтастықтың, мызғымас ымыраластық қарым-қатынастың болуын керек деп білеміз. Сол үшін де бұрын-соңды болып жатқан, не тиісінше жүргізіліп жатқан кереғар теріс ағымдар мен секталарға қарсы іс-шаралардың, әрі діни ағартушылық жұмыстардың Шымкент қаласында ұдайы жалғасын тауып, әманда оң нәтижесін беруін тілеп қаламыз. 

Б.Б. Арынғазиева,ОҚМПИ «Қоғамдық пәндер» кафедрасының меңгерушісі,
филос.ғ.к., доцент

 

0 пікір