Жиһад - жәннат қақпасы
Жиһад - жәннат  қақпасы
02.09.2019 10:03
1081
0

Барша  әлемдердің  Раббысы  болған  Алла Тағалаға мақтаулар болсын! Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)-ке көптеген салауаттар болсын!

Жиһад сөзі не мағына береді? Бұл сөзді жат ағым өкілдері неге басқаша түсінеді?  Осы мәселерге тоқталып өтер болсақ... Аталмыш жат ағым өкілдері өздерін жиһад жасап жүрміз деп ақталады. Алайда жиһад лаңкестер айтқандай пікірі сәйкес келмейтіндермен соғыс емес. Өз ішіңдегі қарама-қайшылықтармен күресудегі табандылық, қажыр-қайрат, нәпсіге төтеп беру. Одан тыс Алланың разылығы үшін сауапты амалдар жасау.

         Ғалымдар біліммен айналысуы, байлар садақа  беруі сияқты мәселелер де жиһад болып табылады. Ең бастысы ниеті Алла  разылығы үшін болып, Алла бұл амалдарын қабыл етсе сол жетістік.

         Жалпы алғанда мұсылмандарға біреулер шабуыл жасамақ болғаны анық болса, қару алып қорғануға болады.  Бірақ Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзі басқарған және сахабаларын  басшы етіп жіберген ислам тарихындағы алпыстан аса жорықтарда мұсылмандар өздері соғыс бастамаған. Қарсы жақ соғыс бастап кеткенде немесе шабуыл  жасайтындары жайлы хабар келгенде ғана амалсыз соғысқан. Бүгінгі кездегі лаңкестердің әрекеттері сияқты жазықсыз мұсылмандарға қару көтермеген.

         Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) һижраның 8 жылы Халид ибн Уалидті 300 адамнан тұратын әскердің басшысы етіп, Жәзима ұлдарына жіберді. Жәзима ұлдары өздері соғыс бастап кетсе ғана соғысыңдар деген бұйрық берді. Шайқастың қызған сәтінде бір жас жігіт сүйген жарының алдында Халид әскерінен қаза тапты. Әлгі әйел күйеуінің үстіне құлай кетті. Екі рет қатты ышқынып жылады да шыдамай жүрегі тоқтап әйелі сол жерде жан тапсырды. Бұл оқиға Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) жеткенде ол кісі: «Сонда араларыңда ешбір мейірімді адам табылмады ма?» деп реніш білдірді.  Қызбаланып Халидтің кейбір тұтқындарды өлтіріп қойғанын естігенде Пайғамбырымыз (с.ғ.с.) алақанын жайып: «Уа Алла Тағала! Мен Халидтің жасаған ісінен аулақ екенімді Өзіңе паш етемін. Ол істі мен оған бұйырған жоқпын» деп айтты. 

         Мұндай жат ағым өкілдері  тұжырымдары басқа мұсылмандарды кәпір деп өлтіру арқылы жәннатқа кіреміз деп ойлауы мүлдем ақылға қонымсыз. Жиһад жәннатқа алып баратын жол, алайда мұндай тәсілмен емес. Керісінше мейірім, кеңпейілдік арқылы басқалардың жүрегін жаулау және аталып өткен Алланың разылығы үшін істелген амалдар.

Алла баршамызға шынайы жиһад жасай алатын күш-қуат беріп, уәделі жәннатынан етсін! 

Алдияр Нұртаза

( «Кенжебай ата» мешітінің имамы)

 

0 пікір