ИБН СИНАНЫҢ ӘДЕПТІЛІК ҚАҒИДАСЫ
ИБН СИНАНЫҢ ӘДЕПТІЛІК ҚАҒИДАСЫ
12.09.2017 16:42
1199
0

 Әлемдік ғылымның дамуына ойшыл, энциклопедист ислам философиясының көрнекті өкілі Ибн Синаның қосқан үлесі айқын. Оның алдыңғы қатарлы қоғамдық философиялық ойлары әлемнің алуан тілдерінде аударылып жарық көріп келеді. Адамзат өткен ғасырлардағы рухани мұраларды жоғары бағалағандықтан ғалымның энциклопедиялық мұраларының маңыздылығы күні бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпай отыр. Кемеңгер ойшылдың шығармашылық мұрасын жете меңгеру жолында бірігіп күш салу білімді талап қылған әрбір ізденушінің борышы десек артық болмас.

Ибн Синаның шын есімі – Абу Али Хусейн ибн Абдаллах Ибн Сина. Оны Ибн Сина деп атауға тілдері келмеген еуропалықтар алғашқыда Абен Сина деп атап, кейін Авиценна деп кеткен. Сол себепті ғалым еуропалық дерек көздерінде осы атумен кездеседі.

Сонымен, Ибн Синаның этикалық көзқарастары өзінің «Сауығу кітабында», «Білім кітабында», «Сыйлық», «Саламан» және «Абсаль», «Юсуф», «Махаббат туралы трактат», «Үй шаруашылық туралы трактаты» сияқты т.б. шығармаларында көрініс тауып отырған. Ибн Сина этика мен мораль категорияларын қарастыруда адамның жасы, жынысы, мамандығы мен қызметі сияқты ерекшеліктерге көп көңіл бөлген. Жастар үшін ең жақсы қасиет қандай болуы керек және егде адамға тән қасиет қандай деген сұрақтарға ойшыл былай деп жауап береді:

 Жастар үшін сыпайылылық, өжеттілік пен батылдық, ал егде адамдар үшін – даналық пен байсалдық қажет. Егде адам басқалар үшін үлгі, кеңесші. Ол әрбір ісін асықпай, байыппен істейді.

Ғалым сыпайылыққа паңдық, менмендік пен тәкаппарлық қасиеттерін қарсы қояды. Мұндай қасиеттер ғалымның бойында жоқ болғаны мақұл. Олар ғалым адамға жараспайды. Егер адам рухани бай, ауқатты немесе ғалым болса, онда ол бойында мұндай қасиеттері жоқ адамға қол үшын беруге, оған көмектесуге даяр болуы тиіс.

Басқаша айтқанда егер сен күшті болсаң, әлсізге жәрдем ет. Егер ақылды болсаң, ақылсызға түсіндір, егер сен бай-ауқатты болсаң кедей адамға қарайлас, қол ұшын бер. Бірақ ақылы кем өзі тәкаппар адам бұлай ойламайды және істемейді де. Олардың ойынша бай адам кедейге, күшті адам әлсізге көмектеспейді. Қолында бар адам жоқ адаммен бөліспейді керісінше қолда бармен мақтанады. Дүниедегі зұлымдықтың басым бөлігі осындай ақылсыз әрі тәкәппарлықтың салдарынан орын алып келеді.

Әдептілік жөнінде айта келіп Ибн Сина аман қалу мен еркін болу үшін кімнен сақтану керек дегенде жағымпаздар мен сараңдардан сақтану керектігін айтқан. Ғалымның мұндай пікірі Құран аяты мен пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннетімен үндесіп жатқанын байқауға болады. «Кім бойындағы сараңдықтан сақтанса, міне солар нағыз құтылушылар» (Хашыр: 9).

Шәкірттердің бірі хазіреті Әлиден сараң адамның жайы туралы сұраған екен. Сонда Әли: – Сараң байлығын жұмсамайды, қажетіне де жаратпайды, сөйтіп дүниеде бәрібір кедейге ұқсайды. Бірақ, ақыретте ол байлардың қатарында тұрады, есепті де солардай тапсырады – деп сараңдықтың қандай жаман қасиет екенін түсіндірген. Өйткені сараңдық – Алла Тағаланың берген нығметін, ризығын басқа да жақсылықтарын жасырып немесе естен шығарып тәкаппарлыққа салынуды білдіреді.

Ал енді моральдың жомарттық пен ақ көңілдік категорияларына келген уақытта Ибн Синаның пікірінше кез келген адамды жомарт немесе ақ көңіл деп айтуға болмайды. Бәлкім көп адам осылай болып көрінеді немесе басқалар солай ойласын деп тырысады. Алайда шынайы жомарт болу әркімнің қолынан келмейтін қасиет. Шынай жомарт адам біреуге бір нәрсе берсе немесе жәрдем көрсетсе жаны рахат табады деген.

Сондай-ақ, Ибн Сина адамның ізденісі неде? деген сауалға жауап іздеді. Бұл сұрақ көптеген ғалымды мазалағаны мәлім. Бұған қатысты ғалым былай деп жауап береді. Адам үшін маңызды үш нәрсе бар, олар – денсаулық, қуаныш және адал дос деген. Адал дос демекші ғалымның бұл пікірін дінмен үйлесіп жатқанын көруге болады. Мысалы, Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.): «Әрбір адам жолдасының дінінде болады. Сондықтан да сендердің әрбірің кіммен жолдас екендігіне қарасын» (Әбу Дәуіт). Келесі риуаятта бір кісі пайғамбарға келіп (с.ғ.с.): – Уа, Расулалла! Жолдастың ең жақсысы қандай болады? – деп сұрайды. Пайғамбар (с.а.с.): – Достың ең жақсысы – егер атың аталса, саған болысады, егер ұмыт қалсаң, онда сені есіне алады.

Ибн Синаның талдаған негізгі этикалық категорияларының арасында «жақсылық» жасаған дұрыс па, әлде жамандықтан қашқан абзал ма? деген мәселе де болды.

Ғалым бұл сұраққа былай деп жауап беруге тырысты – жамандықтан қашу қажет. Өйткені, жамандықтан қашу – барлық жақсылық пен игіліктің бастауы. Егер жамандық жасамай одан аулақ жүретін болсаң, онда ешқандай күнә да, қылмыс та болмайды. Міне, осы кезде ғана адамдар арасында тек жақсы қатынас орнамақ. Ал адамның адал ниетпен жасаған кез-келген жақсылығы шын адамгершілік. Егер белгілі бір мақсатқа қандай да бір өзге ниетте немесе пайда көздеу арқылы жетсе, мұны адамгершілікке жатқызуға болмайды. Себебі оның бастапқы мақсаты шынайы емес. Әдетте ондай адамды Ибн Сина әдепсіз адамның қатарына жатқызады. Ғалымның тілімен айтар болсақ, әдепсіз адам өзінің пайдалы мақсаты мен жеке мүддесін ғана көздейді. 

 

 

С.У.Абжалов, философия ғылымының кандидаты 

Kazislam.kz 

0 пікір