ЖАҒЫПАР МОЛДА ӨМІРТАЙҰЛЫ (1882-1960)
ЖАҒЫПАР МОЛДА ӨМІРТАЙҰЛЫ (1882-1960)
22.01.2021 00:04
365
0

Жағыпар атаның нақты туған жылы туралы әртүрлі көзқарастар бар. Туған баласы Тұяқ Жағыпарұлының айтуы бойынша, ол кісі 1960 жылы 78 жасында қайтыс болған екен. Жағыпар Өміртайұлы жас кезінде Тройцк қаласындағы Зейнулла Расулевтың ашқан «Расулия»діни медресесінде білім алған.

Ұжымдастыру жылдары Қызылтау болысынан көшкен Қақсал руының ауылдарымен бірге қазіргі Май ауданы Баскөл ауылына қоныс аударады. Өзімен бірге немере інісі Қонақбайұлдары Темірбек, Елубай, Жапар, туған інілері - Өміртайұлдары Нығман, Қайролла да болған.

Ашаршылық жылдары Ресейдің Кемеров облысына көшуге мәжбүр болды. Зұлымат заманда барлық туыстары, бала – шағасынан айырылып жұбайы Шегебайқызы Қайшамен 1934 жылдары елге оралды.

1935 жылы Алла ұл беріп, ғұмырының жартысынан асқанда көрген нәрестесіне Тұяқ деп ат қойды. 1937 жылы әйелі дүниеден озды. Екінші әйелі Нұркәмалдан Нұрзада, Мәдина деген қыздар туды. Жағыпар Өміртайұлы өз заманында әртүрлі шаруа, кәсіппен айналысқан. Аудармашы (орыс - қазақ) болған. Зияда Сарбасұлы қарияның естелігінде - Жағыпар Қызылқұмға аты шыққан сауда керуенінің жетекшісі де болған. Дейтұрғанмен Жағыпар Өміртайұлы халық ортасында діни қызмет, молдалығымен танымал. Халық арасындағы естеліктер мен мұрағат деректері Жағыпар Өміртайұлының мұсылмандық бейнесін танытады.

«Ертістің Павлодар өңіріндегі исламның тарихынан» кітабындағы мәліметтер боййынша:

1.«1946 жылы 2 қыркүйекте сол кездегі Каганович ауданы Ермак ауылында тұратын, саны 20 адамнан құралған діндар мұсылмандар, ғибадатхана ретінде пайдалану үшін, Өміртаев Жағыпардың 48 шаршы метр болатын, жеке иелігіндегі үйін жалға алуды сұраған. Жағыпар ата да 2 бөлмелі үйін, ғибадатхана ретінде пайдалану үшін, тегін 10 жылға мешіт ашуға берген. Бұл жеке меншік үй аудан орталығындағы орта мектептің жанында орналасқандықтан, КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы дінге табынушшылар істері жөніндегі уәкілі мешіт ашуға рұқсат бермеген.  Мекенжайы: Ақсу селосы, Пушкин көшесі №15 үй саман кірпіштен жасалынған.»

2.«Кезбе молдалардың қызметі орындарда едәуір маңызды. Олар барлық колхоздарда бар және жергілікті діндар тұрғындар арасында діни дәстүрлер орындайды. Олардың кейбіреулері тұрғындардың діни сезімін оятуда үлкен белсенділік көрсетуде. Айталық, мысалы, Ертіс ауданы Ертіс селосынан Жанаев Сәдуақас пен Мәкенов Бейсекен молдалар, Каганович ауданы Ермак селосынан Өміртаев Жағыпар мен Төлеутаев Тілеу молдалар» - делінген.

3."Каганович аудандық Кеңесі мынаны хабарлайды, мұсылмандардың «Құрбан байрам» діни мейрамы күні колхозшылар, жұмысшылар мен қызметшілер тарапынан осы күні қыдырымпаздық пен жұмысқа кешігу оқиғалары болған жоқ. Намаз оқу жиналыстары мен малды құрбан етуді кейбір жерлерде өте қартайған жастағы діндар азаматтар өткізді, атап айтқанда, Ермак ауылдық кеңесінде діндарлармен намаз оқуды кезбе молда Өміртаев Жағыпар өткізді.»

4.«Ауылдық жерлерде аз діндарлардың қатысуымен кезбе молдалардың қоғамдық намаздарды өткізуі айқындалды: Каганович ауданында 3 жерде: Ермак селосында – кезбе молда Өміртаев Жағыпар, Ленин ауылдық Кеңестерінің ҮІІ съезі атындағы колхозда – кезбе молда Исабеков Сейсенбай және «Қызылжар» колхозында – кезбе молда Кетубаев Ибрағим. Қаржы органдарына оларға заң ережесіне сәйкес табыс салығын салуды өтіндім. Басқа аудандарда қоғамдық намаздардың өткізілуі кездеспеді»

5.«Есеп беру кезінде Каганович ауданында тұратын (Өміртаев, Кешубаев, Исабеков) 3 кезбе молданың іс-қимылдары туралы ресми мәлімет түсті, ал басқалардың заңсыз әрекеті (қоғамдық намаздарды өткізу, діндарлардан қаражат жинау т.с.с) байқалған жоқ. Олар өздерінің діни сенім-нанымдарын, әрине, таратады, бірақ жасырын жолмен, жекелеген жағдайларда. Олар соңғы уақытта ашық іс-қимыл жасамайды.»

6.«1951 жылғы 11 қыркүйектегі «Құрбан айт» діни мейрам күні Каганович ауданы Ермак ауылында тұратын кезбе молда Жағыпар Өміртаев Ермак ауылында жамағатпен заңсыз намаз өткізіп, олардан 600 сомдай ақша жинады...»

7.«Павлодар облыстық қаржы бөлімі, өткізген тексерулер нәтижесінде, Ермак ауылының тұрғыны Жағыпар Өміртаев азамат пен Ленин ауылдық Кеңесінің тұрғыны Сейсенбай Исабеков азамат діни мейрам күндерінде діни салттар өткізгендері анықталғанын хабарлайды.»

Жағыпар Өміртайұлы Павлодар облысы Май ауданы Баскөл ауылында жерленген. Ұрпақтары Алматы Ақсу, Павлодар қалаларында, Павлодар облысы Май, Шарбақты аудандарында тұрады.

Немересі Жағыпар Берік Тұяқұлы діни білімді Мерке, Шымкент медреселерінен алды.  Май ауданы Көктөбе ауылындағы Қожабек мешітінде 1996 жылдан бастап бас имам қызметін атқарады. 2006 жылы қасиетті Мекке, Мәдина қалаларында болып, қажылық міндетін өтеді. Шөберелері Жағыпар Әминә Берікқызы «Нұр-Мүбарак» университетінің магистратурасында, Тұяқ Қайша Берікқызы бакалаврияттың «Исламтану» факултетінде оқиды.

 

0 пікір