КӘРІ ЖІЛІКТІ БОСАҒАҒА НЕ ҮШІН ІЛЕДІ?
КӘРІ ЖІЛІКТІ БОСАҒАҒА НЕ ҮШІН ІЛЕДІ?
02.12.2021 09:43
2448
0

 Қазақ халқының тұрмыс-салтында кәрі жілікті босағаға ілу наным-сенімі болған. Тиісінше не үшін ілген деген сұрақ туындайды.

Әрине, бұл сұраққа әркім өзінше жауап береді. Мысалы, «кәрі жілік» үйді бәле-жәледен, жын-шайтаннан қорғайды» немесе «кәрі жілік көрсең, қораңа байла, малыңа қорған болады» дейді. Халық арасында «Кәрі жіліктің ұрының көзіне 40 қарулы әскер болып көрінгені» туралы кеңінен таралған аңыз-әңгіме де бар.

Бұны кейбір дін ұстанушы бауырларымыз Аллаға серік қосу, яғни үлкен күнә деп түсіндіреді.

Шындығында мұның негізі мен мақсатын дәлелмен түсіндірейік:

Ертеде кәрі жілікті босағаға ілгені рас, бірақ мақсаты басқа еді. Жалпы төрт түлік мал сүйектерінің ішінде ең ұзақ сақталатыны да осы кәрі жілік екен. Уақыт өткен сайын тастай болып қатаяды және ол үшін 5-6 жыл немесе одан да көп уақыт тұруы қажет.

Осы сүйекке жабысып тұрған шыбық сүйек бар, оны кей жерде ілдіргі деп атайды. Әбден кепкеннен кейін сол ілдіргіден тебен ине немесе былғары тігуге біз жасайтын болған. Сүйектің өзін бұрауға (Бұрау – түйеге артылған жүкті ауғызбас үшін жүктің арқанын бұрап, оның теңді мықтап ұстап тұруын қамтамасыз ететін құрал) пайдаланған, қамшыға, пышаққа сап жасаған.

Ата-бабаларымыздың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне сәйкес сүйекті ілудегі басты мақсаты осы болған және ұзақ сақталуы тиіс болғандықтан үйдің ішіне ілген, себебі сыртқа қалдырса, ит-құс алып кетуі әбден мүмкін.

Сол ілулі тұрған сүйекті қызық көріп, ойнау үшін үйдегі жүгірмек балалар апаларынан (әжесі мен анасынан) не үшін ілулі тұрғанын сұрайтыны аян. Әжелері 3-4 жастағы ойын баласына себебін түсіндіріп жатпастан, оның ілініп тұрғанына 3 жыл болды, әлі сонша уақыт тұруы керек немесе қысқаша түрде «үйімізді қорғап тұр» деп, балаларды алдарқата салған.

Анығында ата-бабаларымыз кәрі жілікті тек тұрмысқа қажетті бұйымдар жасау мақсатында ғана ілген және сақтаған.

 

Мақсат МҰРАТҰЛЫ

 

0 пікір