Ескерткіш белгі бой көтерді
Ескерткіш белгі  бой көтерді
17.08.2018 16:11
2018
0

Өткенге құрмет көрсетіп, бүгінгі ұрпақ перзенттік парызын орындады Міне, облысымыздың белсенді азаматтарының ұйытқы болып ұйымдастыруымен халықтың санасына рухани білім мен діни ілімнің сәулесін шашқан тарихи тұлғамыздың бірі  болған Ақбалық (Әбділда) Хазіреттің басына Павлодар облысының белсенді  ақсақалдарының атсалысуымен үлкен еңселі ескерткіш белгі орнатылды. Мұндай тұлғаларды дәріптеу, есімдерін жаңғырту – болашақ ұрпақ үшін үлкен маңызға ие  болатыны сөзсіз. Баба аруағына арналған кесене тұғырлы өз орнын тауып, қасиет иесінің жатқан жеріне қойылды. Бұл ел азаматтарының өткенге құрметі, тамыры тереңде жайылған еңселі ел екенінің тарихи бір дәлелі болмақ. Алдағы уақытта кесененің  салтанатты ашылу рәсімі болып, аруақтарға арналып құран оқытылып, ас берілмек.

Қасиетті мекенге орнатылған бұл рухани ескерткіш белгі  «Туған жер жобалары» аталмыш жобасына мұрындық болып, «Ақбалық хазіреттің басына белгі қою жобасын ұсынушы, әрі экспедиция тобын ұйымдастырушы, «Әбу Ханифа» қорының атқарушы директоры, облыстық ардагерлер кеңесінің президиум мүшесі  Кенже Кенесбаев қажының жұмылдыруымен бастау алды. Сөйтіп, 30-ға тарта ардагерлерден құрылған топтың ұйытқы болуымен іске асқан игі шара   ел мерейін бір көтеріп тастады. Кесене Май ауданындағы Түндік өзенінің бойында Ақбалық хазіреттің жатқан жерінен орын тепті.

Былтырдан бері бұл топтың әртүрлі тақырыптық деңгейдегі атқарып жүрген іс-шаралары шаш етектен. Құрамында Павлодар облысының ардагерлер кеңесі төрағасы Рымтай Шөкейұлыныңбас болуымен, облыстың белгілі де белді Сапарғали Байболатов, облыстық “Ауыл” партиясының төрағасы Ермат Байғұрманов қажы, Әбілқақ Түгелбаев қажы, Исенов Нариман қажы, Абылай Жантурин қажы, Рашит Бектеміров, Социал Әйтенов, Қайыртас Нұрғалиев қажы,  ф.ғ.д. профессор Бекен Сағындықұлы сынды азаматтары бар, сондай-ақ, ақтоғайлық ардагер Бағия Мырзатаева, жорналшы, қажы Амантай Тойшыбайұлы сынды ұрпақ жанашырлары облыс аудандарының көне тарихи және киелі қасиет орындарын аралаған-ды.

Май ауданы бойынша жорықтың өкілі ретінде  өңірді жақсы білетін, Май елінің тумасы Ермат Байғұрмановты көмекшілерімен  сапардың жұмысын ұйымдастыруға жауапты етіп сайланып,  ардагерлер бастаған топ мүшелері мен барлық қатысушы  өкілдеріне жобаның картасын ұсынған еді. Топ саяхатшылар тағы да бір ірі тарихи тұлға Ақбалық хазірет жөнінде мағлұматтармен қаруланып,  бір кітапқа жетерлік  дерек алынды. Бұл кітапқа арқау болып отырған қасиет иесінің қандай адам болғандығы, әулиелігімен аңызға айналғанын түрлі  мағлұматтардан жинақталып, бастау алған еді.

          Осыдан барып, зерттеу мен насихаттауды аса қажет етіп, басына белгі орнату жөнінде ұсыныстар айтылып,  қасиет иесін халыққа таныту мақсатындағы игі бастаманы қолдаушылардың қатары молайып, Павлодардағы Орталық МәшҺүр Жүсіп мешітінде жоба ұйымдастырушылары Ақбалық (Әбділда) Хазіреттің аруағына арнайы дұға бағышталып,  бірнеше отырыс-жиындар өткізіліп, қорым басына қойылатын белгінің кескін, сызба-нұсқасы да дайындалған еді. Осы жиынға облысымыздың беделді азаматтары Идият Әбдіқалықов, Нұрлан Набиев, Әбілқақ Түгелбаев, Сапарғали Байболатов, Ермат Байғұрманов, Рамазан Керімбаев, ақсақалдарымыз қажы Құдайберген Пішенбаев, Қадыр Ажымұратов, наиб имам Қанат Қабаев, қажы Қисамиден Кенесбаевтар қатысты. Аталмыш жоба бүгінде іске асып, аяқталып, оң нәтижеге жетіп, Ақбалық хазіреттің басына зәулім ескерткіш-кесене орнатылып, қорымы қоршалды.

Жобаны жаңғыртуда бастамашылық жасап, ұйымдастырудың басы-қасында бірге жүріп, елді жұмылдыруда Павлодар облысы Май ауданының әкімі Ардақ Қаңтарбаевтың  жасаған еңбегі мен Май елінің  көптеген еңбекқор азаматтары асар жасап, хазірет бабаның басында қона жатып күн-түн демей еңбек атқарып осындай нәтижеге жетті.

 - Жалпы, Май өлкесінде тарихта есімдері қалған батырлары мен қасиет иелерінің еңбектері мен ерліктері ерекше айтылады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған осы бір бабалар аруағына арналған белгі  ескерткіш игі шараның қоғамдық маңызы зор. Өйткені, бүгінгі жаһандану заманында ұлттық құндылық артып келе жатқан, әсіресе, рухани байлықтан шөлдеп, салт-дәстүрден ажырап, бара жатқан жас ұрпаққа қалқан болатын ұлттық идеологияны қалыптастыру – маңызды іс. Әсіресе, еліміздегі шежірелі көне тарихи орындарды, қасиетті киелі мекендерді дәріптеудің, оларды халыққа насихаттаудың маңызы ерекше деп санаймыз. Өткенді қастерлеп, ұлттық болмысты айқара ашу – болашаққа ашылған жол болмақ. Осы арқылы рухани тәлім-тәрбие өзегін беріп, ұлттық сананы кеңейтіп, ізгілікті игілікке жол сілтейміз.

Жалпы қазақ баласы өзінің туып-өсіп, кіндік қаны тамған жерін киелі санаған. Біздің ата-бабаларымыз  табиғатпен тілдесіп, оның тылсымын жақсы түйсінген.  Міне, осы тұрғыдағы кең тақырыптарды қозғап, туған жерге деген сүйіспеншілігіміз бен құрметімізді арттыру мақсатында  облысымызда киелі жерлердің тарихын зерттеп, оны жүйелі түрде халыққа насихаттау үшін Елбасының: «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде республика көлемінде  бастау алған ауқымды 6 негізгі: «Қазақстанның киелі жерлері», «Туған жер жобалары», «100 жаңа есім», «Жаһанды әлемдегі қазіргі қазақ мәдениеті», «Мектебіме тағзым» сияқтыұлттық бірлікке шақырып, ұлттық сананы жаңғыртатын 60-қа жуық жобалар құрылып, оны іске асыруда 600-ден астам іс-шара өткізілді. Облыстағы шараларға былтырдан бері статистикаға сәйкес 500-ге тарта адам қатысса, соның бір құрамды бастамашыл тобы – көп игілікті істерге арқау болып жүрген біздің облыстың ардақты ардагерлері мен зиялы қауымының өз ықтиярларымен құрылған белсенділері-дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Р.Шөкеев.

Қоғамға жүктелген міндеттердің қай-қайсы болмасын облысымыздың ардагерлері белсенділік танытып, мінсіз атқарып келеді. Көтерер жүгі аз емес аталмыш ұйым республика көлемінде   1млн. 845 мың ардагердің басын қосып отырса, соның 16000-нан астамы облыс көлемінде 785-ке тарта бас тауыш ұйымға біріктіріліп отыр.  Егемендік алған ширек ғасырдан астам уақытта ардагерлер құрметті әрі абыройлы бірлестікке айналып, тәуелсіздікті нығайтуға сүбелі үлесін қосуда.Зейнет жастағы аға буын өкілдері  белсенділік өмірге араласып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси өміріне етене араласып келеді. Әсіресе, жастарға үлгі боларлық патриоттық-адамгершілік тұрғыдағы игі істердің бас тарын қайтаруда. 

Мысалға, өткен жылдың қыркүйек айында Шарбақты ауданында «Келдіқыз» жайлауындағы Ислам дінін насихаттаушы Ғабдул Уахит  хазіреттің кесенесіне ардагерлер ат басын тіреп, Таймас Әулие, әуелде «Әулиекөл» деген атымен әйгілі болып келген қазақ тарихындағы орны ерекше саналатын Өлеңтінің сағасынан ұлан-байтақ жерді алып орын тепкен Ақкөл-Жайылма жеріне екі мәрте барып   «Исабек Ишан» хазірет зиратын, Әулиекөлдің жағасындағы Түйте Әулие ескерткішін, «Асан қайғы тасын», Шідерті өзенінің бойындағы Сағынайдың асында атақты Құлагерді сынаған Күреңбайдың бейітінде болып, дұға бағыштады. Жергілікті халықпен емен-жарқын кездесіп, жобаның бағыт-бағдары мен басты мақсатын көпшілікке түсіндірген еді.

Ақтоғайдағы әулиелі Бекбау ата мазары, талант иесі, қазақтың біртуар ұлы Естай Беркімбайұлының қорымына, ауылдық жасөспірімдерімен Ақтоғай ауылында жерленген зерттеуші ғалым, Солтүстік Мұзды Мұхитты зерттеу барысында тұңғыш жаңалық ашқан Евгений Гернеттің бейітінің басына барып гүл шақтарын қойып, зиярат етті.

Май ауданындағы дөңгелек орналасқан Ақшиман тауларының ортасында қалмақтың қалың қолын Олжабай, Малайсары басқарған қазақ әскерінің айламен, «тырп» еткізбей қалмақтарды аштан қырғандығымен «Қалмаққырылған» деп аталып кеткен таудың тарихы бір ұлы көрініс.  Дін жолына түсіп, имандылықты паш еткен, емшілікке бой ұрып, қайтыс болғанға дейін жаратылыстың өзіне берген қасиеттерін халықтың игілігіне жұмсаған Қайса атаның басына да  барып құран бағышталынды.

Зиялы топ мүшелері қай аймақта болмасын сол жергілікті жердің белгі, ескерткіш-тақталарын аралап, мектептеріне бас сұғып,  мұражай-кітапханаларда жас өскіндермен, халқымен жүздесіп, жергілікті туған ауылдарынан шыққан соғыс ардагерлері, ақын-жазушылары, басқа да белгілі тарихи тұлғалары төңірегінде әңгіме-сұхбаттар өткізуді басты тақырыптарының негізі етеді.

Ұлтымызды имандылыққа ұйытып, халқымызды игілікке бастап, асыл дініміздің абыройын асқақтатқан дін жолындағы қажырлы қызметтері мен қоғамдағы елеулі еңбектерін көпшілік көріп отыр.Бұл жасалып жатқан игілікті бастама, ертеңгі жас ұрпақ үшін  қасиетті жеріміздің киелі орындарының тарихын біліп өсіп, келешегін ұлттық тамырымен байланыстыратыны сөзсіз.

Биыл жалпы, Павлодар облысы бойынша мерейтойға толы жыл болып отыр. Жаз бойы елімізде облыс басшысы Болат Бақауовтың бастамасымен республика көлемінде көптеген игі шаралар ұйымдастырылып, ұлт мақтаныштары болған С.Торайғыров, Естай Беркімбаев, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Мұса Шорман, Бұқар бабаларымыздың есімдері ұлықталуда. Жуырда ғана өнер саңлақтары, ғалым-жазушылар, қоғам қайраткерлері барлығы 70 алыс-жақын шетелдер мен Қазақстаннан келген қонақтарының басын қосқан республикалық дәрежедегі «Ұлы дала елі» этнофестивалі өтіп, халықаралық көрме ұйымдастырылып, әсем әнімен, күмбір күйімен, жыр-дастандарымен Ертістің толқынын бір серпілтіп, ұлы даланың жаңғырығын Сарыарқаға әуелетті. Бұған да біздің белсенді ардагерлеріміз біркісідей атсалысты.

Тағы да бір сүйінші хабар, осы мақалаға арқау болып отырған Май ауданының тумасы, қоғам қайраткері, ғалым, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Жабайхан Мүбаракұлы Әбділдиннің шашулы да баталы сөзімен ашылған «Ақбалық Хазірет» кітабы жарық көрді. Бұл кітаптың шығуына байланысты арнайы  редколлегия алқасы құрылды. Кітаптың редакторы – Бағлан Ғабдышүкірқызы. Кітапты жазуда Рашит Бектеміров, тарихшы-тіл мамандары мен Ақбалық хазіреттің Қаныш Сабыров, Мәуия Зәкарияқызы, т.б.туыстары, алқа мүшелері қатысып, іздену жұмыстарын жасап, еңбектенді.

      ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, республикалық танымал жазушы Рамазан Тоқтаровтың  «Абайдың жұмбағы» романында Май ауданының тумасы, ділі мықты, діни сауатты, мешіт-медресе ашып, ислам дінін насихаттаған Ақбалық хазіреттің (Әбділда) өмірі мен оның адами, адамгершілік қасиеті жайлы, оның үзеңгілес болған Мұса Шорман, Құнанбай,Абай, Шәкәрім сияқты танымал тарихи тұлғалармен бір қатарлас, жақын екендері айрықша суреттеліп,  және ел аузындағы сақталып келген деректерге  сүйенілді.

-      Біз дамыған 30 елдің қатарына кіру табалдырығындамыз. Барлық дамыған елдер, ең бастысы, мәдени құнды мұраларымен, өркениетімен ерекшеленген. Былтырдан бергі Елбасының ұсынған рухани даму бағдарламасы осы жобаларды жаңғыртуға басты негіз болып, еліміздегі қасиетті жерлерді ұлттық құндылықтар қатарына енгізу болып табылады. Өйткені, еліміздегі қасиетті нысандар барша қазаққа ортақ құндылық. Бұл үшін иық көтеріп, жұмыла іс атқарып жатқан ардагерлер қауымының игілікті бастамалары   бір үлкен төбелі іс. Соның бірі осы әлі де сыры мен үні ашылмаған Ақбалық хазірет еді, -дейді осы жобаны ұйымдастырушы қажы Кенже Кенесбаев.

Өткенге бұрылудың арқасында, халықтың өшкені жануда. Ата діні мен баба салтына бекем ел руханияты өз тұғырына қонып, қуанышы молаюда. Жер-жерлерде менмұндалаған күмбезді мешіттер саны артып, құбылаға жүз бұрған иманды жан да көбейгені – рухани жаңғырғанымыздың белгісі болар? Бұл жас ұрпақтың туған елге, өскен жеріне деген патриоттық сезімін нығайтуға ықпал етуі тиіс.

 

Ләззат Теміртасқызы. Павлодар қаласы.

 

 

 

0 пікір