ЖӘРДЕМ
ЖӘРДЕМ
13.03.2019 08:59
192
0

Ол өзінің қиындық кешкен күндерін еске алып отырыпты. Әсіресе, үйдегі бала-шағасы ойына түссе, әлі күнге қамығып, жүдеп-жадап шыға келеді. Әйтсе де сол күндердің бәрі де енді артта қалды, құдайға шүкір, қазір біреуден кеш, біреуден ерте дегені болмаса, сонау кедейліктің ауылы ендігіде кеткен күнге есеп. Сонда өзі де қайран қалады, небәрі бір-ақ ауыз сөз оның бар өмірін өзгертуге жетіп жатты...

Бұл - өткенді есіне алып, ерте күндерін екшеп отырған пайғамбар сахабаларының бірі болатын. Бір кездегі жоқшылық, тақыл-тұқыл тірлік оны қажытып жібергендей көрінуші еді. Балашағаның күйі тіптен келіспей сындарлы бір күндерге ұшырады. Күнкөріс – қиын, тірлік – мынау. Сөйтіп ол бір күні жұбайымен келісіп, пайғамбардан (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қаржылай көмек сұрауға бекінеді. Осы ниетпен пайғамбарға (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келгенде, ол қашанғы әдеті – дос жаран, ізбасар серіктерімен әңгіме-дүкен құрып, жайдары жайсан отыр екен дейді. Келген бойда істі қозғаудың реті жоқ. Ол да бір шеттен орын алып, пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқан ақыл кеңеске ықылас салып, жайғасып тыңдап отырады. Сондай әңгіме арасында пайғамбарымыз(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Біз көмек сұрай келген жаннан жәрдемімізді аямаймыз. Бірақ қол жайып, тіленбеген адамның қажетін бір Алла Тағаланың өзі өтейді»,- дегенге тоқталып, біраз әңгімелер айтады.

Бұны естіген әлгі кісі өз ниетінен қайтып, сол күні бұйымтайын айтпастан ошағына оралады. Үйіне келсе, баз-баяғы күнкөріс әуресі тағы да шыдатпай, ертесінде екінші мәрте пайғамбар(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) алдына барып, жағдайын түсіндіруге бекінеді. Бірақ кешегі әңгіме бүгінде тағы да алдын орап, үйіне қайтып келеді. «Біз жәрдем сұрай келген жанның барлығына көмектесеміз, бірақ тіленбеген адамның қажетін бір Алла Тағаланың өзі өтейді». Сөйтіп жүргенде үшінші рет отбасы, ошақ қасындағы жай қоярда-қоймай тағы да пайғамбар(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)алдына келеді. Сол аралықта өзінің жайма қоңыр майда даусымен пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тағы да өткендегі уағызын жалғастырып отыр еді. Амал жоқ, оқталғанын тағы да айта алмай, сахаба сыртқа шығыпты. Дегенмен бұл жолы көңіліне бір сенім ұялағанын сезеді. «Біз бәріне де көмектесеміз, бірақ тіленбеген жанға Алла Тағала жәрдем етеді». «Енді болмас», - деп ойлаған сахаба сол сәт елден көмек сұрамағанына іштей қуанып үйге келе салысымен, әрі ойланып, бері ойланып, қолынан не келетін болса, соны атқармақ болып бір тоқтамға келеді. Осылайша біреуден балта сұрап алып, қырға шығып, отын шауып, оны әкеліп сатады. Содан түскен ақшаға балта, мал және басқа да құралдар сатып алуға шамасы келетін болып қалады. Ептеген табыс бар. Содан не керек, күндерден күн өтіп, оның ошағына от, маңдайына мал бітеді. Біртіндеп жалшы жұмсайтын дәрежеге жетеді. Бүгінде сол – қуаныш, сол – бақыт. Осындай жайма шуақ күндердің бірінде оған Мұхаммед пайғамбардың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)өзі келіп, арқасынан қағып: «Бәсе, айтпап па едік, көмек сұрағанға біз де көмектесеміз. Ал біреуге қол жаймай өз күнін өзі амалдайтындар болса, оған қажет көмегін бір Алланың өзі көрсетеді», - дейді оған ризашылығын білдіріп!

Ғибратнама: Бұл оқиға, әңгіменің мәні өте терең, алар сабақ мол!

 

gibrat.kz

 

0 пікір