ИСЛАМ ТҮРКІЛЕРГЕ НЕ БЕРДІ?
ИСЛАМ ТҮРКІЛЕРГЕ НЕ БЕРДІ?
02.12.2022 10:08
513
0

Ең әуелі, Құран кітабын әкелді. Түркілерде Құранға балама болатындай қасиетті мәтін (жазба) болған емес, болмайды да.

Ислам дінінің Орталық Азия түркі көшпенділеріне алып келген сыйларының ең асылы, ең маңыздысы – Қасиетті Құран. Құран (әл-Құрʾāн) – адам баласының өзін-өзі тануына, бастысы Ақирет алдында «шырылдаған шыбын жанын» құтқаруға, сол сияқты дүние тіршілігіндегі аман-есендігіне жол ашатын (шипа болатын) тылсым дұғалар жинағы, бірегей киелі (сакралды) мәтін. Бұл Қасиетті Жазба әсте адами ой мен тілден шығарылған вербалдық-жазба туынды емес, адамның ой-санасынан тысқары жатқан ғайыптың кілті, ғарыштың үні іспеттес.

Сөзсіз, Ислам дінінің таралу барысында (шамамен VII-X ғасырлар) көптеген қауымдар, соның ішінде түркі тайпалары да, жаңа дінді көп жағдайда «Құран кереметтері» үшін таңдады. Олар Құран аяттарының дұшпан мен қаскөйлерден, тіл-көзден, жын-жыбырдан, т,с.с. қорғанудағы ерекше рухани құдыретіне көздері әбден жетіп, ал қирағаттап оқығанда оның (Құранның) жанды баурап алатын ғажайып әуезіне, сол сияқты әріптерінің, өрнек-жазуының жоғары көркемдік бейнесіне еріксіз еліп, мұсылман болмысына құштар болуы себепті Лә илләһа иллалла Мұхамед расулалла деп салтанатты түрде тілдерін кәлимаға келтіріп, жүздері нұрланған, қуанышты күйде Алланың хақ дініне топ-тобымен кіріп жатты... Саяхатшы, ғалым Ибн Фадлан (Х ғ.) түркі-оғыз тайпалары арасында дінді насихаттап, Құран оқыған сәтте тыңдап отырған бір көшпенді оғыз азаматы: «Өтінемін, тоқтамай оқи бер (Құранды)!» деп оған тебірене өтініш жасағаны тарихи дереккөзде жазылып сақталған.

Жеке тайпалар мен «таңдаулы» ұлттарға емес, бүкіл жер бетіндегі адамзатқа арналып түсірілген Құран Кәрімнің мазмұнында көптеген айқын, рационалды білімдермен қоса кодталған (зашифрованный, encoded) тылсым рухани ақпарат жасырылған. Бұған құрандық ақиқаттарды математика, жаратылыстану ғылымдары арқылы негіздейтін, Кітаптың мақамға салып оқылуындағы дыбыс ырғағы (ритмика, орфоэпия) кереметтері, суггестиясы (психотерапия) туралы, қасиетті сүрелерді оқу арқылы адам ағзасын емдеу туралы бүгінгі күнгі шетелдік ғалымдардың зерттеулері дәлел бола алады.

Мысалы, қараңыз: Математические чудеса Корана/https://islam-today.ru/.../matematiceskie-cudesa....

23 жыл бойы үзік-үзік түсірілген Құран кітабының лексикасын арнайы мұқият зерттеген ғалымдарды 77 934 сөздің өзара құрылымы мен байланысы, «геометриясы» аң-таң қалдырып отыр. Айталық, антоним, яғни қарама-қарсы немесе мағынасы синонимдес сөздердің саны тұп-тура бірдей болып шығады: мәселен, бүкіл мәтін бойынша қарама-қарсы ұғымдар – «періште» сөзі мен «шайтан» сөзі, екеуі де жалпы саны - 88; «күн» сөзі мен «нұр» сөзі – екеуі де 33 рет қайталанады, тағы бір ғажабы, күн (араб. «йаум»/ день) деген сөз Құранда 365 рет қайталанады екен (?! күнтізбеде 1 жылда 365 күн ғой), т.с.с.

Ал егер біреу Мұхаммедті (с.ғ.с) жай бір адам, Құдайдан ешқандай «уахи» (аян) алмаған, Құранды өз бетімен ойдан құрастырып, жеке «эгосы» («мені», нафс,шахс –арабша) сөйлеген десе, осы жұмбақтың шешімін тапсын! Жұмбақ: қалайша, қандай құдыретпен, «сиқырмен» ол кісі, яғни Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с), ұзақ жылдар бойы ауызша айтып жеткізіп отырған Құран сүрелерінің сөйлемдерін, аяттарын, ғалымдар қазір ғана санап анықтаған 77 934 сөзді өзара үйлесім, «симметриялық принцип» бойынша (алдын ала?) орналастырып, оған қоса, тағы басқа мистикалық-символикалық белгілерді, құпияларды мәтіннің бойына жасырып қояды, ақылға сыйымсыз нәрсе ғой?!

 

Nazira Dautbekqyzy

0 пікір