«ЖАҚСЫНЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫН АЙТ, НҰРЫ ТАСЫСЫН!»
«ЖАҚСЫНЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫН АЙТ, НҰРЫ ТАСЫСЫН!»
27.04.2020 04:30
2328
0

Ұлы Абайдың  үшінші қара сөзінің насихатын оқуға шақырамын.

Жалқаулық қайратсыздыққа, қайратсыз болу қорқақ мақтанға, мақтаншақ қорқақ надандыққа, надандық арсыздыққа, арсыз болу түгі жоқ бос орынға апаратынын Абай Құнанбайұлы ұрпаққа өсиет етті. «Айналадағының бәрі менікі, тек өзіме ғана болсын, маған ғана көбейсін» деген ниеттен қалыптасатын әдеттер. Осылар белең алса, қоғамға таңба болатын індет болмақ. Қайтеміз? Керегі не? Қайда барамын? Ортамды қайда апара жатырмын? деген өзіне сұрақтар қойса олай болмас еді. Ойланар еді... Түйсігінде қозғалыс болар еді... Өмір айдынында ешбір сұрақсыз алға жүзе беру, күндердің күнінде толқынға жұтылары анық.

Абай қазақты біріне бірі достық ойлауға, жақсы адамдардың үстінен бекершілік, өтірік ақпар көрсетпеуге шақырады. Жауласу мен дауласу, қастық пен таласу – қоғамды бүлікке апарады. Қазақта «Келісіп пішкен тоң келте болмас» деген бар. Әрбір істе келісімнің үстемдігі болса, сонда ғана ұлт ұлылыққа ұмтылмақ. Жақсыны етегінен тартып, аяғынан шалсақ, жаманды қадірлеп, жағымпазданып жасампаз батыр қылсақ, онда бізді Құдай да аямасы анық. Тәртіпті қоғамды әділетті басшы ғана басқара алмақ. Біздің қоғам Абайша «Алланы сүю, Адамзатты сүю, Әділетті сүю» үш сүюге ұмтылуы қажет. Сонда қулар мен арамдар, өзімшілдер өздері-ақ үйлерін алыс тігеді.        

«Біреудің бойынан кемшілігін іздеме – өнер ізде». «Мал жинама – білім жи». «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл». Осындай ұлағаттарды бойына ұғындырған жас ұрпақтан қу мен арам болыс шықпасы анық. Халқын биік армандарға жетелер ерлер шығары анық. Елім дейтін ер қайдан болсын, ерім дейтін ел болмаса. Қулық пен айлаға салып барлығын өзіне тартпай, іс қылмақ жандардың жақсылығын айтып, нұрын тасытар кез келді ағайын! «Талап қыл артық білуге» деп жас ұрпақты үйрететін, тәлім беретін ағалар мен апалар, аталар мен әжелер көп болсын!    

 

Абылайхан СЕРІКБАЙҰЛЫ,

Баянауыл ауылы.

0 пікір