Жақсының аты өлмейді!
Жақсының аты өлмейді!
26.09.2018 13:25
562
0

ХХ ғасырдың басында өмір сүрген көрнекті ұлттық зиялы қауым өкілдерінің бірі, Ертістің Кереку өңірінде діни-ағартушылық, білім беру және қоғамдық істермен белсенді айналысқан адам – Қасым Мұстафаұлы Ертісбаев(1870-1932).  Сол кезеңнің көптеген алдыңғы қатарлы адамдарына сияқты Қасым Мұстафаұлына да Кеңес өкіметіне қарсы іс-әрекеттер ұйымдастырды деген жала тағылып қуғын-сүргінге ұшырады, тұтқында жүріп абақтыда қайтыс болды.

         2008 жылы Қасым қажының ұрпақтарының қаржысымен Павлодар  ауылында Қасым қажы Мұстафаұлы атында күмбезі көкті тіреген зәулім  мешіті, жанында барлық қажетті жабдықтарымен толық қамтамасыз етілген медресе ғимаратымен қоса  ашылған еді.  Мұсылман жамағатының рухани ордасы болған бұл мешітке биыл 10 жыл толып отыр.

Ертісбаев Қасым Мұстафаұлы – ХХ ғасырдың басындағы көрнекті ұлттық зиялы қауым өкілдерінің бірі, Ертістің Кереку өңірінде діни-ағартушылық, білім беру және қоғамдық істермен белсенді айналысқан адам.

Мұрағат деректері Ертісбай батырдың баласы Мұстафаның би болып құлатай-қыпшақтардың бір бөлігін басқарғандығын айтады. Мәшһүр Жүсіп бабамыз  өзінің Ертісбай батыр туралы әңгімесін қорытындылай келе: «Ертісбайөзі 7 ағайынды екен, 2000 жылқылы бай екен, жігіт-желеңі сай екен. Жетеу болған соң ақ жеті лайт болуы дайын тұрған. Ішіндегі көкжал көк шолағы Ертісбай екен. Өзіне кісі қаны қой қанынан оңай болса керек: «92 кісінің қанын осы қолыммен ұрттадым. Жүзге сегіз-ақ жетпей қалды»,- деп отырады екен деседі...» ( Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Ертіс бойындағы қожалар //Шығармалары. 8 том. Павлодар, 2006. – 215-216 бб.) Осы келтірілген деректі негізге ала отырып біз Ертісбай батырдың Ертіс өңірін жоңғарлардан азат етуде зор үлес қосқан деп толық сеніммен айта аламыз.  Жаугершілік заманда  ерлігімен көзге түскен, сонымен қатар мыңды айдаған бай  Ертісбай ел арасында ықпал-беделі күшті болғаны белгілі. «...Сол Ертісбайдың немересі Мұстафа баласы Тоғай бойының бір деген кісісі болып, жұрт аузына ілініп тұр» (219 бет) Ал Мұстафадан Қасым қажы туған.

Павлодар облыстық мұрағатындағы  Қасым қажының өз аузынан НКВД қызметкерлерінің 1924 жылы жазып алған сауалнамасында  Қасым қажы Ұрық болыстығының №2 ауылында туғанын айтады. (Қазіргі Павлодар ауданының Шәукен ауылы).

Ол білімі терең, жан-жақты адам болған, жеке кітапханасы әртүрлі жанрдағы әдебиетке толы болыпты. Сонымен қатар Қасым қажы сол кездегі алдыңғы қатарлы қазақ зиялыларымен байланыста болған. Ұлт көшбасшылары – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов және т.б. көптеген Алаш ардақтыларымен байланыста  таныс-біліс болғаны айтылады. Оларға қатысты деректерді   жала  жабылып,  қуғынға  ұшыраған  кезінде  түгелдей жасырып, жерге   көмдірген   дейді.

Қасым қажы 1912 жылға дейін ауыл мектептерінде мұғалім-молда болған. Өз ауылында мешіт және жаңа «жәдидтік» әдіспен оқытатын  мектеп-медресесін ашыпты.  Жәдидизм ол ХIX ғасырдың соңы – XX ғасырдың басындағы Еділ бойы, Қырым және Орта Азия мұсылмандарының мәдени-реформаторлық, қоғамдық-саяси қозғалысы болғанын білесіздер.

Қасым қажы өзі ашқан медресеге Ресей және Орта Азия қалаларында діни семинарияларында білім алған адамдарды, жәдидтер ережелері мен көзқарасын жақтайтындарды ұстаздық етуге тартқан. Сондай адамдардың бірі Мүбәрак Уәлиұлы болды (1897-1933 жж.). Қасым қажы медресесінде көптеген балалар оқып, кейіннен олардың бірталайы айтарлықтай жетістіктерге  жеткен екен.

 Қасым қажы медресесінде білім алған адамдардың ішінде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын-жазушы, публицист Сәбит Дөнентаев та (1911-1912 жж. оқыған) болған. Мәселен,  ақынның алғашқы өлеңдер жинағы Қасым қажы мен оның қызы Сәнияның қаржысына шығарылған. Яғни 1915 жылы Сәния Қасымқызы Ертісбаева өз қаржысына Уфа қаласындағы «Шәріп» баспасынан С.Дөнентаевтың «Уақ-түйек» кітабының екі бөлімін бастырып, жарыққа шығарыпты. Бұл Қасым қажы тарапынан жасалған көп меценаттық шараларының бірі ғана болса керек.

Қасым қажы ұстаздықтан басқа ағартушылық және қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Ол 1917 жылы Павлодарда «Ғылым» атты қоғамын құрып,  Павлодар уезінің 1 ауданында мухатсиб қызметін (діни моральдің сақталуын қадағалайтын адам) атқарады. Мұхатсибтың басты функциясы сауда-қолөнер қызыметтерін қадағалау, сонымен қатар қызметшілердің  қоғамдық жерлердегі тәртібі,олардың қарапайым халықпен қатынасындағы моральдық-этикалық нормаларына  бақылау қою болатын.   

     ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы тоталитарлық жүйенің қалыптасуы Қасым Мұстафаұлының тағдырын   қайғылы аяқтады. 1932 жылы халық арасында «Ақтүрме» деген атпен белгілі Павлодар абақтысында дүниеден өткен екен.

 Қазір Павлодар қаласы, Павлодарское ауылында Қасым қажы атында  көше  бар. Ондағы жалпы білім беретін орта мектебінен ұстаздар мен оқушылардың ізденісі нәтижесінде жинақталған  Қасым қажы және оның ұрпақтары туралы толық мағлұматтарды көре аласыз.

2010 жылы Қасым қажы Ертісбаев туралы тарих ғылымдарының кандидаты Әсет Жәнісовтың ҚР Орталық мұрағатынан табылған құжаттармен толықтырылған  «Заманының көрнекті тұлғасы» (Алматы баспасы-2010) атты кітабы жарық көрді.

Біз дамыған 30 елдің қатарына кіруді мақсат етудеміз.  Соңғы жылдары рухани жаңғыру дүмпуімен өткенге бұрылған  халықтың өшкені көптеп жануда. Қасым қажы Мұстафаұлы тәрізді боздақтарымыздың өз дәуірінде жасаған еңбегінің үлгісі жас ұрпақтың туған елге, өскен жеріне деген патриоттық сезімін нығайтуға ықпал орасан етуі тиіс. Өйткені «жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді».

 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

 

 

0 пікір