Жетімнің монологы
Жетімнің монологы
16.06.2015 16:24
76160
0
Фариза Оңғарсынова

       Базар іші дуылдап тұр. 12-13 жасар бала месқарын саудагердің алдындағы қуырылған құс етіне өзінің тарамыс қолдарын созып еді, анау бірден байқап, жиіркенішпен итеріп жіберді. Мен құлап жатқан баланың көзінен мынаны оқыдым: 

Адамдар, қаталсыңдар!
Қаталдықтан әлі-ақ зар татарсыңдар.
Жалғыздықтан зарығып ашынғанда
Мен сендерді асылдар деп ем, Жоқ!
Тас екен жүректерің де,

Шыншылдық деген жоқ екен тілектеріңде.
Өздерің оны көлгірсіп жасырғанменен,
Мейірімге сараңсыңдар!
Түбі содан жазым да табарсыңдар.

Бір жылы көзқарастарыңа зарыққанымда
Соның өзі-ақ бақыт қой, қамыққан ұлға!
Найзағайдай атқылап жанарларың да,
Біржола сөніп үмітім, балаң жаным да.
Жыртқыштар қамап алғандай тарықпадым ба?

Әділеттен жұрдайсыңдар!
Тақсырет тартпай бір тынбайсыңдар
Жала тартып, сендерге жүгіндім барып
Тас мүсіндеріңнен түңілдім налып
Тағдырым менің титтей де елеңдетпеді,
Бейжайлықтарың қорқытты, керең беттегі.
Мен емес, сендер екенсіңдер бүгінгі ғаріп.

Адалдыққа тапшысыңдар!
Әрине, данышпансығанда жақсысыңдар
Өзгенің қасіреттеріне қарайсыңдар қалайша есінеп мүлде?!
Бәрібір екен, сендердің көмкерлеріңе
Біреулердің көзінен жас кетпеді, бұл күнде ұғындық бәрін...
О, адамдар! Сендердің зұлымдықтарың шыдатпай өртеді мені де 

Не деген пасық едіңдер!
Шуақсыз қурайды емес пе жасыл егіндер?
Мейірім аңсап, жүрегім қансырап тұрған,
Зұлымдықтарыңмен қамшылап тыңнан
Жанымда үміт, сенімдер түгесілгенде
Лақтырып тастап кеттіңдер, күресін жерге
Сендерден байлық сұраман, өліп кетсем де!
Алтындарыңды алмаспын, төгіп кетсең де,
Мейірімге ғана мұқтажбын, білесіңдер ме?

Мейірімге ғана мұқтажбын...

 

 Ұқсас материалдар

 

0 пікір