ДІН ҰҒЫМЫ – ҚАЗАҚ ҒҰЛАМАЛАРЫНЫҢ КӨЗҚАРАСЫМЕН
ДІН ҰҒЫМЫ – ҚАЗАҚ ҒҰЛАМАЛАРЫНЫҢ КӨЗҚАРАСЫМЕН
10.08.2022 10:09
544
0

Дін – адамзат тарихында жаратылысынан бері бар әрі барлық дәуірде адаммен бірге жасасып келе жатқан ұлы күш. Адамның ішкі сұранысында әлденеге сеніп өмір сүру әуелден бар қажеттілік. Сол себепті діннің адамзатқа ықпалы қазір де өз күшінде. Адамзат тарихында жекелеген дінсіз адамдар болғанымен, дінсіз қауым, дінсіз қоғам болмаған. Қазірге дейін шамамен 10 мыңнан аса дін мен діни наным-сенімдер пайда болған. Жер шарында 8 миллиардқа жуық адам болса, солардың 85%- нан астамы қандай да бір діни сенімді ұстанады. Ал 50%-нан астамы христиан діні мен ислам дінін ұстанып өмір сүруде. Ғалымдар өлімге шара табылмайынша, дінге деген мұқтаждық жойылмайтынын айтады. Кезінде дін бар болғаны сауатсыздықтан, табиғат күштері мен өмірдегі қиындықтардың алдындағы шарасыздықтан туындағанын айтушылар да болған. Бірақ уақыт көрсетіп отырғандай қазір жан-жақты дамыған әлемде де дін өмір сүріп келеді.

    Дін – адамзат қоғамының ажырамас бөлшегі. Ал осы дінді қазіргі күнде қалай түсінудеміз. Ислам теологиясына сүйенер болсақ дін мен ислам бір-бірінен ажырамайтын егіз ұғым. Барлық діндердің мақсаты – адамзатты ізгілікті іс жасауға шақыру. Ал барлық діндердің ұқсасы – барлығында ақырет, жұмақ, тозақ секілді құбыластар кездеседі.

 Ислам дінінде ең алғашқы түскен сүре Алақ сүресі «Иқра» яғни «оқы» деп басталады, сол себепті білім алу мұсылман адамға парыз деп түсініп жатамыз. Ислам бейбітшілікті қалайды деп жер-жерде түрлі деңгейде конференциялар өтіп жатыр. Бірақ неге ислам дінінің алғаш тамыр жайған жері Таяу Шығыста әлі күнге дейін қантөгіс пен аштық, ауру мен бесіктен белі шықпаған балалар қалам алуға емес қаруға асығады. Ол жақты алмай-ақ өзімізге келер болсақ: мен әлхамдулиллах мұсылманмын деп өз ата-бабасының ұстанған салт-дәстүрін жоққа шығарып, қыз баласын қаласын қаламасын тұрмысқа беріп құтылуға асығатын келте балақты діншіл азаматтардың қатары көбеюде. Әдебиетімізді ашып қарар болсақ «намазхан» деген сөзді таппаймыз. Бірақ намаз оқитын мұсылман жамағатын көрсе «намазхан бауырлар» деген тіркес қосыла айтылатын болып жүр.

Әлеуметтік желі арқылы Құдайдың атын пайдаланып қалың бұқараның қалтасындағы соңғы тиынына дейін алдап тартып алып жатқан оқиғалар қаншама. Осы оқиғалардың барлығы Шәкәрімше айтқанда: «Жаман тәпсір жайылып жер бетіне, дін десе тұра қашты есті азамат» дегеніндей көптеген адамдардың діннен жерінуіне алып келуде.

 Ал шын мәнінде дін дегеніміз не? осы ұғымды қазіргі күнде кім қалай түсінуде және кезінде ата-бабамыз қалай түсінді, осы сұрақтарға жауап бере кетуді жөн көрдік.

Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с) мақтаған адам бойындағы асыл қасиеттің бірі сабырлылық, ұстамдылық. Ежелгі Баласағұн қаласынан шыққан ақын Жүсіп Баласағұн «Құтты Білік» атты еңбегінде жыр жолдарымен былайша жеткізіпті:

«Сабырлы бол, сабыр бастар мұратқа!

Күйіп-пісіп, өзіңді отқа құлатпа

Қай істе де жоғалтпағын сабырды

Ұстамдылық үйірер мал бағыңды» деп сөзден маржан түзіпті. Ақыл іздеген жанға осы жыр дастанды ұсынар едік. 

 

Қ.Қосмаханов, 

Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ маманы

 

0 пікір