Жастық шағыңда асуларды алып, белестерді бағындыр!
Жастық шағыңда  асуларды алып, белестерді бағындыр!
26.11.2018 11:06
327
0

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  биылғы  Жолдауында: «Біз Қазақстанның болашағы саналатын жастарды қолдауымыз керек. Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау – мемлекеттік саясатының басымдылығына айналуы тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынамын», - деді.

Жастар деп кімді айтамыз?

Жастар – бұл мемлекеттің негізгі тірегі бола отырып, болашақта ел басқаратын ұрпақ өкілдері, қоғамның қозғаушы күші, ел ертеңі.

Еліміздегі барлық мешіт жамағатының 70-80 пайызы жастар десек қателеспейміз. Деректерге сүйенсек, бүгінде Қазақстандағы 14 пен 29 жас аралығындағы жастардың үлес салмағы халықтың жалпы санының 27,8%-ын, яғни 4,5 миллионнан астам адамды құрайды. Олардың 700 мыңнан астамы – студенттер. Бұл ретте ауылдық жерлердегі 46%-ды құрайтын жастарға қарағанда 56%-ды құрайтын қала жастарының саны көптеу.

Кейбір деректерге сүйенсек, дүниежүзі бойынша жастар халықтың шамамен 18%-ын құрайды, соның ішінде ғаламшардағы жастардың 85%-ы дамушы елдерде тұрады екен. БҰҰ берген деректер бойынша келесі ғасырдың аяғына қарай 30 жасқа дейінгі жастар жер шары тұрғындарының жартысын не одан көбін құрайтын болады деген болжам бар.

Жастық шақ әрбір адамның өміріндегі ең бақытты кезең. Өйткені, балғын кезең асуларды алып, белестерді бағындыратын мүмкіндік деп білген жөн. Жастық шақ Мағжан атамыздың тілімен айтсақ, «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты» болатын уақыт.

  Қазіргі таңда елімізде халықтың әсіресе, жастардың рухани-танымдық тәрбиесін, діни сауаттылығын арттыру маңыздылығы көпшіліктің аузында жүр. Кез-келген мемлекеттің жарқын болашағы мен кемелденуі осы жастардың болмысы мен санасына, мәдени дамуына, білім мен тәжірибе деңгейіне байланысты болады. Сондықтан жастардың заманға сай діни білім деңгейлерін арттырып, дәстүрлі құндылықтарды сақтау бүгінгі күннің басты мәселесі.

Ұлттың бүгіні мен келешегі  – білімді жастың қолында. Анығырақ айтқанда, тарихын терең білетін, ұлттың рухани құндылықтарын бойына сіңірген ұрпақ қана ел болашағын қалыптастыра алады. Ал, сол білімді жастарға беруге ең негізгі қызмет ететін тұлғалар – олар ұстаздар қауымы болмақ.  Бүгінде елімізде «дінтану» және «теология» мамандығы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар мен әлемдік тілдер университеті, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, «Нұр» Ислам мәдениеті Египет университеттері  мамандар даярлауда. Осыдан басқа да Білім және ғылым министрлігі қолдауымен еліміздегі жоғары оқу орындарында  дәстүрлі дінімізді терең оқытып, кеңінен қанат жайуына септігін тигізетін  пәндер енгізіліп, арнайы мамандар даярлануда.

Ислам діні ешқашан басқа сенімдерге немесе қоғамның құндылықтары мен дәстүрлеріне қарсы шыққан емес. Ендеше  әрбір азамат өз халқының дәстүрлерін біліп, сақтап, құрметтегені абзал.   Біздің   дана ата-бабаларымыз  дін мәселелерінде ақ-қараны айыра біліп,  діни қағидаларды өз өмір сүру тәсілінің ажырамас бір бөлшегіне айналдырғанына тарихымыз куә.

Қазіргі жастар – ақыл-ойы терең, барлық заманауи технологиялық құралдарды меңгеруге, кез-келген жаңалықтарды меңгеруге белсенді. Қарапайым ғана қағидамен айтар болсақ, Қазақстанның болашағы бүгiнгi жастар. Біз оларға қалай бiлiм берсек,  ертең Қазақстан сол-деңгейде болады Біздің ортамызда үлгі-өнеге алуға лайықты қаншама иманжүзді ғалымдар, дәрігерлер, ұстаздар, өнер қайраткерлері, әскери қызметкерлер, саясаткерлер бар. Оларды құрметтей және оларға еліктей отырып, жастарымыз көптеген өмірлік сауалдарына жауап тапқан болар еді.

Ислам діні ғалым-ғұламаларды көкке көтеріп қадірлеген,   адамның білім алуына ешқашан шектеу қоймаған.  Әлемге танымал мұсылман дінтанушысы әл-Ғазали діни білім туралы былай дейді: «Пайдалы біліммен шұғылдану бүкіл басқа істерге қарағанда әлдеқайда жақсы. Пайдалы білім – дүниенің жамандығын, ақыреттегі жағдайдың қауіптілігі мен қорқыныштылығын түсіндіретін білім. Дүниеге беріліп, ақыреттен бет бұрған адамдардың надандығы мен ақымақтығын, олардың бойындағы өркөкіректік, күншілдік, екіжүзділік, өзін-өзі сүюшілік, атаққұмарлық пен мансапқұмарлық, дүниеге құштарлық сияқты жүрек дерттерінің дауасы не екендігін білдіретін білім – пайдалы білім».

Сондықтан жастар Алла Тағала берген жастық шақ пен алтын уақытты дұрыс бағалап, білім алуға, кәсіптің белгілі бір саласын игеруге барынша күш жұмсауы қажет. Жастар заманауи техникалық байланыс құралдарының барлық түрін игеріп шығуы тиіс.

Қорыта айтсақ, Өз ұлтын, тілін сүйіп, қастерлейтін адам ғана сонау ежелден мирас болып келе жатқан ата-ананы, үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық,  мейірбандық,  инабаттылық көрсету сияқты ізгі қасиеттердің иесі бола алады.  Біз, бүгінгі жастар, осындай ұлтжандылығымызбен, өзімізге тән ұлттық болмысымызбен және рухани тазалығымызбен ерекшеленуіміз тиіс. Ар-намысын жоғары ұстаған ел ғана басқа ел алдында әрдайым абыройлы, сыйлы болмақ.

Әрбір адам жастық шағын өкінішпен емес, өнегелі жолымен еске алатындай болса, бұл басқа қонған бақыты. Сол үшін иманды жан қандай болу керегін сөзі мен ісінің тазалығынан көрсетсе нұр үстіне нұр. Мұсылман деген пәк сипатына кір жұқтырмаса игі.

Мағжан ақын:

 «Қажу бар ма тұлпарға,

Талу бар ма сұңқарға,

Иман күштi оларда,

Мен жастарға сенемiн», — деп кейінгі жастарға үлкен бағыт көрсеткен. Шынында ұрпақтың иманды, таза, текті болуы қоғамның беріктігін одан әрі сақтамақ. Құдай тағала жүрегі иманмен толысқан, елі мен жеріне шын жаны ашитын жастарымыз көп болуды нәсіп етсін!

 

Жолдас Қоспақұлы

ҚМДБ-ның Павлодар облысы

 бойынша өкіл имамы

 

 

 

 

 

 

 

 

0 пікір