Дүниеде не қатты?
Дүниеде не қатты?
07.08.2019 09:29
1334
0

Нағыз қабыл болған садақа – риясыз көңіл, шын пейілмен берілген садақа. Жалпы садақаны жасырын беруде үлкен мән бар. Әуелгісі, риясыз көңіл, ықыласты түрде бере білу болса, екіншісі, садақаны алушының көңілін ренжітпеу. Ел-жұрттың білмеуін қалайды. Сондықтан ауқатты мұсылманға бауырына жасаған жақсылығын құпия жасағаны абзал. Хақ Тағала осыны ерекше бағалайды. 

Алла Елшісі былай дейді: «Алла Тағала жерді жаратқан кезде жер (құрма ағашының әрі-бері тербелгеніндей) тербеле бастады. Сол сәт тауларды тірек етіп, жердің тербелуін тоқтатты. Періште біткен таулардың мұндай беріктігін көріп таңданысты. Іле-шала таңданыстарын жасыра алмай: 

- Уа, Раббымыз! Таулардан да қатты нәрсе жараттың ба?- деп сұрайды. 
- Иә, темірді жараттым.
- Темірден де қатты нәрсе жараттың ба?
- Иә, отты жараттым.
- Оттан да қуатты нәрсе жаратып па едің?
- Иә, суды жараттым.
- Судан да қатты нәрсе жаратып па едің?
- Иә, желді жараттым.
- Желден де күшті нәрсе жаратып па едің?
-Иә, дейді Алла Тағала,- «Адам баласын жараттым. Егер ол оң қолымен берген садақасын сол қолы білмейтіндей көрер көзден тасалап, жасырын берсе (одан да қуатты)»,- дейді .

 Түптеп келгенде адам болмысына сіңісті әдеттің бірі – сараңдық. Һәм біреуге үстемдігін көрсетіп, іс-әрекеті арқылы елге даңқын шығару да соған тән. Құпия түрде садақа беруі оның өз бойындағы пендешілігін жөнге салып, ниетін дұрыстамақ. Сол себепті Қиямет күні риясыз садақа беруші де Хақтың қамқорына алынбақ.

 

0 пікір