Жат ағым діннен бездіреді!
Жат ағым діннен бездіреді!
05.08.2019 11:50
895
0

Барша мақтаулар әлемдердің Раббысы болған Аллаға болсын! Пайғамбарымыз  Мұхаммед (с.ғ.с.) көптеген салауаттар болсын!

Жат ағымдар бүгінгі күнде қоғамымызға көп зиян тигізуде. Қоғам бірігіп татулықта өмір сүрсе дінді де түсіндіру оңай болады. Егер де дін жайлы түсінігі аз, оқығаны аз болса оған өте күрделі дін мәселелерін түсіндіру ерте жасалған қадам. Ондай адамдарға Алланың нығметтері, жаратқан құбылыстарының таңғажайып қырлары т.б.  жайлы айтып дайындау керек. Жат ағым өкілдері ел арасында лаң салып қоғамды дүрліктірді. Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с. дінді қиындатпаңдар оңайлатыңдар деген еді. Біздер соған амал етіп барынша Исламның жақсы жақтарын көрсетіп, дінді жаюымыз керек. Жат ағым өкілдері өз ата-анасынан бастап ағайын-туыстарын намаз оқымаса, ораза тұтпаса жерден алып жерге салып кіналай жөнеледі. Нәтижесінде одан көбісі теріс бұрылады. Дінге деген теріс пікір қалыптасады. Дінді өмірді қиындататын дүние сияқты көреді.

Кезінде бір мұсылман адам басқа қалаға барып саудамен айналысқан. Сонда бір көмекшісіне сататын заттарын қалдырып шаруаларымен кеткенде, көмекшісі сапасында ақау бар бір затты қымбат бағаға сатып жіберген екен. Қайтып келген саудагер бұны білген соң, әлгі сатып алған адамның түр-сипатын сұрап базардан іздеген екен.  Әлгі тұтынушыны тапқан соң артық ақшасын қайтарып береді. Қымбат алып қойыпсыз деген сөзді саудагерден естіп көрмеген әлгі адам қай елден, қай дін өкілісің деп таңырқай сұрапты. Ислам деген дінді ұстанамын деп саудагер  мұсылмандық жайлы түсіндіріп өтіпті. Ислам діні енді таралып келе жатқан замандағы оқиға еді. Сол елдің халқы бір-біріне мұсылманшылықты мақтай отырып жеткізген екен. Нәтижесінде Алланың қалауымен сол қаланың көбі Ислам  дінін қабылдайды. Дінді таратқанда қоғамға пайдасы тиетін әділдікті, мейірімді бірінші орынға қойылатынын жеткізсе адамдар да тырысып жақсылыққа ұмтылады.

Жат ағымдағылар, яғни діннен біреулерді бездіріп жүрген мұсылмандарға Алла сана берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

 

Даулетов Азамат

Кенжекөл ауылы, «Шайқы ата»

мешітінің ұстазы

0 пікір