ИСЛАМ ӘДЕБІМЕН МАЛ СОЯ БІЛЕСІЗ БЕ?
ИСЛАМ ӘДЕБІМЕН МАЛ СОЯ БІЛЕСІЗ БЕ?
02.03.2016 10:06
2851
0

Кез келген істің дұрысын айқындап беретін, рухани тазалығымен қатар тән тазалығын, деннің саулығын қамтыған Ислам шариғаты әрбір мұсылманның өмірлік ұстанымы болуы тиіс. «Ауру астан» деген халқымыздың екі ауыз ұлағатты сөзі заманауи медицинамен нақтылануда және шариғатымыздың асқа қоятын талаптары заманауи медицинамен құпталып жатыр. Бұл да шариғат ережелерін бекем ұстануымызға тағы бір негізгі себеп болып табылады.

Адам баласының қажетіне жаратылған жануарлар шариғат жолымен сойылмайынша халал болмайды. Абдулла ибн Омардан келген хадисте былай делінген: «Бізге екі ғана өлексе халал етілген, екі өлексе дегеніміз: өлген шегіртке мен өлген балық».
Яғни балық пен шегірткені бауыздаудың мүлдем қажеті жоқ. Ал басқа жануарлар болса, міндетті түрде бауыздалуы керек.
Алла Тағала айтады: «Сендерге: өлексе, аққан қан, доңыз еті және Алладан басқаның атымен бауыздалған мал харам қылынды. Және буынып, ұрылып, құлап, сүзіліп өлген малдар және жыртқыш жеген мал харам…». Бұлардың бәрін жеуге болмайды, «… бірақ (жаны шықпай) бауыздалғандардан басқа» («Мәида» сүресі, 3-аят);
«Ей, иман келтіргендер! Сендерге рызық етіп берген адал (астарынан) жеңдер және егер Аллаға ғана құлшылық ететін болсаңдар, (өздеріңе берілген адал асқа) шүкірлік етіңдер» («Бақара» сүресі, 172-аят).
Малды Алла Тағала адам ырыздығы үшін жаратқан десек те, оның өзінше тәртібі, міндеттері бар. Сондықтан, мал сою кезінде сақталуы қажет болған негізгі екі шартына тоқталайық:
Бірінші шарт: Мал соятын адамның ақыл-есі дұрыс болу керек.
Мал союшы есін білмейтін бала болса, бауыздалғаны харам. Ал егер үлкен, яғни жеті жастан асқан әрі союдың мәнісін түсінетін бала болса, бауыздағаны халал болады. Сол сияқты, есі дұрыс емес адамның сойғаны харам. Христиандар мен яһудилердің сойғаны халал болып есептеледі.
Алла Тағала айтады: «Сендерге кітап берілгендердің (христиандар мен яһудилердің) тамағы халал етілді» («Мәйда» сүресі, 5-аят). Өйткені, олардың шариғаттары бойынша Құдайдың есімін айтып пышақпен сою керек. Егер дәл солай сойылғанын білсе халал болады.
Ибн Аббас (р.а.) бұл аят жөнінде: «Кітап берілгендердің тамағы» – бұл олардың бауыздаған жануарының еті», – деп айтқан («Сахих әл-Бухари» 4/636).
Ал қазіргі уақытта олардың басым көпшілігі Құдайдың атымен бауыздамауы және пышақпен емес, малды қинап тоққа салу немесе бастан ұрып өлтіруі малдың етін жарамсыз (харам) қылады.
Союдың басты хикметі – бауыздағанда аққан қанды шығаруда. Өйткені, құстың немесе жануардың денесінде қаны қалып қойса, етін бұзып жібереді, сондай-ақ ондай етте ауру қоздырғыш бактериялардың жылдам көбейіп кету қаупі жоғары болады. Бұл адам ағзасына өте зиян.
Сондықтан, өңеш пен кеңір-декті кесумен қатар сүннет бойынша екі күре тамырды да кескен дұрыс. Ол екеуінен өте көп мөлшерде қан шығады. Сол сияқты таудан немесе жоғарыдан құлаған малды өліп қалмай тұрғанда, дереу пышақты кез келген жерінен сұғып қанын шығарып жіберу керек. Харам өліп қалған малды бауыздаса да қаны шықпайды. Оның қаны ұйып, етке қосылып кетеді.
Екінші шарт: Малды (бәсең немесе орта дауыспен) «Бисмиллә» деп сою керек және «Аллаһу Акбар» деп қосса абзал болады. Алла Тағала былай деген: «Біз әрбір үммет үшін өздеріне берген малдардан, Алланың ғана атын атап, құрбан шалуды бекіттік. Өйткені, Тәңірлерің бір-ақ Тәңір. Сондықтан Соған бой ұсыныңдар» («әл-Хаж» сүресі, 34-аят).
«Анғам» сүресінің 145-аятында Алла Тағала: «Алладан басқаның атымен бауыздалған мал арам», – деп ескертеді.
Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Расында, мен сендердің пұттарға арнап бауыздағандарыңды және Алла-ның аты аталмай бауыздалғанды жемеймін!» (әл-Бухари 4/58).
«Бисмиллә» деп айтқанына біраз уақыт өтіп кетсе (пышақ қайрайтын болса) қайтадан айтады. Бірнеше малды бірінен соң бірін соятын кісі әрбірі үшін бөлек-бөлек «бисмиллә» айтуы керек болады. Бір малды екі кісі соятын болса екеуі де «бисмиллә» айтуы керек. Егер оны айтуды ұмытса, зияны болмайды. Әдейілеп айтпайтын болса – харам.

Мал союдағы әдептер және тыйымдар
Малды мейірімділікпен сою керек, азаптауға болмайды.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады: «Алла Тағала барлық нәрсені жақсылап істеуді бұйырды. Сондықтан, малды сойсаңдар, дұрыстап сойыңдар, алдын-ала пышақты қайраңдар, жануарды қинамаңдар».
Осыған орай, мал сою кезінде келесі әрекеттерге тыйым салынады:
– Малдың көзінше жалаңдатып пышақ қайрауға болмайды, өйткені малдың да түсінігі мен сезімі бар.
– Малды екінші бір малдың көзінше союға болмайды;
– Соятын құрал өткір болу керек. Тіс пен тырнақтан басқа кез келген өткір құрал малды союға жарамды. Жүзі дұрыс өтпейтін құралмен бауыздауға болмайды, өйткені ол жануарды қинап өлтіру болып саналады. Сондықтан, малды азаптамай тез сою үшін құрал міндетті түрде өткір болу керек.
– Желкесінен бастап союға болмайды;
– Мал мен құсты электр тоғы бар құрылғы, балға, балта және тағы да басқа құралдармен ауыр жарақат тигізіп талдыруға болмайды.
Малдың жаны бойынан толық шығып болғанға дейін:
– Мойнын сындыруға болмайды. Мойнын сындырса, мал қиналып өліп кетеді де, қаны етте қалып қояды.
– Басын денесінен бөлуге;
– Терісін сыпыруға;
– Ыстық суға салып жүнін жұлуға;
– Дене мүшесінен қандай да бір бөлшегін, әлде бір жерін шауып (кесіп) алуға болмайды.
Дұрысы, қаны мен жаны шығып кеткенше жатқызып қою керек.

Мал союдың тәртібі
1. Мал сойылатын жердің таза болуына көңіл бөлу;
2. Тізе бойындай қылып шұңқыр қазылады (қанын ағызуға);
3. Сойылатын жерге малды ұрмай-соқпай апару;
4. Малдың көздері (матамен) байланады;
5. Құбылаға қаратылып, сол жағымен жатқызылады;
6. Екі алдыңғы аяғы мен бір артқы аяғы қоса байланады;
7. Пышақты малға көрсетпей қайрап келу;
8. «Бисмиллаһи Аллаһу Акбар» деп айту;
9. Малдың мойнында өңеш, кеңірдек және екі жағында екі тамырын бір мезетте кесу керек;
10. Малдың қаны толық ағып болғанша және жаны шыққанша күтіледі;
11. Мал сойылғаннан кейін сол маңайдың тазалығына да көңіл бөлу керек. Малдың қан-жүнін ашық-шашық далаға қалдырмай, көміп тастаған жөн.

 Бейбіт МЫРЗАГЕЛДИЕВ,

ҚМДБ-ның халал өнімдерін стандарттау бөлімінің меңгерушісі

0 пікір