ГӘП, ҰЛТ ҚАЗЫНАСЫНДА ЖАТЫР...
ГӘП, ҰЛТ ҚАЗЫНАСЫНДА ЖАТЫР...
08.01.2020 10:06
1693
0

Жалпақ жаһанға жау­һар жақсылық­тарымен үлгі шашып отырған жапон жұр­тының бір ғана мыса­лына жүгінейікші. Бүгінде 50 мыңнан астам жапондық 100 жылдық ғұмыржас межесінен емін-еркін, емен-жарқын аттап өтіп отыр. Енді 15 жылдан кейін бұл елдегі ұзақ жасаушылар миллионнан асып жығылмақ. Мұндай ғажап әлемнің басқа ешбір елінде жоқ.

Ал ұзақ өмір сүрудің құпиясы мынада: жапон­дықтар қарым-қатынас кезінде бір-бірін ренжітпеуге, көңіліне қаяу салмауға тырысатын жер бетіндегі жалғыз халық екен. Нақ осындай қадамы құтты елді әлем картасынан табу қиын. Экономиканың кереметін біз солардан көріп отырмыз. Күріш егетін, қала салатын ұлтарақтай жері де қалмады. Оларда табиғи байлық деге­ніңіз атымен жоқ. Осыған қарамастан жапон­дықтар жаһандағы ең бай ұлт саналады. Байлыққа жеткізген де — ақыл-парасат пен ғылым-білімі. Ал енді осы ғажайып жетістіктерді ежіктеп айтып отыруымыздың себебіне келейін.

Гәп жоғарыда айтқан ұлт қазынасында жатыр. Тұтас елдің табыстылығының құпиясы сол, жапондықтар өз ой-пайымда­рын тізгіндеп ұстауды үйренді. Теріс ойлар әңгімелесіп отырған адамның көңілін бұзып, жүйкесіне тиіп қана қоймай, оның денсаулығына, болашағына нұқсан келті­ретінін жақсы білгендіктен, олар балағат, дөрекі сөздерді өз тілдерінен мүлдем тыйып тастапты. Жапондықтардың көп жасауы­ның ақиқат сыры, міне, осында. Бір-біріне деген ілтипат-ізгілікте, сыйластықта.

Ізет пен ілтипат, сыйлағанның құлы болу, шынына келгенде, қазақтан қалған. Дала­дай дархандық та, кең пейіл де, ер көңіл де, жалғыз атын жолаушыға сойып салар қонақжайлық та, зият тектілік те қазақ­тың сүйегіндегі қазыналы қасиеттері екендігі бүгінде төрткүл дүниеге түгел мәлім-ау. Бағзыдан бергі салт-санасы, әдет-ғұрпы, дәстүр-жоралғысы, тәлім-тәр­биесі, даналық сөздері — бәрі-бәрі қазақ­тың азбас-тозбас, сарқылмас асыл қазына­сына жатады. Осының бәрі, сайып кел­генде, Елбасы айтып жүрген интеллек­туалды ұлт қалыптастырудың негізі, адам капиталы­ның алтынға айырбасталмас әзиз құнды­лық­тары болып табылады. Олай болса, қазақ қазынасын игерейік, ағайын! Ұзақ ғұмыр да, ырыс-береке де ұлт рухы­нан, ұлт­тың ақыл-парасаты мен жан-жүрегінің қай­нарынан шығатынын әсте қаперден шығармайық.

 

 Қор­ған­бек Аманжол

 

 

0 пікір