ЕРШАТ ОҢҒАРОВ: ЗАЙЫРЛЫЛЫҚ ДІНДІ ШЕКТЕМЕЙДІ
ЕРШАТ ОҢҒАРОВ: ЗАЙЫРЛЫЛЫҚ ДІНДІ ШЕКТЕМЕЙДІ
11.02.2019 13:00
223
0

Қазақстан тәуелсіздігін алған бойда өзін зайырлы һәм демократиялы мемлекет деп жариялады. Ал, егеменді ел болып, еншімізді алған жылдардан кейін жалпы халықтың ислам дініне деген бетбұрысы ерекше болды. Қанша атеистік қоғамда тәрбиеленсе де, мұсылман болып туған жүрегі Құдайды іздеп тұрды. Бірақ, Құдайсыз қоғамның тәрбиесінен кейін ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін көпшілігі айыра алмай абдырап қалды. Осы сәтті түрлі ағымдар мен діни секталар өз пайдаларына шешуге жанталасып бақты. Әлі де солай жасауда. Соның салдарынан дәстүрді, мәзһабты мойындағысы келмейтін топтар пайда болды. Бұл қоғамды алаңдатарлық жағдай. Осы бір көңіл алаңдатарлық мәселелерге қатысты ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің хатшысы, PhD докторы Ершат Оңғаровқа бірнеше сауал жолдаған болатынбыз.

 

– Осыдан біршама уақыт бұрын елімізде республикалық ақпараттық-насихат тобыныңқұрылғанын білеміз. Бұл топтың бүгінгі таңда жұмысы қалай жүріп жатыр? Оң нәтиже бар ма?

– Бүгінде елімізде діни ахуал біршама тұрақтанып қалды. 1990 жылы құрылған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы дінімізге қызмет етіп, еліміздің бірлігі жолында жұмыс істеп келеді.

Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары рухани тұтастығымызға сызат түскені рас. Оның себептері де аз емес. Бірі, таза исламның атын жамылған жат ағымдардың идеологиялық шабуылы мен диверсиялық әрекеттері болса, енді бірі, діни сауаттылықтың аздығынан туындаған қоғам дәрменсіздігі. Сол себепті, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ел арасында жат ағымдардың таралуының алдын алып, халыққа дәстүрлі исламның құндылықтарын жеткізу мақсатында 2013 жылы арнайы Республикалық ақпараттық-насихат топтары (РАНТ) мен Жергілікті ақпараттық-насихат топтарын (ЖАНТ) құрды.

Бүгінде РАНТ мен ЖАНТ ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Дін істері комитеті, Облыс әкімдіктері, Дін істері басқармалары, мемлекеттік емес ұйымдармен байланыса отырып жемісті жұмысын жүргізіп келеді. Ақпараттық топтар мүшелері 2013 жылы 299 500 тұлғаны қамтыса, 2014 жылы оның саны 1 068 005 тұлғаға көтерілген. 2015 жылы РАНТ мен ЖАНТ мүшелерінің қатысуымен 41 517 кездесу өткізіліп, 1 648 163 азамат қамтылды. Ақпараттық жұмыстың тағы бір нәтижелі корсетіші 802 тұлғаның жат ағымдардың жетегінен дәстүрлі жолға қайтуы. Сонымен қатар, топ мүшелерінің қолдануына арналған «Дін – насихат» әдістемелік құралы жарық көрді.

  – Жақында «Ислам және зайырлы қоғам» тақырыбында үлкен конференция өтті. Жалпы зайырлылық пен дін қалай сабақтасады?

   – Иә, бұл басқосуға жоғарыда айтқан РАНТ мүшелері, ЖАНТ белсенділері, ҚМДБ-ның Ғұламалар кеңесінің мүшелері, Сарапшылар кеңесінің мүшелері, дін қайраткерлері және еліміздегі зиялы қауым өкілдері қатысты. 

Зайырлы қоғамдағы мемлекет пен дін арасындағы өзара байланыстың орнын айқындау, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға қатысты іс-шараларды ұйымдастыра отырып, Қазақстан мұсылмандарының біртұтастығын қалыптастыру, діни радикалды идеология және олардан келетін қауіп-қатермен қоғам болып күресудің әдіс-тәсілдерін меңгеру, рухани құндылықтарды насихаттау, дін мен зайырлықты үйлестіру осының барлығы  конференцияның негізгі міндеттері болды.

Қоғамда әлі күнге дейін зайырлықты әртүрлі түсіндіреді. Оны ислам дініне қарама-қайшы қоятын жат ағымдар мен қоса, «зайырлықта діннің элементтері болмауы тиіс» деп оны атеизмге балайтын түсінік те жоқ емес. Конференцияда «Мемлекет және дін», «Ислам және тарих тағылымы» және «Дін - насихат» деген үш секциялық жұмыс жүргізілді.

«Мемлекет және дін» секциясында өзіңіз сұрап отырған зайырлылық пен діннің сабақтасатын нүктесіне назар аударылды. Біз – зайырлы елміз. Зайырлы ел – дінсіз ел дегенді білдірмейді. Керісінше, азаматтардың діни сеніміне еркіндік беріледі.

Жалпы зайырлылық пен дін  қалай сабақтасады деген сауалыңызға Қасиетті Құранның «Бақара» сүресі толық жауап бере алады. Онда: «Адам баласын дінге мəжбүрлеп кіргізуге рұқсат жоқ. Тура жол мен адасудың жігі ажыратылған. Кімде-кім жалған ілімнен бас тартып, Аллаға иман келтірсе, ешуақытта сынбайтын берік тұтқаны мықтап ұстағаны. Алла барлық нəрсені Естуші, Білуші» деп əрбір адам баласына ар-ождан бостандығы берілгені жөнінде айтылады.

Кез-келген зайырлы мемлекет дінді жоққа шығармайды. Өз азаматтарының сенім бостандығына нұқсан келтірілмейді. Азаматтардың таңдауына сəйкес, діни ұстанымдары заңмен қорғалады. Зайырлы қоғамда ұлттар мен ұлыстар діни сенімі бойынша бөлінуіне жол берілмейді.

Дінді ұстану – қоғамнан бөліну деген сөз емес. Керісінше, иманды адам қоғамның дамуына, халық арасында ізгілік, адамгершілік, отансүйгіштік сынды құндылықтардың нығая түсуіне үлес қосуы тиіс.

– Соңғы уақыттары дінге бет бұрғандар арасында дәстүрді дәріптемейтін, мәзһабты менсінбейтін топтар пайда болған секілді. Бұған не дейсіз?

– Тарихымыздан белгілі жайт: Әбу Ханифа мәзһабы Орталық Азияда үстемдікке ие болды. Ханафи мектебінің белді өкілдері, мысалы, имам Мұхаммед әл-Бұһари, Әбу Мансұр ас-Самарқанди, Әбу Мансұр әл-Матуриди, Әбу Насыр әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Иасауи, әс-Сарахси, Әли ибн Осман әл-Уши секілді т.б. ғұламалар мұсылмандық дәстүрлі мектептің қалыптасуына зор ықпал етті. Әлемдік деңгейде танылған ғұлама-ғалымдарымыз бен олардың орасан еңбектері күллі мұсылман үмбетінің мақтанышына айналды. Бүгінде дүниежүзі мұсылмандары Орталық Азия мұсылмандарын жоғарыда аты аталған ғалымдардың тікелей ұрпақтары деп санайды. Бізге берілген бұл мәртебе баршамызға зор жауапкершілік жүктейді.

Қазақ хандығы Алтын Ордадан бөлініп шыққан кезде діні мен дәстүріне берік мемлекет ретінде өз іргесін қалады. Осы кезеңде дін мен дәстүр өзара үйлесім тапты. Халқымыздың тұрмыс-тіршілігі шариғат аясында орындалып, дәстүрлі ислам жолы қалыптасты. Ел басқару, қазылық жасау қызметтерінен бастап, күнделікті істерде де шариғат үкімдері басты назарға алынып отырды. Әбу Ханифа жолын ұстанған бабаларымыздың өмірі бізге қашан да өнеге болуы шарт.

Мүфтият үстіміздегі жылды «Дін және тарих тағылымы» жылы деп жариялады. Осынау игі бастама аясында ата-бабамыздан қалған асыл жауһарларды қайта жарыққа шығарудың орайлы сәті, мол мүмкіндігі туып отыр. Әлем кітапханаларының сирек қорларында шаң басып жатқан ескі кітаптарды жарыққа шығарып, халықтың игілігіне ұсынсақ, жоғарыда өзіңіз айтқан дәстүр мен мәзхабқа қырын қарап жүрген бауырларымыз біраз ойланар деген ойдамыз. Бүгінде діни басқарма «Дәстүрлі Ислам жауһарлары» атты кітап дайындауды қолға алып жатыр.

– Бүгінгі қоғамдағы дін қызметкерлерінің келбеті қандай болуы керек? Оларға қойыларқандай да бір талаптар бар ма?

– Қай заманда да қазақ қоғамында діни үкімдерді жүзеге асыратын – ауызы дуалы абыздар мен дін қайраткерлері болған. Мәселен, дәстүрлі исламды уағыздаған кешегі Марал Ишан, Науан Хазрет, Сәдуақас Ғылмани сынды діни қайраткерлер әлі күнге ел есінде. Құдайға шүкір, бұл үрдістің жібін үзбей жүрген қазіргі қоғамда имамдар мен ғалымдарымыз бар.

Бүгінде діни басқарманың құрамында 600-ден астам жоғары білімді, 1000-ға жуық орта білімді азаматтар қызмет етеді. Имамдардың білімін ұдайы жетілдіріп отыру – басты назарда. Өйткені, бүгінгі дін қызметкері заманның ағысынан, уақыттың талаптарынан әсте қалыс қалмауы тиіс.

Сонымен қатар, олардан уақытпен үндесіп, үнемі өздерін дамытып, діни һәм зайырлы біліммен сусындап отыру талап етіледі. Жуырда 2 жылға созылған 3 мыңнан астам имамдарды сараптамалық аттестациядан өткізіп, білім деңгейі анықталды. Сынақтан сүрінген дін қызметкерлері қайта даярлау курсынан өтетін болады.

Өткен жылы І республикалық имамдар форумында «Бүгінгі имамның келбеті», «Дін қызметкерінің этикасы» атты тарихи құжат қабылданды. Бұл құжаттардың мақсаты – өз заманына лайық имамдар тобын дайындау. Қоғамда дін қызметкерінің беделін  арттыру.

Сұхбаттасқан

Олжас СӘНДІБЕК

Дереккөз:e-islam.kz

 

0 пікір